Екпенің екінші кезеңі шынында екі аптада аяқтала ма?

12

Бүгінде эпидемиологиялық ахуалдың күрделене түскенін ескерген ел-жұрт екінші рет екпе алуға ден қоюда. Дегенмен әлі де болса сақтық шараларына самарқау қарайтындар да аз емес. Бұл тұрғыда түсіндірме жұмыстарын кең көлемде жүргізудің тиімділігі мол. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы және өзге де өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндама жасап, коронавирус инфекциясының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Әсет Әскерұлы өткен тәулікте осы індетпен 113 науқас тіркелгенін, олардың көбі Тараз қаласы мен Қордай ауданынан екенін тілге тиек етті. Сырқаттанғандардың үшеуі медицина қызметкері болса, 34-і зейнеткер.

Жалпы, ағымдағы жылдың 21 қаңтарындағы мәлімет бойынша облыс аумағында COVID-19 індетінің 23 555, пневмонияның 8365 жағдайы тіркелген.
Былтырғы 21 желтоқсаннан 21 қаңтарға дейін ауырған адамдардың саны 84 пайызға көбейген. Облыс бойынша аурушаңдық 6 есе артып отыр.
– Бекітілген жоспарға сәйкес, ағымдағы жағдай бойынша облыстағы ауруханаларда 903 инфекциялық, оның ішінде, 92 реанимациялық төсек қоры, оған қоса 170 төсек орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс атқаруда.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша резерв ретінде 2470 инфекциялық, оның ішінде 261 реанимациялық төсек қоры ашылып, жұмылдырылатын болады, – деді басқарма басшысы.
2021 жылдың 1 ақпанынан бастап облысқа 167 200 доза отандық QazCovid-in, 421 795 доза СпутникV вакцинасының 1 компоненті және 383 260 доза 2 компоненті, 60 000 доза Хаят Вакс, 34 000 доза КоронаВак, 139 000 доза Синофарм вакцинасы келіпті.
Жалпы өсіммен 633 991 тұлғаға бірінші, 571 257 адамға екінші компонентпен екпе жүргізілген.
Басқарма басшысы өз сөзінде «Pfizer» вакцинациясының жай-күйіне де тоқталды. Бүгінде аталған екпенің бірінші компонентімен 46 446, екінші ретпен 13 453 адам қамтылған. Оның ішінде 40594 жасөспірім, 2107 жүкті әйел және 3745 бала емізетін әйел екпе алған. Ал облыс бойынша ревакцинацияға жататындар саны 188 204 адамды құрайды.
Осы орайда Бердібек Машбекұлы екпенің екінші компонентімен қамту неліктен толық аяқталмағанын сұрады. Бұл сауалға байланысты Әсет Қалиев: «Тараз қаласында екпенің бірінші компонентімен қамту бойынша жұмыс кеш атқарылды. Ал екінші компонетті салудың өзінің мерзімі бар. Соған сәйкес күтуге тура келеді. Шамамен екі аптаның көлемінде толық аяқтаймыз» деп жауап берді. Ал мониторингтік топтардың жұмысы туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев түсіндіріп өтті. «Жаңа жылдан бастап 112 нысанға тексеру жұмыстары жүргізіліп, 8 заңбұзушылық анықталды. Оның бесеуі Тараз қаласында болса, үшеуі Шу ауданында тіркелді», – деді Б.Шыналиев. Осы орайда өңір басшысы өзінің орынбасары Дәулет Кәрібекке әкімдіктер және тиісті басқармалармен бірлесіп, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолға алуды, тиісті талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру керектігін айтты.
– Ең басты мәселенің бірі бағаға байланысты. Жақында маған Тараз қаласындағы №48 дәріханада «Фурацилин» дәрісінің бағасына қатысты шағым түсті. Ол беріде 250 теңгеден сатылып келген. Кейінгі үш күнде 100 теңгеге қымбаттап кетіпті. Ал маған қазір медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің жауапты өкілі ол дәрінің 150 теңгеден сатылғанын айтып отыр. Бұлай болмайды. Бір дәрінің өзі осылай құбылып тұрса, басқасына не жорық? Қаншама зейнеткерлер, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар бар. Олар қалай сатып алады? Сондықтан да Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шектік бағаларды көрнекті жерге іліп қою керек. Сондай-ақ дәріханаларды жиі аралап, бағаны зерделеп отыру қажет. Бұл бағытта жұмыс тобын құрып, «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелерін, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін тартқан жөн, – деді Бердібек Машбекұлы.
Аймақ басшысы жиын барысында өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін де өткір сынға алып, өзінің орынбасары Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа нақты міндеттер жүктеді.
Аппараттық кеңесте келесі кезекте 2021-2022 оқу жылының өту барысы туралы мәселе қаралып, ол бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов баяндама жасады.
Басқарма басшысы атап өткендей, бүгінде облыс бойынша 480 білім беру ұйымында 244299 оқушы білім алуда.
Сондай-ақ облыста 553 мектепке дейінгі білім мекемесінде 57 100 бала тәрбиеленуде.
Жалпы, білім беру саласына 2022 жылы 232,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,1 есеге артық.
Айта кету керек, ағымдағы жылы 16 білім нысанының құрылысын жүргізуге 8,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Соның есебінен 2-3 ауысымды, 2 орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілетін болады. 16 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 4,1 миллиард теңге жоспарланған.
Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков сөз алып, қашықтан оқу жүйесіне көшу үшін елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, ҰБТ тапсыратын түлектер үшін сынақ тестінің ақысын төмендету туралы ұсыныстарын айтты. Облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева өз ойларымен бөлісті.
Басқосуда Бердібек Машбекұлы облыс бойынша неліктен 28 мектепте директор лауазымдарының бос тұрғандығына назар аударды. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарды ынталандыру, бұл тұрғыда жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнату, жеткіншектерді тәрбиелеу ісіне жіті көңіл бөлу, ата-аналармен жұмысты жандандыру туралы тапсырмалар берді.
Кеңесте бұдан бөлек су шаруашылығын реттеу мәселесі де қаралып, нақты міндеттер жүктелді.

Тұрсынбек Сұлтанбеков

Comments are closed.