Осы өлкенің бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазуда

49

Жамбыл өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуда ғасырлық тарихы бар «Ақ жолдың» орны ерекше. Қай кезеңде де уақыттың талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосып келеді.

Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген Қазақ елінің іргелі өңірі Жамбыл облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазуда.
«Ақ жолмен» шығармашылық байланысым басталғалы қырық жылдан аса уақыт өтіпті. Жетпісінші жылдардың орта шенінде университет бітіріп, газет жұмысына жаңа араласып жүрсек те алақандай аудандық газетті місе тұтпай, тәуір дүниелерімізді облыстық, республикалық басылымдарда жариялатуға құштар едік. Мен үшін «Лениншіл жас» пен «Еңбек туы» және облыстық радио осындай «сыныптан тыс» шыңдалу мектебі болды. Ондағы қаламының желі бар танымал журналистердің жазғандарын жібермей оқыдық, соларша жазуға ұмтылдық та. Ол кезде аталған газеттердің үздік очерктерге шығармашылық конкурстар жариялайтын жақсы дәстүрі болатын. Бұл ізденімпаз жас журналистерді ынталандырып, қаламын ұштауына зор әсер ететін. 1979-1981 жылдары менің де «Еңбек туының» осындай байқауларына арналып жазылған қарапайым еңбек адамдары туралы «Нан иісі», «Оралу», «Мәртебе» т.б. суреттеме, очерктерім жүлдегер атанған еді.


Ал облыстық газет редакциясымен жақынырақ танысуым 1984 жылы болды. Сол жылы шілде айында облыстық партия комитеті аудандық газеттердің жауапты хатшылары мен аупартком нұсқаушыларының бір айлық семинарлық оқуын ұйымдастырып, аудандық газеттерден Ақылжан Мамытов (Жуалы), Сейсен Қожекеев (Луговой), Әскербек Құйқабаев (Талас), Талғар Сейталиев (Красногор), Қыстаубай Байтуов (Свердлов), Совет Әлімқұлов (Жамбыл), Жанайдар Бұралқиев (Шу), т.б. әріптестермен бірге Қордайдан мен де облыс орталығында бір ай жатып оқығаным бар. Сабақтар партиялық саяси-ағарту үйінің ғимаратында (қазір ТарМУ-дің бас корпусы орналасқан) өтіп, Төле би, Қойгелді көшелерінің қиылысындағы жатақханасында тұратынбыз. Бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен, облыстың әр шалғайынан келген журналистер тез-ақ танысып, бауырласып кеттік. Сабақтан бос уақытта көбінше облыстық газетті жағалаймыз. Ондағы нөмір сайын көлдей-көлдей мақаласы жарияланып жататын, есімін сырттай ғана білетін журналистерді көруге ынтықпыз. Әрі редакцияның ішкі «кухнясына» үңіліп, аға газет журналистерінің жұмыс тәсілін бақылау да қызық. Ол кезде газеттің редакторы Баттал Жаңабаев, орынбасары Анарбек Айтбаев еді. Қызметкерлердің көбі жасы үлкен сақа жігіттер де, біз қатарлылардан Мақұлбек Малдарбеков, Айзада Баекова, Толымбек Әлімбеков, Мұрат Сыздықовтар болатын. Соларды қара тұтып редакцияға жиі келеміз. Әр келген сайын көретініміз, аудандық газеттегідей мұрнынан шаншылып мақала жазып, ала шапқын болып аударма жасап жататын қарбалас мұнда жоқ сияқты. Бір бөлмеде екеуден-үшеуден жиылып алып, әңгіменің тиегін ағытып қана қарап отыратындай көрінетін. «Бұлар қай кезде жұмыс істейді?» деп іштей таң болатынмын. Тек, маңдайына «машбюро» деп жазылған есіктен жазу мәшіңкелерінің тынымсыз сартылы шығып жатқан бөлмеге сығалай бас сұққанда, бір-бір мәшіңкеші қыз-келіншектің қасында блокноттарын алдына жайып қойып, мақаласын ауызша «диктовкамен» жаздырып отырған сақа журналистердің шеберлігі одан бетер қызықтыратын.
