Америкалықтар асырап алған Сардар бір жарым жылдан бері туған ата-анасын іздеп жүр
Америкалықтар асырап алған Сардар бір жарым жылдан бері туған ата-анасын іздеп жүр
– Жоқ, әлі таппадым. Тіпті, олардың тегіне ұқсас туысқандарым табылып қалар деп ойлаған едім. Бірақ әзірге ешкімді таба алмадым. Осы ретте биологиялық ата-анам туралы мендегі бар деректі тағы бір рет келтіре кетейін: Әкемнің аты-жөні – Бекнұр Баймаханов, ал анамдікі – Елмира Қалмаханбетқызы. Туу туралы куәлікте менің аты-жөнім Бекмаханов Сардар Бекнұрұлы деп жазылған. Америкалық есімім – Пол. Кейде анам маған ашуланғанда «Пол-Сардар» деп айтады (күліп). Айтпақшы, Сардар деген қандай мағына беретінін интернеттен іздегенімде, көшбасшы деген ұғымды білдіретінін білдім. Мен 1999 жылы 16 қыркүйекте Тараз қаласында дүниеге келгенмін. Бір жылдан соң америкалық ата-анам Тараздағы балалар үйінен асырап алып, мұхит асырып әкетті. – Сол жазбада оларды табуға көмектесетін бірнеше деректер мен құжаттар бар екенін, бірақ неден бастарыңды білмей жүргеніңді жазған едің. Қолыңда бар сол деректер де көмектеспеді ме сонда? – Жоқ. Америкалық ата-анамда сақталған бір бума папкада асырап алуға рұқсат беретін қағаздар, түрлі сертификаттар мен суреттер бар. Кейбірі қазақ және орыс тілінде жазылғандықтан, бастапқыда онда қандай дерек қамтылғанын түсіну қиын болды. Бірақ, олар пайдама жарамады. – Әлеуметтік желідегі парақшаңнан қазақтармен етене араласып, жиі бас қосатыныңды байқадым. Бір-біріңді қай уақыттан бері танисыңдар? – Мен Америкадағы Юта штатының орталығы саналатын Солт-Лейк-Сити қаласында өсіп-өндім. Біз тұратын ауданда асырап алынған қазақ балалары тұрады. Тіпті, кейбірімен көршіміз. Бала кезден жақын араласқандықтан, қазақ екенімізді біліп өстік. Ал өзге штатта тұратын америкалықтар асырап алған қазақтармен ортақ достарымыз көп болғандықтан олармен де араластығымыз жақсы. Сонымен қатар, Facebook-тегі әлгі парақшаға хабарлама жазған соң, менімен байланыста болғысы келетіндердің қатары көбейді. Бос уақытта жиналып, әңгіме-дүкен құрамыз, одан қалса ойын ойнаймыз. Америкалық ата-анам 2000 жылы менімен бірге қарындасымды асырап алған. Кейін бір жылдан соң ата-анам Таразға қайта барып, бауырларды бір-бірінен ажыратпайын деп үлкен әпкемді қамқорлығына алып, осында алып келген. Әпкемнің қазақша есімі – Зарина, бірақ біз оны Нина дейміз. Ал қарындасымның есімі туу туралы куәлікте Мәрзия деп жазылған, оның америкалық есімі – Энн. Байқап отырғаныңыздай, айналам қазақтарға толы. Айтар әңгіме, ортақ нәрсе көп болғандықтан жиі кездесіп тұрамыз. – Бізді таңғалдыратыны: америкалықтар асырап алған баласының асыранды екенін кішкене күнінен жасырмай, бүге-шүгесіне дейін айтып, тіпті туған ата-анасын іздестіруге, төл мәдениетімен таныстыруға бар күш-жігерін салып жатады. Сенің де ата-анаң сөйткен шығар? – Иә. Осы ретте америкалық ата-анам жайында бірер сөз айтып өткім келеді. Олардың қандай керемет жандар екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкемнің есімі – Брюс. Ал анамның есімі – Сюзан. Олардың өздерінің бес баласы бар. Қазақстаннан