Экономика

300,5 миллион теңге

300,5 миллион теңге

Облыс шаруашылықтары осынша инвестициялық субсидия алды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын қатері қатарында Азық-түлік қауіпсіздігін ерекше атап көрсетті. Елімізде Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті өнім өндіру жолында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Солардың бірі және бірегейі – «Агробизнес-2020» бағдарламасы. «Казагромаркетинг» АҚ бағдарламаны жүзеге асырушы операторы және оған қатысушы инвесторлардан өтініш қабылдаушы болып табылады. Мекеме «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында биыл жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешені субъектілерінен қабылданған өтініштердің 44-ін мақұлдап, субсидиялады. Мақұлданған жобалардың жалпы сомасы 1204,3 миллион теңгені құрайды. Қазірге дейін инвесторларға 300,5 миллион теңге субсидия төленді. Бағдарлама аясында жобаны жүзеге асырушы кәсіпкерлерге мемлекет бюджетінен оған жұмсалған шығынның 20 пайыздан 80 пайызға дейінгі шығыны өтеледі. Қолдауға ие болған 5 жоба жайылымдықтарды суландыруға арналған. Оларға жұмсалған шығынның 80 пайызға жуығы мемлекет тарапынан жабылды. Сондай-ақ, бекіре өсіретін өндірістік балық шаруашылығы кәсіпорнының құрылысы бойынша бір жоба қаржыландырылды. Оның 20 пайыз құны мемлекет есебінен өтелді. Мемлекет қалған жобаларға жұмсалған қаржының 50 пайызын субсидиялады. Оның 17-сі аналық басы 600 бастан асатын ұсақ ірі қара малын өсіретін тауарлы ферма, 10-ы аналық бастан асатын ірі қара малына арналған ферма және біреуі 100 жылқыға арналған тауарлы ферманы техникалық жағынан жабдықтау болып табылады. Барлық нысандар үстіміздегі жылы іске қосылды. Соның нәтижесінде жаңадан 145 жұмыс орны ашылды. Бағдарлама шартына сәйкес, жеке және заңдық тұлғалар агроөнеркәсіп кешені саласында бұған қоса жаңа техника және жабдықтарды алуына  болады. Кәсіпкерлер оған жұмсаған шығынның бір бөлігі субсидияланады. Бұған қызығушылық білдірушілер 8800087080 ұялы телефоны арқылы бізге хабарласса, кеңес беруге әзірміз.

Әбілек Қуанышбеков, «Казагромаркетинг» АҚ Жамбыл филиалының директоры.