Сол бір айлық оқу кезінде мен «Еңбек туының» Қасықбай Асаубаев, Бақытяр Әбілдаев сынды белді қызметкерлерімен етене танысып едім. Газеттің үгіт-насихат бөлімін басқаратын Қасықбай аға біздің ауданның Қасық ауылынан болғандықтан, іш тартып алдымен сол кісіге келіп сәлем беремін, жазғандарымды да соған көрсетемін. Ол ағалық ақылын аянбастан, тың тақырыптар айтып тапсырмалар беріп тұрды. Ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын Б.Әбілдаев болса сол жазда біздің курсқа экономика мен ауыл шаруашылығынан дәріс оқыды. Кәнігі журналист сабақ арасында тарихтан тереңнен тартып сөз қозғап, өзінің жазып жүрген, жазғалы жүрген әдеби шығармалары туралы ағынан жарылып сыр шертетін еді.
Бір айлық оқу барысында тек жексенбіде ғана демалыс берілетін. Жақын ауданнан келгендер үйлеріне барып келуге үлгереді. Ал Қордайға жол алыс, мен демалыс күні қалада қыдырып, одан қалса жатақханада отырып облыстық газетке арнап ойда жүрген тақырыптарға мақала жазып шығатынмын. Оны дүйсенбі күні сабақтан кейін редакцияға апарып өткіземін. Осылайша сол бір айдың ішінде-ақ «Еңбек туында» менің «Қасқасуда жайлауым», «Жетекші сала жетімсіреуде» деген көлемді очерк, проблемалық сын және басқа мақалаларым жарияланып еді. Көп ұзамай әлгі сын мақалаға аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасынан жауап келіп, ол да газетте жарияланды. Оқу бітуге таялған күндердің бірінде Б.Әбілдаев маған облыстық газеттің өзі басқаратын бөліміне жұмысқа келуді ұсынды. «Жазуыңды көріп жүрміз, редактор әсте қарсы болмайды, ол жағын өзім реттеймін» деп шегеледі. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген бұл ұсыныс алғашқыда қанша қызықтырғанымен, мен оны қабылдай алмайтын едім. Осының алдында ғана Қордайда жаңа салынған үйден үш бөлмелі пәтерге әзер қолым жеткен-ді. Ол үйге әлі кіріп те үлгермей ордерін алып, есігіне өз құлпымды салып бір айлық оқуға кете барғанмын ғой. Аудан орталығында сегіз жылдай пәтер жалдап көшіп-қонудан жадаған отбасымның қуанышын қалай қимақпын? Сол үйді әперуге бар күш, беделін салып кіріскен редакцияның майдангер басшыларына не айтпақпын?
Сөйтіп, «Қордай шамшырағындағы» жұмысымды жалғастырып жаттым. Мен онда отыз жылдан аса уақытта қатардағы аудармашыдан редакторға дейінгі барлық сатылардан өттім. Әйтсе де облыстық газетпен байланысым үзілген емес, мақалаларым жарияланып тұрды. Бұл тұрғыда маған аудандық газеттің редакциясына жұмысқа кірген 1976 жылғы наурыздан бері жақсы білетін журналистикадағы ұстазым Несіпбек Дәутайұлының ықпалы зор болды. Газетте жауапты хатшы бола жүріп-ақ, оның жылда «Жалын» баспасының жабық бәйгелерінде жүлде алған алғашқы повестерінің қалай жазылғанына куәмін. Газет жанрларына қалам тербеу шеберлігі өз алдына. Ол газеттің бетін «шөп-шаламмен» толтырмай, қай тақырыпты да оқырманға құнарлы тілмен мәнін аша отырып жеткізуге қатаң талап қоятын. Бұның қалай жасалатынын өз қалам-қарымымен көрсете білді. Некең сексенінші жылдардың басынан тоқсаныншы жылдардың орта шеніне дейін «Еңбек туының» Қордай және Красногор аудандарындағы меншікті тілшісі болды.