үшеуімізді асырап алған соң, Тайваньнан екі ер баланы қамқорлығына алған. Жалпы алғанда, менің екі әпкем, бір қарындасым, алты бауырым бар. Үлкен отбасымыз (күліп). Анам біздің қайдан шыққанымызды, тамырымыздың қайда жатқанын біліп жүрсін деген мақсатпен Қазақстанға апарып қайтқысы келген. Бірақ сол күйі жол түспей қойды. Жалпы, америкалық ата-аналардың асырап алған баласының төл мәдениетімен таныс болуына үлкен үлес қосатыны қайран қалдыратыны рас. Мен – Америка азаматымын, дейтұрғанмен менің ұлтым – қазақ, қаным – қазақ. Дегенмен мен өсіп-өнген ортада қазақ мәдениеті, дәстүрі мен тілі туралы көп дерек білуге мүмкіндік жоқ. Ал үлкен қалаларда осы мақсатты көздеген түрлі ұйымдар жұмыс істейтінін, сол ұйым өкілдерінің қазақ мәдениетін насихаттап жүргенін білемін. Десе де ата-анам өзге америкалықтар секілді қазақ халқы туралы бар білгенін айтып жүреді. Бірақ өкінішке қарай, ата-анам осы жылы ажырасып кетті. Қазір екеуі екі бөлек тұрады. Мен екеуімен теңдей араласуға тырысамын. Әпкем мен қарындасым анаммен бірге Солт-Лейк-Ситиде тұрып жатыр. Ал мен Юта штатында орналасқан Прово қаласындағы Бригам Янг университетінің (Brigham Young University) қаржы факультетінде 2-курс оқимын. – Өзің секілді асырап алынған Теодор Уолтан (қазақша аты-жөні – Марат Оразғалиев) бізге берген сұхбатында қолы қалт етсе, интернеттен Қазақстан, әсіресе кіндік қаны тамған жер – Өскемен өңірі туралы дерек іздейтінін, сондай-ақ елде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып жүретінін айтқан еді. Ол секілді сен де Тараз туралы зерттеу жүргізген боларсың? – Әлбетте, мен де Қазақстан туралы көп ақпарат іздедім. Тараздың Қазақстанның оңтүстік бөлігінде, екінші мегаполис саналатын Алматыға жақын орналасқанын, тарихы терең көне шаһар екенін білемін. Тео секілді мен де Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға құлақ түріп жүремін. Әсіресе, жуырда болған митингтің салдары мені қатты алаңдатты. Тағы қайталап айтамын, Америкада өсіп-өнсем де, қазақпын. Сондықтан Қазақстанда не болып жатқанын біліп жүргім келеді. Тағы бір айта кетерлігі, маған Қазақстанның Туы қатты ұнайды. Онда бейнеленген шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран, шетіндегі өрнек, барлығы үйлесе кеткендей. Тіпті, көгілдір түсті мата да дәл таңдалған. Ту демекші, мен спорт десе ішер асымды жерге қоямын. Олимпиада ойындары секілді ірі жарыстарды қалт жібермей көремін. Сол кезде Қазақстан құрамасына жақтасып, жанкүйер ретінде шыр-пыр боламын. Қазақстан спортшыларына ерекше қолдау көрсететінімді білетін әкем кейде «Бәлкім, сен Қазақстанның олимпиадалық командасында өнер көрсетерсің» деп қалжыңдайды. – Әдетте қыз бала жақындарын іздеуге бейім келеді. Бірақ биологиялық ата-анаңды іздеуді әпкең мен қарындасыңнан гөрі өзің қолға алыпсың. Не түрткі болды? Асырап алынған көп қазақ жоғарыда біз айтқан парақша арқылы ата-анасын, бауырларын тауып алып жатқан соң, сен де солай іздестіргің келді ме? – Ол да бар. Бірақ бәрінен бұрын басқа фактор әсер етті. Жоғарыда айтып өткендей, мен өсіп-өнген ортадағы қазақтың барлығы – америкалықтар асырап алғандар. Арамызда Қазақстанда өсіп-өнген ешкім болмады. 