- Advertisement -

Адалдық барлық қиындықты еңсереді

143

- Advertisement -

«Ағаш бір жерде көгереді» дегендей, еңбек жолын бастағалы бір ғана ұжымда табаны күректей қырық жылға жуық аянбай қызмет етіп, зейнетке шыққан жандар некен-саяқ. Жүз жылдық тарихы бар облыстың бас басылымы «Ақ жол» газетін сондай табанды мамандардың ұстаханасы десе де болғандай. Басылым табалдырығын өрімдей жас шағында аттап, газетпен бірге өсіп, салиқалы жасқа жеткен жанның бірі, газетіміздің ардагері – Райхан Тілеуқабылова апайымыз. Райхан әпкеміздің бір газет ұжымында қырық жылға жуық еңбек етіп, зейнетке шығуы да өз жұмысына деген шексіз адалдық пен мінезіндегі көркемдік болса керек.

Сонау 1976 жылы осы редакцияда ашылған еңбек кітапшасы 2015 жылы осы газетте абыроймен жабылып, құрметті зейнетке шыққанының өзі ерекше атап өтуге тұрарлық жағдай. Бүгінде балаларының аяулы анасы, немерелерінің бақытты әжесі атанып отырған Райхан әпкеміз «Aq jol»-ды ұдайы жаздырып, оқитынын айтты. Алақанының табы қалған «Aq jol» десе әркезде елең ете қалады.

1976 жылы облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq joi») газетінің есігін небәрі жиырма жасында имене ашқан Райхан терімші қызметінің газет шығару үрдісінде айрықша рөл атқаратынын кейін біліпті. «Ең алғаш «Украина» деген машинкада отырдым. Оның пернетақталары өте ауыр болатын. Күшпен басқан кезде қатты тасырлайтын. «Машбюро» деп аталатын біздің бөлімде бес терімші отырамыз. Ол кезде қазіргідей мақаласын әркім өзі компьютерге бірден жазбайды. «Диктовка» жасайтын. Олардың даусы мен машинканың тарсылы қатар шыққанда бөлмені азан-қазан ететінбіз. Біз бар ынтамызды журналистер айтқан сөзді қағып алуға салатынбыз. Бірімізбен тіпті сөйлеспейтінбіз де. Себебі, қате жібермеуге тырысамыз. Байқамай жіберіп алсақ, оны өшіре алмай тағы біраз әлекке түсетін едік. Диктовкадан басқа оқырмандардың да қолмен жазған мақалалары папкаларда терілетін кезегін күтіп жататын. Арасында соларды теріп тастаймыз.

Газеттің барлық қым — қуыт тірлігі «машбюродан» көрінетін», – дейді Райхан әпке өткен күндерді еске алып. Арада біраз жылдар өткен соң, «машбюролықтарға» «Ятрань» деген тоқпен жұмыс істейтін, алдыңғыға қарағанда жақсырақ машинка беріліпті. Оны да лезде меңгеріп алыпты терімшілер. Газеттегі мақалалардан бөлек, Райхан әпке қолы қалт еткенде, облыстан шыққан белгілі журналист, жазушылар Ә.Қалдыбаев, А.Бекбосын, Б.Жаңабайұлы, Б.Әбілдаұлы, Ә.Әлиев және басқалардың кейін кітап болып басылған шығармаларының қолжазбаларын тереді екен. Осы ағаларымыз жазғандарын тек Райханның тергенін қалап тұрады. Себебі, Райхан әпке кез келген шимай-шатпақ қолжазбаны түсіне алады. Оның сырын сұрағанымызда, «ең бірінші мақаланы жіті оқып аламын да, мағынасына қарай түсініп тере беретінмін» деді.

Уақыт бір арнаға тоқтаған ба? «Қызықтың көкесі кейін компьютер шыққанда басталды» дейді кейіпкеріміз. Әбден ауыр-ауыр машинканың пернетақтасына үйреніп қалған Райхан апай нәп-нәзік компьютерді көргенде алғашында қатты тосылып қалыпты. Тіпті, біраз уақытқа дейін үйрене алмай қойыпты. Сөйтіп сол кездегі басылым редакторы Ә.Қалдыбаевқа кіріп, жұмыстан кетуге бел буып отырғанын айтыпты. Ол кісі газеттердің сауатты, тәжірибелі терімшіге зәру екендігін алға тартып, білікті маманды алып қалады. «Машинканың «майын ішкеніме» жол болсын, компьютерге келгенде кәдімгі жас маман сияқты болып абдырап қалдым. Дегенмен бастығымның сөзі дем беріп, компьютерді меңгеруге бел будым. Сол кезде жұмысқа қабылданған жас дизайнерлар Жанна, Оразкүл, Фарида қыздарымның шәкірті атана жүріп, кейін компьютерде де сақылдатып теретін болдым. Алайда арасында файлдарды сақтай алмай, жазылған материалдарды жоғалтып қойып, көлемді мақалаларды қайта терген кездерім де көп. Кейін агентке тіркеліп, ғаламтормен де жұмыс істей беретінді шығардым. Кез келген істе ынта, содан соң өз қызметіңе деген адалдық болса, барлық қиындықты еңсеріп шығады екенсің», – деп түйіндеді Райхан әпкеміз бізбен әңгімесін.

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support