2006 жылдан мен де «Ақ жолдың» аудандағы тілшісі болып істей бастадым. Облыстық газет о бастан-ақ маған ыстық болды, енді оның бір пұшпағында жүргенімді місе тұттым. Газеттің редакторы Мақұлбек Рысдәулет, орынбасарлары Қуаныш Иембердиев пен Елен Әлімжан болатын. Жауапты хатшы Тұрсынхан Толқынбаев күнара хабарласып тапсырма беріп жатады. Тапсырмадан тыс, ойда жүрген көкейкесті тақырыптарды қозғаған көлдей-көлдей мақалалар бере бастадым. Олар жарияланған сайын жұмысыңнан ләззат алып, шабыттана түсесің. Араға жылдар салып меншікті тілшіліктен газеттің штатына ауысудың сәті түсті. Мақаңнан кейін газет тізгінін қолға алған жерлес інім Ғалым Қасабай 2010 жылдың күзінде жұмысқа шақырды. Сөйтіп, келер жылдың басынан облыс баспасөзінің қара шаңырағына келдім. Ширек ғасыр бұрын жауапты хатшылардың оқуында танысқан Ақылжандай іні доспен, өзім қалам сілтесіне сырттай қанық, шығармашылығын қадір тұтатын өзге де әріптестеріммен біраз жыл қатар жүріп қызмет ету мүмкіндігі туды.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары оқуды жаңа бітіріп келіп «Қордай шамшырағында» еңбек жолын бастаған Ғалымның бұл аралықта қаншалықты өскеніне көзім жетті. Ол шын мәнінде іскер басшы, білікті ұйымдастырушы, ұтқыр менеджер болып алыпты. Шерағаң айтпақшы «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің жағдайын түзеу, жалақыны, қаламақыны көтеру, тіпті баспана әперу жағынан Ғалымның тәжірибелері талайларға үлгі болғандай. Ал редактордың орынбасары Қуаныш Иембердиев, бөлім басшылары Сапарғали Әлібай, Ақылжан Мамыт, Баймаханбет Ахмет, Лесбек Сайлаубек, тілшілер Шынар Сағиева, Жанат Қапалбаева, Болат Жаппарұлы, Амангелді Әбіл, Фариза Әбдікерімова т.б. әріптестер қай тақырыпты да тереңнен қозғап, жеріне жеткізе жедел жазатын біліктілігімен танылды. Жастардан Бекнұр Сатыбалдиев, Тұрсынбек Сұлтанбеков қамшы салдырмайтын. Ал фототілші Ағаділ Рысмахан болса нағыз өз ісінің шебері екен. Сол тұстағы меншікті тілшілер Еділ Әлиев, Сейсен Қожеке, Серік Құралбай, Сәулембай Әбсадықов облыстың шалғай түкпірлерінен үсті-үстіне мақала жіберіп жататын. Әріптестердің әрқайсысының өз ерекшеліктері болды. Шетінен әнші, домбырашы, ақынжанды еді. Кезінде хитке айналған «Жалын кешкен» әнінің сөзін жазған Лесбек нәзік сезімді ақын, Баймаханбет те бірнеше жыр жинақтарын шығарып үлгерген. Ал байсалды Сапарғалидың білмейтіні жоқ, әр сөзін ойланып айтып, кез келген даулы мәселеге нүкте қоя білетін. Баритон дауысты Болат ән салғанда әйгілі әншілерді жолда қалдырғандай. Ақылжан болса пианиномен сүйемелдеп әуелете ән салса, Ардақтың новеллалары жан тербейтін.
Таразда жүргендегі талай жайлар ойға оралады. 2011 жылғы 12 қарашадағы лаңкестік оқиға болған күн сенбі болатын. Редактор Ғалым Қасабай, облыстық телерадио кешенінің бастығы Аязби Бейсенқұлов үшеуміз түсте «Баспасөз үйінің» алдында тұрған едік, кенет жоғарғы көше жақтан атыс естіліп, қаланы полиция көліктерінің қиқуы басып кетті. Сол күні қару-жарақ дүкенін тонап, жеті адамның өліміне себепші болған Қариев деген қаныпезер қолға түсерде өзін өзі жарып жіберіп, онымен бірге полиция қызметкері, капитан Ғазиз Байтасов қаза болғаны қайдан ұмытылсын. Іле-шала газеттің келесі нөмірінде Бөкеңнің (Б.Жаппарұлы) «Қандықол қаламызда лаң салды» деген мақаласы және бұл оқиғаны қатаң айыптаған зиялы қауым өкілдерінің сөздері жарияланды.
