- Advertisement -

Америкалықтар асырап алған Сардар бір жарым жылдан бері туған ата-анасын іздеп жүр

165

- Advertisement -

Кейінгі кезде Facebook-те қазақ­стан­­дықтар топтасқан түрлі па­рақ­шада ата-анасын іздеуге көмек сұра­ған қазақтардың қарасы көбейді. Аме­ри­калықтар асырап алған қарадо­ма­лақ­тарға жанашырлық танытып, олардың жақындарын із­дес­тіруге қол ұшын созып жатқан адам­ның санында шек жоқ. Тіпті, бір жыл бұрын бізге сұхбат берген Теодор Уол­тан (қазақша аты-жөні – Марат Ораз­ғалиев) жазба қалдырған күннің ертесі-ақ бауырын тауып алғаны есімізде. Ал бірақ дәл сол парақшаға жазба қалдыр­ған Пол Бабкоктың (қазақша аты-жөні – Сардар Бекмаханов) ата-анасын іздеп, таба ал­май жүргеніне бір жарым жылдан асты. Осы уақытқа дейін жақын­дарын жар са­лып іздеп жүрген бозба­ла­ның өзіне ха­барласып, бұл оқиға жайлы ағылшын ті­лінде аз-кем әңгі­ме­лестік.

– 2020 жылдың жаз айында Facebook-тегі KazCommunity USA парақшасына ата-анаңды іздеп жүргеніңді жазып, олар­ды табуға көмек сұраған едің. Біл­гі­міз келетіні: ата-анаңды таба алдың ба?
– Жоқ, әлі таппадым. Тіпті, олардың те­гі­не ұқсас туысқандарым табылып қалар деп ой­лаған едім. Бірақ әзірге ешкімді таба ал­ма­дым. Осы ретте биологиялық ата-анам тура­лы мендегі бар деректі тағы бір рет келтіре ке­тейін: Әкемнің аты-жөні – Бекнұр Бай­ма­ханов, ал анамдікі – Елмира Қалмаханбет­қы­зы. Туу туралы куәлікте менің аты-жөнім Бек­­­маханов Сардар Бекнұрұлы деп жазылған. Аме­рикалық есімім – Пол. Кейде анам маған ашу­ланғанда «Пол-Сардар» деп айтады (кү­ліп). Айтпақшы, Сардар деген қандай мағына беретінін интернеттен іздегенімде, көш­бас­шы деген ұғымды білдіретінін білдім. Мен 1999 жылы 16 қыркүйекте Тараз қаласында дү­ниеге келгенмін. Бір жылдан соң амери­ка­лық ата-анам Тараздағы балалар үйінен асы­рап алып, мұхит асырып әкетті.

– Сол жазбада оларды табуға кө­мек­тесетін бірнеше деректер мен құжаттар бар екенін, бірақ неден бастарыңды біл­мей жүргеніңді жазған едің. Қолыңда бар сол деректер де көмектеспеді ме сон­да?
– Жоқ. Америкалық ата-анамда сақталған бір бума папкада асырап алуға рұқсат беретін қағаздар, түрлі сертификаттар мен суреттер бар. Кейбірі қазақ және орыс тілінде жазыл­ған­дықтан, бастапқыда онда қандай дерек қам­тылғанын түсіну қиын болды. Бірақ, олар пай­дама жарамады.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңнан қазақтармен етене араласып, жиі бас қосатыныңды байқадым. Бір-біріңді қай уақыттан бері танисыңдар?
– Мен Америкадағы Юта штатының ор­та­лығы саналатын Солт-Лейк-Сити қала­сын­да өсіп-өндім. Біз тұратын ауданда асырап алынған қазақ балалары тұрады. Тіпті, кей­бірі­мен көршіміз. Бала кезден жақын ара­ласқандықтан, қазақ екенімізді біліп өстік. Ал өзге штатта тұратын америкалықтар асы­рап алған қазақтармен ортақ достарымыз көп болғандықтан олармен де араластығымыз жақсы. Сонымен қатар, Facebook-тегі әлгі парақшаға хабарлама жазған соң, менімен байланыста болғысы келетіндердің қатары көбейді. Бос уақытта жиналып, әңгіме-дүкен құра­мыз, одан қалса ойын ойнаймыз. Аме­рикалық ата-анам 2000 жылы менімен бірге қарындасымды асырап алған. Кейін бір жылдан соң ата-анам Таразға қайта барып, бауыр­ларды бір-бірінен ажыратпайын деп үлкен әпкемді қамқорлығына алып, осында алып келген. Әпкемнің қазақша есімі – Зари­на, бірақ біз оны Нина дейміз. Ал қарын­да­сымның есімі туу туралы куәлікте Мәрзия деп жазылған, оның америкалық есімі – Энн. Бай­қап отырғаныңыздай, айналам қазақ­тар­ға толы. Айтар әңгіме, ортақ нәрсе көп бол­ған­дықтан жиі кездесіп тұрамыз.

