Еділдің тәтті тағамдары тіл үйіреді

90

Бүгінде жеке кәсібін ашып, ауданда игілікті істерімен таныла бастаған жастар қатары артып келеді. Соның бірі – Еділ Әбдіқадыр. Ол Алматы қаласындағы Алматы технологиялық университетінде мейрамхана ісі-мейманхана бизнесі мамандығы бойынша білім алған. Университетте білім ала жүріп қосымша Тараз қаласындағы «Гүлнәр» кәсіптік оқыту орталығында үш айлық курстан да өтеді. Сөйтіп «II разрядті аспазшы» атанған.

Еділ жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған соң туған ауылына оралып кәсіп ашуды көздейді. Осылайша өткен жылы аудан орталығынан қараусыз қалған ескі ғимаратты жалға алып, өз қаражатына жөндеп, әрлеу-сәндеу жұмыстарын жүргізеді. Сөйтіп «Edisson’s cooking», яғни «Еділдің тағамдары» аталатын 28 орындық дәмхананы ашады. Бұл дәмхананың халыққа қызмет көрсетіп келе жатқанына үш айдың жүзі болыпты. Бүгінде келушілердің де қатары күн санап артуда. Дәмхана аз уақыт ішінде тұрғындардың сүйікті тамақтану орнына айналып үлгерген. Сонымен қатар дәмхана тағам жеткізіп беру қызметімен де айналысуда.
Кәсіпкер үш адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Еңбекақылары күнделікті төленеді. Бұдан бөлек, Еділ өзінің 7 адамнан құралған тобымен бірге тапсырыспен той-жиындардың, мерекелік отырыстардың, туған күндердің дастарқанына қойылатын тағамдарға тапсырыс қабылдап, түрлі ас мәзірін дайындап берумен де айналысады. Тапсырыс берушінің үйіне барып, асханасын пайдаланып, қонақ бөлмеге әдемілеп дастарқан жаяды. Кәсіпкердің сөзінше, бұл топ біраз жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді.
Еділдің аудандық «Аяла» қайырымдылық жобасының мүшесі екенін айтпай кетуге болмас. Мұнда көмекке мұқтаж жандарға материалдық, қаржылай көмек көрсетіледі. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дегендей, ол ағылшын және орыс тілдерін де жетік меңгерген. Тағы бір айта кететіні, жас кәсіпкер ай сайын Шымкент, Тараз, тағы басқа қалалардағы бас аспазшылармен тәжірибе сабағына қатысып, пікір алмасып отырады. Мұның өзі Еділдің өз ісіне деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
– Адам өзіне ұнайтын іспен шындап айналысқанда ғана, еңбегінің жемісін көреді. Сол секілді мен де бала кезімнен анам Айгүлден тамақ әзірлеудің қыр-сырын үйренген едім. Себебі тәтті тағамдардың қалай жасалатыны мені қызықтыратын. Ата-анамның Қарасаз ауылында шағын наубайханасы бар. «Ас атасы – нан» демекші, мұнда нанның сан алуан түрі пісіріліп, аудан орталығына және басқа да ауылдарға жеткізіледі. Яғни, кәсіпкерлікке бет бұруға ата-анам себепші болды деуге негіз бар. Жастар жас шыбық секілді, қалай майыстырсаң сонда майысады. Дегенмен адамның өзінің алдына қойған айқын мақсаты, өзіндік пікірі болуы керек. Сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек еткен дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана жақсы жетістіктерге жетесің, – дейді Еділ Жанәділұлы.
Еділдің алдағы уақытта дәмхана ісін жандандырып, аудан орталығынан үлкен мейрамхана ашу жоспарында бар.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.