2017 жылы Оңтүстік Кореяға тағылымдамаға барған кезімде Қазақстаннан оқуға келген көп қазақпен танысып, ізінше жақын араласып кеттік. Олармен бірінші рет кездескенде қызық сезімді кештім, сағаттап әңгімелесе бергім келе беретінін түсіндім. Содан соң «елдегі ата-анамды іздестіріп көрсем қайтеді?» деген ой туды. Айтпақшы, Оңтүстік Кореяда тұрған уақытта K-pop-тың жанкүйері болдым. Сосын достарым Қазақстанда K-pop-қа ұқсас Q-pop музыкалық жанры дамып жатқанын айтты, сөйтіп жүргенде Ninety One тобының шығармашылығымен таныстым. Ал Димаш Құдайберген туралы музыкамен айналысатын қарындасымнан естіп-білдім. Шыны керек, бастапқыда Димаштың ұлты қазақ екенін білмедім. Қарындасым айтқан соң, оның әндерін тыңдай бастадым. Осыдан бастап, қазақ мәдениетіне үңіле түстім. Сонымен қатар, қазақтың жылқыны қатты қастерлейтінін білемін. Ал әпкем мен қарындасымның ата-анамызды іздеуге көзқарасын білмеймін, ол туралы сөйлескен емеспін. Кейде олар да іздегісі келетін секілді. Ал кейбір кезде, керісінше, қаламайтын секілді көрінеді. Бірақ әпкем бізді асырап алғаны туралы тақырып қозғалса, ыңғайсыз күйге түседі. Сол себепті одан бұл туралы сұрауға қорқамын (күліп). – Алдағы уақытта ата-анаң табылса қалса… – «Не істер едің?» дейсіз ғой. Мен олардың неліктен мұндай күйге түскенін, бізді жетімдер үйіне өткізгенін білмеймін. Себебін білмегендіктен оларға еш кінә арта алмаймын. Олардың жағдайын білмей тұрып, кесіп-пішіп ештеңе дегім келмейді. Ал бірақ ата-анам табыла қалса, бірден араласып кетемін деп те ойламаймын. Оларды бірте-бірте танығым келеді. Дүниеге келуіме себепші болса да, олар маған бөтен ғой. Сол себепті алдымен оларды асықпай танып-білгім келеді. Кейін тұрып жатқан жеріне барып қайтар едім. Бәлкім, олардың үйінде бізден кейін туған іні-қарындастарым бар шығар. Олай болса, қуанышымда шек болмайтын еді. Олармен жақын дос болып, шама-шарқым келгенше көмектесер едім. Бірақ ә дегенде ортақ тіл табысу жағынан қиындық туындауы мүмкін. Десе де алдағы уақытта қазақ және орыс тілдерін үйренуді көздеп жүрмін. Жалпы, мен кез келген тілді тез меңгеріп аламын. Тіл үйрену маған қиын емес. Кәріс тілін тез үйреніп алғаным бар. Сол секілді қазақ тілін аз уақыт ішінде үйреніп алармын. Айтпақшы, қазақ тілі түрік тіліне ұқсас секілді ме, қалай?! Осында тұратын түрік достарымның өзара сөйлескенін естіген кезде олар маған қазақша сөйлеп тұрғандай көрінеді. Алайда, ата-анаммен табысуға тіл кедергі емес деп ойлаймын. Бастысы – жанымыз түсініссе болғаны. Оларды іздестіріп жүргеніме бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, үмітімді үзбеймін. Әрине, іздестіру қиынға соғып жатыр, бірақ қандай да бір деректі табу мүмкін іс деп ойлаймын. Әр адамға өзінің қайдан шыққанын білу маңызды. Ал менің қайдан шыққаным әлі белгісіз. Қамқорлық пен мейірімнен кенде болмасам да, қайдан, кімнен тарайтынымды білмей өстім. Осы мәселе қазір маған жетіспей тұрған пазлдың бір бөлшегі іспетті.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
https://turkystan.kz