Сол жылғы 11 маусымда «Ақ жолда» менің «Хан Кененің рухы бізге нені ескертеді?» деген мақалам жарияланып, ертесіне редактор екеуміз облыс әкімінің орынбасары М.Төлепбергеннің «кілемінде» болғанымыз бар. Мәселе мақалада Кенесары қолының Кекілік Сеңгірде жеңіліс табуына себеп болған ежелден айтылып жүрген кейбір қазақ сұлтандарының сатқындығы туралы тарихи деректердің келтірілуінде екен. Ол деректер күні бүгінге дейін басқа авторлардың еңбектерінде сол күйінде қайталанып жатқанын көріп жүрміз. Тағы бірде редакцияға әкімдіктен облысқа айрықша еңбегі сіңген ардагерлердің тізімі түсті. Солар туралы жазу керек екен. Оларды тілшілерге бөліп беріп, өзім тізімнің басында тұрған майдангер, кезінде Талас, Свердлов, Жуалы, Жамбыл аудандарында жауапты партиялық қызметтер атқарған 95 жастағы Әнуарбек Сандыбаев ақсақалдың үйіне барып әңгімелесіп, түнімен отырып жазып, ертеңінде «Жақыннан қарасаң бәйтерек, алыстан қарасаң тау мүсін» деген очеркім газеттің бір бетін алып жарияланған еді. (14 маусым, 2011 ж.).
2011 жылғы 8-9 қыркүйектегі Жамбыл облысының Елордадағы күндеріне қатысып оның өту барысынан «Әулиеата жұртының ақжарма көңілі», «Жамбылдықтардың тартуы астаналықтардың көңілінен шықты» деген репортаждарды жедел жазып, сол күнгі газеттерге жарияланған еді.
Кейіннен облыстық архивке жұмысқа келген әріптесім Еділ Әлиевтің көмегімен тың деректерге қол жеткізіп, соның негізінде жазылған Елбасы Н.Назарбаевтың 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен нағашысы Бөлеген Жатқанбаев туралы «Жазықсыз жазалаудың құрбаны» деген үлкен мақалам «Ақ жолда» жарияланды. (8 қазан, 2013 ж.) Мұндай мысалдар көп.
Ақылжанмен бірге Айша бибі кесенесіне тәу етіп, атақты «Ақсу Жабағылы» қорығын армансыз аралаған, «Әулие көлдің» шипалы суына талай барып түскен күндер де есте. Ұжым болып 2013 жылғы Наурыз мейрамын «Аю-Тропик» демалыс аймағында ерекше тойлағанымыз, Баспасөз күнінде «Меркі» шипажайына барғанымыз ше!
Есімдеріне сырттай қанық, ол кезде зейнет демалысындағы Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Сағат Арынов, Қадірбек Баққараев, Елен Әлімжан, Тұрсынхан Толқынбаев, Жаңабай Миллионов, Маханбетәлі Дүйсебаев сынды газет ардагерлерімен де сол Таразда жүргенде таныстым. 2012 жылы 1 мамырда «Ақ жолдың» 90 жылдығы мерекеленді. Оншақты беттік арнайы нөмір, естелік журнал шығарған едік. «Баласағұн» концерт залында облыс әкімінің қатысуымен мерекелік салтанат өтті. Содан бері де, міне, он жыл сырғып өте шықты. Бұл арада бірге жүріп қызметтес болған Еділ, Лесбек пен Сапарғали бақилық болды. Ардагер ағалардың да қатары сиреп қалған.
Мен «Ақ жолдың» штатында 2011 жылдан бас редактордың орынбасары болып төрт жылдай қызмет атқардым. Ғалымнан кейін газетке қарымды журналист Қуаныш Иембердиев, одан соң белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібаев редактор болды. Ал мен зейнетке шыққаннан кейін де үш жыл газеттің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі қызметін атқардым. Қаламдас достарымның жазғандарын қалт жібермей оқып отырамын. Олардың әрбір жақсы мақала, жаңа шыққан кітаптарына қуанамын.
Биыл облыстық газет өзінің 100 жылдығын атап өтеді. Бір ғасыр оңай уақыт емес, бұл арада журналистердің қаншама буыны ауысты. Солардың қатарында көптеген қордайлықтардың да болғанын айту парызым.«Еңбек туында» әр жылдары Жақан Сатаев, Қасықбай Асаубаев, Қырғызбай Дәуітов, Ерікбай Құлмағанбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Қырықбай Мақаметжанов, Айзада Баекова, Шалабай Мәжінов, Ғалым Қасабай (редактор), Жасұлан Сейілханов, Анжела Изаева біраз жылдан қалам тербеген екен. Бұл тізім болашақта да жалғасатын болар. Осылай, бір ғасырлық тарихы бар облыстық бас басылымда киелі Әулиеата өңірінің өмір, тұрмыс, еңбек шежіресін жазуға тегі қордайлық газет қызметкерлері де лайықты қолтаңбасын қалдырып келе жатқанын мақтанышпен айта аламын.

Құрманбек Әлімжан,
Қордай ауданының Құрметті ардагері.

Comments are closed.