Көрген-баққан

88

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***
Өткен ғасырдың 70 жылдары ноғайдан Қадырия Темірбулатова деген ақын қыз шықты. Аса талантты. Өзі де көрікті, жарқырап туған ару еді. Москвада екі кітабы үсті-үстіне жарық көріп, дүйім елді аузына қаратқан. Әттең… Алыс құрлыққа дүниежүзі жастарының фестиваліне аттанғалы жатқанда қапияда қаза болды. Қалай дейсіз ғой? Түн ішінде Мақашқаладағы үйінің есік, терезесін бітеп, тірілей өртеп жіберді. Куә да, кінәлі де жоқ. Тым-тырыс қалды… Кетті-ау, менің ноғайым!

***
Москвада бір түркімен жігітпен әңгімелесіп қалдым. Ұзын бойлы, көрікті. Ата сақалды бұлар иегіне оздырмай тамақтан қояды. Бәрі-бәрі бойына жарасып тұрды. Кәсіпкер екен. Сөзіміз үйлесіп жүре берді.
– Сен бізге жиен болғанмен тегің қазақ қой, – деп әңгіме бастады. – Бос сөзге үйір халық екенсіңдер.
Бұлардың уәдешіл, мәрт, ешкімді сатпайтын ел екенін білсем де шамданып қалдым.
– Дәлелмен сөйле.
– Айтайын, – деді нағашым. – Кешегі 2000 жылдары бір қазақ азаматымен бірігіп бизнес жасадым. Қолымыз жүріп берді. Табыс түсіп жатты. Бір принципті мәселеге келгенде екеуміздің ойымыз екіге жарылып, ерегестік те қалдық. Дау қызған сәтте қазағым «Мен сені өлтірем. Қаныңды ішем!» десін. Шошып кеттім. «Өлтір!» деп қарсы алдына тұра қалдым. Жоқ, өлтірер емес. Мен тосып тұрмын. Кейін сабасына түскен соң сұрадым. «Неге айтқаныңды орындамадың?» деп. «Е, жәй сені қорқытайын деп айтқанмын», – деп қарап тұр. Сосын қой, мынау маған жолдас болмайды, екен деп іргемді аулақ салдым.
– Неге?
– Түркімендер текке сөйлемейді. Қастасқан дұшпанын өлтірем деді ме, өлтіруі тиіс. Оны істемесе ез деген ат алады. Ешкім оны адам қатарына қоспайды. Санаттан шығарады. Тіпті өз ажалы да сол өз сөзінен келуі ғажап емес. Солай, жиен! Сөзге сақ болу керек.
Үнсіз мойындадым.

***
Мақашқалада (Дағыстан) ноғай ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Сражаддин Батыров деген азамат өтті. Жігіттің төресі еді. Өзі әнші, биші әрі ақын. Алматыға келген сапарында танысып, достасып ек.
– Ноғайдың басына нәубет орнады. Санымыз санаулы, бар-жоғы алпыс мың ек. Оның өзі төрт аймақта шашырап жүр. Минвода қаласынан күніне он бес минут ноғай тілінде хабар беріледі. Мектеп жоққа тән. Тіліміз шұбарала. Қыздарымыз кім көрінгенге тиіп кетіп жатыр. Түбіміз бір, тегіміз ортақ, бізді Қазақстанға қосып алсаңдаршы. Құрып бітуге айналдық қой. Жатқа жайған құшақтарың бізге келгенде қусырылып қалатыны несі? Бір туған қазағым-ау…
Жылап отыр екен. Жұбатар сөз таба алмадым.

***
Ғайса пайғамбар:
– Мен өлген адамға дем салып, жан кіргізген кезім болған. Бірақ Құдай топас ғып жаратқан адамның ешқайсына ақыл кіргізе алмадым, – деген.

***
Қазірде тасқа емес, оқыған топасқа сүрінетін болдық.

***
Есі бар ел есуасын да түгендейді. Біз қай есепте жүр екенбіз?

***
Бәрі бай-бағланның қолында, ал сенде қара бақыр да болмаса ол, елді Отаным деп есептеуге бола ма?..

***
Халық ақшаның тілін білгенмен, адамның тілін білмейтіндерден шаршады.

***
Ұят – біреу. Бет – екеу. Қалай жеткізерсің.

***
Ұят адаммен бірге туып, бұрын өледі.

***
Ұят – тауар емес. Бірақ дефицит!

***
Көр қазған мен бас жазғанның сауабы бірдей.

***
Қазақ байыса қатын алады деуші еді. Қазіргі жаңа қазақтар қатынды «движимый» деп есептеп, недвижимость алып алды.

***
Әрі қарап жылап, бері қарап күліп қашанға дейін жүрер екенбіз?!

***
Алдақаш деген ұлттық ойын қызып тұр. Мәресі мен сөресі көрінбейді.

***
Ай шалқасынан туса, күн салқын болады деп жорып «Мә, саған!» – деп қолындағы таяғын соған қарай лақтыратын аңқау шалдардың ұрпағы ек. Заман – түлкі. Біз кім болып шалар екенбіз?!

***
Ит ине жеп өледі, бөрі оқ жеп өледі, ашқарақ бизнесмен кредит жеп өледі.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.