– Бізді таңғалдыратыны: амери­ка­лық­тар асырап алған баласының асы­ран­ды екенін кішкене күнінен жасыр­май, бүге-шүгесіне дейін айтып, тіпті туған ата-анасын іздестіруге, төл мәде­ние­тімен таныстыруға бар күш-жігерін са­лып жатады. Сенің де ата-анаң сөйткен шы­ғар?
– Иә. Осы ретте америкалық ата-анам жайын­да бірер сөз айтып өткім келеді. Олар­дың қандай керемет жандар екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкемнің есімі – Брюс. Ал анамның есімі – Сюзан. Олардың өз­­­­­дерінің бес баласы бар. Қазақстаннан үшеуі­­мізді асырап алған соң, Тайваньнан екі ер баланы қамқорлығына алған. Жалпы ал­ған­да, менің екі әпкем, бір қарындасым, алты бауырым бар. Үлкен отбасымыз (күліп). Анам біздің қайдан шық­қанымызды, тамыры­мыз­дың қайда жат­қанын біліп жүрсін деген мақ­сатпен Қа­зақстанға апарып қайтқысы кел­ген. Бірақ сол күйі жол түспей қойды. Жалпы, америкалық ата-аналардың асырап алған баласының төл мәдениетімен таныс болуына үлкен үлес қосатыны қайран қалдыратыны рас. Мен – Америка азаматымын, дейтұрғанмен менің ұлтым – қазақ, қаным – қазақ. Дегенмен мен өсіп-өнген ортада қазақ мәдениеті, дәстүрі мен тілі туралы көп дерек білуге мүмкіндік жоқ. Ал үлкен қалаларда осы мақсатты көз­деген түрлі ұйымдар жұмыс істейтінін, сол ұйым өкілдерінің қазақ мәдениетін наси­хаттап жүргенін білемін. Десе де ата-анам өзге америкалықтар секілді қазақ халқы тура­лы бар білгенін айтып жүреді. Бірақ өкі­ніш­ке қарай, ата-анам осы жылы ажырасып кетті. Қазір екеуі екі бөлек тұрады. Мен екеуі­мен теңдей араласуға тырысамын. Әпкем мен қарындасым анаммен бірге Солт-Лейк-Ситиде тұрып жатыр. Ал мен Юта штатында орналасқан Прово қаласындағы Бригам Янг университетінің (Brigham Young University) қар­жы факультетінде 2-курс оқимын.
– Өзің секілді асырап алынған Тео­дор Уолтан (қазақша аты-жөні – Марат Оразғалиев) бізге берген сұхбатында қолы қалт етсе, интернеттен Қазақстан, әсіресе кіндік қаны тамған жер – Өске­мен өңірі туралы дерек іздейтінін, сон­дай-ақ елде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып жүретінін айтқан еді. Ол секілді сен де Тараз туралы зерттеу жүр­гізген боларсың?
– Әлбетте, мен де Қазақстан туралы көп ақпарат іздедім. Тараздың Қазақстанның оңтүстік бөлігінде, екінші мегаполис саналатын Алматыға жақын орналасқанын, тарихы терең көне шаһар екенін білемін. Тео се­кілді мен де Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға құлақ түріп жүремін. Әсіресе, жуыр­да болған митингтің салдары мені қатты алаңдатты. Тағы қайталап айтамын, Аме­рикада өсіп-өнсем де, қазақпын. Сон­дықтан Қазақстанда не болып жатқанын біліп жүргім келеді. Тағы бір айта кетерлігі, маған Қазақстанның Туы қатты ұнайды. Он­да бейнеленген шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран, шетіндегі өрнек, барлығы үйлесе кеткендей. Тіпті, көгілдір түс­ті мата да дәл таңдалған. Ту демекші, мен спорт десе ішер асымды жерге қоямын. Олим­пиада ойындары секілді ірі жарыстарды қалт жібермей көремін. Сол кезде Қазақстан құра­масына жақтасып, жанкүйер ретінде шыр-пыр боламын. Қазақстан спортшыларына ерек­ше қолдау көрсететінімді білетін әкем кей­де «Бәлкім, сен Қазақстанның олимпиа­далық командасында өнер көрсетерсің» деп қалжыңдайды.

