- Advertisement -

«Әлі күнге өзімді «ақжолдықпын» деп есептеймін…»

227

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газетіне Әлдихан Қалдыбаев ағаның бас редактор болып тұрған кезінде, сонау 1998 жылы жұмысқа келдім. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шықтым» десем артық айтқаным емес. Қазіргі кезге дейінгі өмірімнің жартысы сол газетте өтті. Сол жерден есейіп, еркелеп, жетілдім. Тұрмысқа шықтым. Ол уақыт компьютерлік технологияның жаңадан келіп жатқан кезі. Газеттің жұмысы өте ауыр болғаны да рас. Ең ақыры қазақша мәтін теретін қаріптің (шрифт) өзі бір компьютерден екінші компьютерге ауысқанда қазақша әріптері сынып екі жұмыс болатын. Ол заманда интернет желісі мүлдем жоқ. Түнді түнге жалғап, таңды таңға ұрып газет іркіліссіз шығып жататын. Түнделетіп жұмыс істеуіміздің өзі қызық болып көрінетін. Қазір ойлансам, мен редакцияның ең керемет кезеңінде жұмыс істеп, елге танымал, беделді журналист ағаларымның көзін көрген екенмін. Ол кісілерден көп нәрсе үйренгенім үшін өзімді бақытты санаймын.

Екінші баламды босанып декреттік демалыста отырған кезім болатын. Үйдегі телефоныма Әлдихан Қалдыбаев аға қоңырау шалды. «Қызым, газет келесі айдан бастап аптасына үш мәрте шығатын болды. Жұмыс көбейеді. Балаңды қарайтын үйіңде енең бар екен ғой. Маған қызметкер керек, саған айлық керек», – деді. Содан сыйлы ағаның сөзін екі етпей 4 айлық баламды тастап жұмысқа шығып кеттім. Әлдихан ағаға «Еңбек демалысына шығайын» деп өтінішпен кірсем де, «Осы жастарға демалыс не керек, «отпускнойыңды» ал да жұмысыңды жалғастыра бер, газетте іркіліс болмау керек» дейтін. Сөйтіп еңбек демалысына шықпай жұмыс істеген кездерім болды. Әлдихан Қалдыбаев аға беттерді қып-қызыл қылып түзеп тастайтын, бетті көріп менің түрімнің бұзылып кеткенін байқап қалады-ау, маған: «Қызым, мен филологпын ғой, әбден дәптер тексеріп үйренгенмін», – деп жымия салатын. Сондағы бас редактордың басқару мәдениетінің өте жоғары болғанына, ол кісінің қарапайымдылығына риза боламын.
Редакцияда мүйізі қарағайдай қаламгер ағалар қызмет атқарды. Марқұм Әбдуәлі Әлиев аға мені «Көжек» деп атап, өзінің қасынан жоғарыдан орын беретін. Кейін ол кісі зейнетке кеткен соң да мереке сайын телефон шалып, әріптестерін ылғи құттықтап тұрып, маған «енді «қоян» болатын уақытың болған шығар», деп қалжыңдап қоюшы еді. Әбдуәлі аға ол кезде редакцияның кәсіподағының төрағасы еді. Ағаның кабинетінде әдемі кәмпит, жақсы печенье толып тұратын. Біздің шай ішетін кезімізде бір бас сұғады, «ой, дастарқандарың кедей ғой, «Көжек», жүр» деп, мені ілестіріп дәу сұр сейфін ашады да, қалағаныңды ал дейді. Бақытяр Әбілдаұлы ағамыз да елгезек еді, барған жиналысы болсын, үлкен көлемді мақала болсын «диктовкаға» отырып, жарты сағат, ұзағанда бір сағаттың көлемінде өте шапшаң, сауатты әзірлеп беретін.
Кейін редакцияға жаңа толқын жастар келді. Әр келген бас редактор жаңалықтарымен, жаңа леп әкелді. Заман өзгерді. Технология жыл сайын, тіпті ай сайын жаңарды десе де болады. Бас редактор ауысқан сайын газеттің шапкасынан бастап безендірілуіне дейін өзгергенін оқырман жақсы біледі. Газеттің үтір, нүктесіне дейін бақылап оқып отыратын тұрақты оқырмандар газеттің жаңа келбетіне пікір білдіріп тұратын. Ол да ұжымның, ұжымды басқарып отырған бас редактордың еңбегі екенін атап өту керек.
Өмір болған соң бір орнында тұрмайды. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, менімен бірге қызметтес болған, әріптес ағаларымның көбі марқұм болып кетті. Қазір ортамызда жүрген аға, әпкелеріммен әлі де тығыз байланыстамын, тіпті бауырларымдай десем артық айтқандық емес.
Былтыр отбасылық жағдайға байланысты 25 жылға жуық еңбек еткен сүйікті «Ақ жолымды» тастап, Алматы қаласына қоныс аудардым. «Aq jol» газеті редакциясы ұжымын әлі де менің әріптестерім деп білемін. Көбісімен хабарласып отырамын. Қазіргі бас редактор Оралхан Дәуітпен де жақсы жұмыстарды бірге атқардық. Есімі елге белгілі, қаламы қарымды әріптесіме Әлдихан ағаның жолын берсін! Алматыда республикалық «Қазақ әдебиеті» мен «Жас Алаш» газеттерінде еңбек етіп жүрсем де мен өзімді «ақжолдықпын» деп есептеймін. Әр кез «ақжолдықтармен» біргемін! Әріптестерімді басылымның 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Әр қызметкерге зор денсаулық тілеймін, еңбектеріңіз жемісті болсын, істеріңіз алға баса берсін, іздеп оқитын оқырмандарыңыз көбейсін. Қаламдарыңыз мұқалмасын! Сүйікті газетіме ұзақ ғұмыр тілеймін!

Жанна Бейсенқұлова,
облыстық «Aq jol»
газетінің  компьютер орталығының бұрынғы жетекшісі.

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support