- Advertisement -

Көрген-баққан

121

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***

Жүргіштеу қыз екен. Әсіресе шетелден келгендерге әуес. Сонысымен-ақ дәулет жинапты. Бір жолы кітабымды алдыма тосып, қолтаңба сұраған. «Тон кием деп қайыстан, тоғыз түрікпен сайысқан батыр қарындасыма ризалық көңілден», – деген тілек жаздым. Қолымды қойдым. Алғыс айтып кетті.

***

Ақсақалдар түшкіріп жіберсе тау жарылып кетердей боп тұр…

***

Италия сапарында бір топ үндістерді кездестірдім. Қала орталығында ән салып, садақа жинап тұрды. Әйел, еркегі, бала-шағасы бәрі, бәрі… Жандарына барып ұзақ тұрдым. Еркін сөйлесер тіл жоқ. Ыммен не айтуға болады? Сосын Ай дедім. Оларда осы сөзді қайталап, сұқ саусағымен аспанды түртті. Ата, алма, балта, қайық, тау деп шұбырта жөнеліп ем. Әлгілер абдырап, у да шу боп мені ортаға алсын. Ағайындарын көргендей аңқылдап әңгіме айтып жатты. Қимай қоштастық.

Түбіміз бір туыс екеніміз рас қой.

***

Тышқан дәнді ініне тасиды, біздің биліктегілер қолына түскен ақшаны шетелге тасиды.

***

– Түркімен төрін бермейді деп жатамыз. Жоқ, олай емес. Олар үлкен ғып текемет басқанда бетіне әр рудың таңбасын қоса салады. Мысалы, Теке сонан соң Жәуміт… осылай кете береді. Келген қонақ сол өз таңбасының үстіне отыруы тиіс. Басқа рудың таңбасына құйрық басуға болмайды. Бұл жазылмаған заңдылық!

Мәселен, сіз құдайы қонақ боп келе қалдыңыз дейік. Ақбоз үйде өңшең түркімен шалдары отыр. Сізге ешқайсысы да ығысып орын бермейді. Өз таңбасының үстіне отырғызбайды. Ендеше іргеге жайғасыңыз. Ол жерде құлын жарғақ төсеулі жатыр. Міне, әлгі сөздің құпиясы осы!

Бұл да бір тектіліктің көрінісі-ау!

***

«Я, Құдай! Бізді шайтаннан, құйрықты жұлдыздан, түріктерден сақтай гөр!» XIV-XVI ғ. Европа халықтарының дұғасы.

***

Бұл заманда біреудің ойы Байронда, біреудің ойы айранда.

***

Иманғали кездесіп хал сұрады.

– Жақсы, – дедім. – Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта.

***

Рулық деңгейдегі ел ұлт болып ұйымайды. Үндістердің де трагедиясы осында!

***

Жан-жағымнан қырық қарға қарқылдады. Орталарына бір тасты жіберейін дегенмін. Олардың басын емес, жазығы жоқ тасты аядым.

***

Бір байдың жұртына екі тышқан таласыпты, деген бала күнде естіген ертегі бар-ды.

Ертегі де нақты өмірден көрініс табады екен-ау…

***

Кейде-кейде Құрманғазы көкемнің «Сарыарқа» күйіндей жұлқынып, дабылдатып кететінім бар. Адам туған топырағы мен табиғатынан аса алмайтыны рас білем.

***

Сүмелек біреу мен жайлы жазып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығыпты. Мынау шынында да ит екен ғой деп жүдә қуанып қалдым.

***

Түркімендер ұлттық қазынаға аса сақ. Бренд деп күні-түні бірдей күзетеді. Мәселен, сіз қай ұлт болсаңызда бәрібір, түркіменнің бір күлімкөз гөзаліне ғашық болдыңыз делік. Үйленгіңіз келді. Кешіріңіз, алдымен Үкіметке қалыңмал есебінен 50 мың доллар төлейсіз. Ал, қыздың әке-шешесі, ағайын-тумасымен өзіңіз келісе беріңіз. Әйтпесе қыз жоқ. Шекарадан аттап бастырмайды. Сол сияқты ақалтеке мен алабайы, нәзік ою-өрнекке малынған кілемі де сондай құрметте. Бұл олардың ұлттық мақтанышы! Жол-жөнекей қолтыққа қысып кете алмайсыз! Міне, өз-өзін құрметтеген елдің көрінісі!

Бізде ше? Қазақта бәрі де бар, бәрі де жоқ!

Әкет, тасы, үйлен, құрт, жой, қызығына бат! Кім қолыңнан қағар екен?! Жалаңаш құйрығыңмен тақырға отырған соң ес жиғаның кімге керек?..

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support