- Advertisement -

Ұлға дұрыс тәрбие бермесек, Тұлға қалай шығады?

49

- Advertisement -

(Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолданған депутаттық сауал)

Біз Ұлттық идеология мен Ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау қажет. «Менің мемлекетім, менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына қалайда ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк, тәйт» деген тыйымдарымен емес, негізінен «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр.

Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына жаппай қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық, жалбақтау мен жарамсақтық орнықты. Еңбек ету, адал мал табу, Отанға, елге, МЕМЛЕКЕТКЕ адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, Әділет, Ар, Ұят ұғымдары кейінге ысырылып қалды.
Өз ордасын өзі талқандайтын, өз мүлкін өзі ойранға салатын, бұл әрекеті үшін бір сәт те ойланбайтын қаныпезерлік қайдан шықты? Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, өз дегендерінен шықпайтын, қыңыр да қырсық, тоңмойын ұрпақ неге көбейді? Елшіл, мемлекетшіл, ертеңшіл толқын қайда? Ұлға дұрыс тәрбие бермесек, Тұлға қалай шығады?

Құрметті Әлихан Асханұлы!
Былтыр Сенатта Ұлттық құндылықтар туралы парламенттік тыңдау өткізілді.
Сенат бес құндылықты – атап айтқанда, тәуелсіздік және тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік мәселесін қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарды. Үкіметке, тиісті министрліктерге ұсынымдар берілді. Соның бірде біреуі назарға алынбады. Айтылған сөз айтылған жерде қалды.
Сізден сол парламенттік тыңдау материалдарын Үкімет мүшелерінің бәріне таныстыруды және соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін!
Үкімет жұмысынан бір нәрсені байқаймын. Байқаймын да басымды шайқаймын.

Үкімет мүшелері өз жұмысын бөлек-бөлек істейді. Әр ведомство өз көрпесін өзіне қарай тартады. Ортақ бағыт, ортақ жоспар, ортақ үйлесімді іс-қимыл жоқ. Осы ретте бірнеше министр бірігіп істейтін бағытты көрсеткім келеді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров мырза! Ұлттық идеология мен Ұлттық тәрбиенің көрініс табатын жері – теледидар. Бұқаралық ақпарат құралдары. Қазақстанның ақпарат кеңістігі қаптаған шоу мен мәні мен мағынасы шамалы телехабарларға толы. Барлық телеарна рейтинг қуу ісімен айналысып кеткен. Жаңалық атаулы кілең негативтен тұрады. Ұлттық мемлекет құрып жатқанда ешқандай да «рейтингтің» керегі жоқ! Елдегі бірқатар жетекші арна мемлекеттік тапсырыс арқылы бюджеттен тікелей қаржыландырылып отыр. Ендеше, «рейтинг» не үшін керек? Керек болса, рейтингтің жарқын үлгісін марқұм Бейсен Құранбек көрсетіп кетті. Оның «Айтуға оңай», «Қарекет» атты бағдарламалары министрліктер атқара алмаған қаншама әлеуметтік мәселені шешіп берді. Қазір қайда сондай хабарлар?
«Еларна», «Тәлім ТВ» арналарын жасөспірімдер мен жастар арнасы етіп қайта құруды ұсынамын. Бізде «Балапан» арнасынан басқа 10-18 жасқа дейінгі өскелең ұрпаққа арналған бірде-бір телеарна жоқ деген еді Президент! Сол сөзді айтқалы әлі ештеңе жасалған жоқ. Осы жастағы ұрпақ технологиялық, индустриялық, инновациялық саясаттан мүлдем хабарсыз. Кезінде қазақ жастарын техникалық білімге баулыған «Білім және еңбек» журналын жауып тастадыңыздар. Мұндай жағдайда біз қалай интеллектуал ұлт боламыз? «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен», «Дружные ребята» сияқты мемлекеттік және басқа да жекеменшік балалар басылымдарына қаржылай және материалдық тұрғыда мемлекеттік қолдау көрсетуіңізді, жалпы ақпараттық саясатты түбірімен өзгертіп, Қазақстанның жаңа талаптарына сай бағытта құруды талап етемін!
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырза! Кез келген қоғам мәдениетсіз алға баса алмайды! Мәдениет саласына да жаңару, тазару, құндылықтарға айрықша мән беретін уақыт жетті. Сенат ұсынымдарын Сіз де қарап шығыңыз! Қазақтың «Ала жіптен аттама», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген даналығын жастарға бала күннен бойға сіңірудің амалын жасаңыз!
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза! Надандық – білімсіздіктен шығады. Абай «Адамзат баласының қас дұшпаны – надандық» деген. Абай «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деп тәрбие өзегін көрсетіп кеткен еді. Білім беру саласында содан артық бағыт бар ма? Қоғамда «Кітап культін» Сіз басқарып отырған министрлік жасауы тиіс!
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Серік Шапкенов мырза! Кең-байтақ Қазақстанда жұмыссыз қазақ болмауы тиіс! Ешқандай нәтиже бермейтін бағдарламаларды тоқтатыңыз! Ұлттық бағдарламаларды жұртқа жақын, елге түсінікті етіп жасаңыз!
Цифрландыру министрі Бағдат Мусин мырза! Жас ұрпақты технология жағынан озып кеткен Жапония мен Корея қалай тәрбиелеп отыр? Шығыстағы осы екі елдің тәрбиелік тәжірибесін назарға алып көріңіз! Балаларға телефон ұстауға тыйым сала алмаймыз. Ұстама десең де ұстайды. Қазақстанда қаншама ІТ маман бар. Неге солардың басын жинап, смартфонда балалар мен жасөспірімдерге арналған интеллектуалды ойындар мен мемлекеттік тілде білім беретін бағдарлама әзірлемейсіз? Интернет кеңістігін қазақша контентпен жедел толықтыру сіздің тікелей міндетіңіз емес пе?
Үкімет басшысынан осы айтылғандарды және Сенат қабылдаған Ұлттық құндылықтар туралы ұсынымдар мен әлеуметтік желідегі көптеген пайдалы ұсыныстарды тезірек негізге алып, нақты іс-қимыл жоспарын жасауды сұраймын!
Ешкім бізге жаңа мемлекет құрып бермейді! Бізге іргесі берік қоғам керек! Жаңарған Қазақ Елі керек! Осыны күн сайын есте ұстау керек!

Нұртөре Жүсіп,
Сенат депутаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support