– Әдетте қыз бала жақындарын із­деуге бейім келеді. Бірақ биологиялық ата-анаңды іздеуді әпкең мен қарын­дасыңнан гөрі өзің қолға алыпсың. Не түрткі болды? Асырап алынған көп қа­зақ жоғарыда біз айтқан парақша ар­қы­лы ата-анасын, бауырларын тауып алып жат­қан соң, сен де солай іздестіргің кел­ді ме?
– Ол да бар. Бірақ бәрінен бұрын басқа фак­тор әсер етті. Жоғарыда айтып өткендей, мен өсіп-өнген ортадағы қазақтың барлығы – аме­рикалықтар асырап алғандар. Арамызда Қазақ­станда өсіп-өнген ешкім болмады. 2017 жылы Оңтүстік Кореяға тағылымдамаға барған кезімде Қазақстаннан оқуға келген көп қазақпен танысып, ізінше жақын араласып кеттік. Олармен бірінші рет кездескенде қызық сезімді кештім, сағаттап әң­гімелесе бергім келе беретінін түсіндім. Со­дан соң «елдегі ата-анамды іздестіріп көр­сем қайтеді?» деген ой туды. Айтпақшы, Оң­түс­тік Кореяда тұрған уақытта K-pop-тың жан­күйері болдым. Сосын достарым Қа­зақ­стан­да K-pop-қа ұқсас Q-pop музыкалық жанры дамып жатқанын айтты, сөйтіп жүр­генде Ninety One тобының шығар­ма­шылы­ғы­мен таныстым. Ал Димаш Құдайберген тура­лы музыкамен айналысатын қарын­да­сым­нан естіп-білдім. Шыны керек, бас­тап­қыда Димаштың ұлты қазақ екенін білмедім. Қарындасым айтқан соң, оның әндерін тың­дай бастадым. Осыдан бастап, қазақ мәдение­тіне үңіле түстім. Сонымен қатар, қазақтың жыл­қыны қатты қастер­лей­тінін білемін. Ал әп­кем мен қарындасымның ата-анамызды із­деуге көзқарасын білмеймін, ол туралы сөй­лескен емеспін. Кейде олар да із­дегісі келе­тін секілді. Ал кейбір кезде, кері­сін­ше, қа­ламайтын секілді көрінеді. Бірақ әп­кем бізді асырап алғаны туралы тақырып қоз­ғал­са, ыңғайсыз күйге түседі. Сол себепті одан бұл туралы сұрауға қорқамын (күліп).

– Алдағы уақытта ата-анаң табылса қал­са…
– «Не істер едің?» дейсіз ғой. Мен олардың не­ліктен мұндай күйге түскенін, бізді же­тім­дер үйіне өткізгенін білмеймін. Себебін біл­мегендіктен оларға еш кінә арта алмаймын. Олар­дың жағдайын білмей тұрып, кесіп-пі­шіп ештеңе дегім келмейді. Ал бірақ ата-анам табыла қалса, бірден араласып кетемін деп те ойламаймын. Оларды бірте-бірте танығым ке­леді. Дүниеге келуіме себепші болса да, олар ма­ған бөтен ғой. Сол себепті алдымен оларды асық­пай танып-білгім келеді. Кейін тұрып жат­қан жеріне барып қайтар едім. Бәлкім, олар­дың үйінде бізден кейін туған іні-қарын­дастарым бар шығар. Олай болса, қуа­ны­шым­да шек болмайтын еді. Олармен жақын дос болып, шама-шарқым келгенше көмектесер едім. Бірақ ә дегенде ортақ тіл табысу жағы­нан қиындық туындауы мүмкін. Десе де ал­да­ғы уақытта қазақ және орыс тілдерін үй­рену­ді көздеп жүрмін. Жалпы, мен кез келген тіл­ді тез меңгеріп аламын. Тіл үйрену маған қиын емес. Кәріс тілін тез үйреніп алғаным бар. Сол секілді қазақ тілін аз уақыт ішінде үйре­ніп алармын. Айтпақшы, қазақ тілі түрік тіліне ұқсас секілді ме, қалай?! Осында тұра­тын түрік достарымның өзара сөйлескенін естіген кезде олар маған қазақша сөйлеп тұр­ғандай көрінеді. Алайда, ата-анаммен та­бысуға тіл кедергі емес деп ойлаймын. Бас­тысы – жанымыз түсініссе болғаны. Оларды із­дестіріп жүргеніме бір жарым жылдан ас­там уақыт өтсе де, үмітімді үзбеймін. Әри­не, іздестіру қиынға соғып жатыр, бірақ қандай да бір деректі табу мүмкін іс деп ойлаймын. Әр адамға өзінің қайдан шыққанын білу маңыз­ды. Ал менің қайдан шыққаным әлі бел­гісіз. Қамқорлық пен мейірімнен кенде бол­масам да, қайдан, кімнен тарайтынымды біл­мей өстім. Осы мәселе қазір маған же­тіс­пей тұрған пазлдың бір бөлшегі іспетті.

Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

https://turkystan.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support