ЖАЙНАЙ БЕР, ЖАҢАТАС!
ЖАЙНАЙ БЕР, ЖАҢАТАС!
Қарт Қаратаудың қойнынан орын тепкен Жаңатас қала мәртебесін 1969 жылы 25 маусым күні иеленді. Кеншілер шаһарының атағы аз жылда айдай әлемге белгілі болды. Қала маңындағы кен орындарда зерттелген фосфор шикізат қорының өзі 100 жылға жететіндіктен, Жаңатастың болашағына байырғы тұрғындар үлкен үмітпен қарап келді. Қаланың баяғы базарлы да думанды шағы қайта оралатынына сенді.Үмітін үкілеген жаңатастықтардың көбі тас-талқаны шықса да алтын мекенге айналған шағын қаланы тастап, үдере көшіп кетпеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен 1997 жылы Сарысу ауданының орталығы болып белгіленген соң, аудандық мекеме, кәсіпорындар қоныстана бастады. Оның үстіне фосфор шикізатын игеріп жатқан «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бойына кейінгі он жылдың көлемінде қан жүгірді. Қала бүліне бастаған тұста басқа өңірден нәпақа іздеп кеткен байырғы кеншілер өздерінің бұрынғы жұмыс орындарына оралды. …Жаңатасқа жарты жылдай жол түспепті. Ұзынқұлақтан «қала құлпырып, жайнап жатыр. Түнгі Жаңатастың өзі күндізгідей самаладай жарқырып тұрады» дегенді арагідік естіп қалып жүрдік. Қаланың қаз тұрғанынан бастап, өрлеу, дәуірлеу және құлдырау шағы көз алдымызда өткендіктен сонда іссапарға аттандық. Тараздан шыққан шетелдік жеңіл автокөлік тақтайдай тегіс жолмен зулап отырып, аудан орталығына екі сағат уақыт болмай-ақ жеткізді. «Жаңатас қаласы» деген қақпадан өткен сәтте жолдың сол жағындағы есік-терезеден жұрдай болған тоғызыншы шағын ауданның «мобиль» сериясымен салынған үйлері көзге абажадай көрініп, кісінің бойына қорқыныш ұялататын. Техниканың күші жетпейтіндіктен бұл үйлерді бұзып тастау мүмкін емес дейтінді еститінбіз. Жоқ, олай емес екен. Бірнеше үйдің тас-талқанын шығарып, қоқысын арнайы белгіленген жерге «КамАЗ» автокөліктері тасып жатыр. Осы жерде әңгімеге аудан әкімі Қанатбек Мәдібек араласты: – Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламаға енген 27 қаланың ішінде Жаңатастың болуы кезінде «кеншілер қаласы» болып дүрілдеген шаһардың жұлдызды жылдарының қайтып оралуы деп ойлаймын. Жаңатас қаласын 2013-2014 жылдары әлеуметтік-экономикалық кешенді дамытудың жоспары аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілді. Сонымен қатар, қаланың бас жоспарын бекітіп алдық. Кейінгі жылдары қалаға құйылып жатқан миллиардтаған теңге қаржыны айтпағанның өзінде 2012 жылы бағдарлама аясында пилоттық жыл ретінде 82,9 миллион теңге бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мына шағын ауданның орны толық тазарып біткен соң, көркіне көз тоймайтын саябақ ашамыз. Қазір оның сызбасын дайындап қойдық. Ал, енді қаланың тыныс-тіршілігімен өздеріңіз танысыңыздар. Бұрын, кеше қандай еді, қазір қалай болыпты журналистік көзқараспен зерделеп көріңіздер, – деді. Отыз жылға жуық журналистік қызметімізде талай басшы азаматтарды көрдік. Өзі басқарып отырған өңірдің мал-жаны түгілі тауығының санына дейін, қай жылы қай салаға қанша қаржы бөлінгенін жатқа айтып беретін әкімдер болады. Қанатбек те сондай болып шықты. Қай бағдарлама арқылы ауданға қанша қаржы бөлінгенін, оның қаншасы игерілгенін қағазға қарамай баяндап берді. Бар-жоғы екі жылға жетер-жетпес мезгілде іскер әкім атанып үлгерген азамат былтырғы қақпақыл ойнатқан қара дауылда шатыры ұшып кеткен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың үстінде жүргенін талай көріп едік. Енді, қаланың сәнін кетірген көпқабатты үйлерден тез арылу үшін жұмыс басында тікелей өзі басшылық жасап жүр. Ары қарай аяңдадық. Қала расында да құлпырып кетіпті. Жол бойындағы көздің жауын алатын гүлзарлар, Тәуелсіз қазақ елін паш еткен көрнекіліктер қандай, шіркін! Жаңатастың ауық-ауық соғатын боранына шыдамай шатыры қайта-қайта ұшып жататын аудандық орталық аурухананың келісті келбетіне кісі сүйсінеді. Қаламен бірге жасап келе жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына дейін адал еңбекке шақыратын жалынды сөздер жазылып, ілінген. Аудан әкімі аппаратының ғимараты алдындағы биік тұғырдағы желбіреген көк Ту атқарылып жатқан осынау ауқымды тірлік Тәуелсіздіктің жемісі екенін айғақтап тұрғандай. Ала жаздай жұмыс аптасының соңына қарай мекеме, кәсіпорын ұжымдары өнерпаздарының концерттік бағдарламалары өткізілетін орталық алаң да өзгеше бір күйге енген. Баяғы «Достық» мейрамханасының орнына салынған Спорт кешенінің ғимараты әсем үйлесім тапқан. Орталық саябақта жастар екеуден жайғасыпты. Сәл әрідегі «Ұрпақтар» саябағында да қариялар әңгіме көркін қыздырған. Тұрар Мысықбаев, еңбек ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, саламатты өмір салтын насихаттаушы: – Менің барлық саналы ғұмырым осы Жаңатаспен тікелей байланысты. Дәлірек айтсам, жоғары оқу орнын бітірген соң, бірер жыл ауданнан тысқары өңірде еңбек еткенім болмаса, одан кейінгі өмірімнің бәрі осында өтті. Осы уақытқа дейін қалада мынадай қайнаған жұмыс болған емес. Нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде адамдар қолымен жасалған дүниенің тас-талқаны шығып жатқанда жүрек шіркін сыздап қоя беретін. Қаланы аман алып қалу жолында талай басшының есігін қақтық. Түрлі іс-шаралар да өткіздік. Тараз қаласының 2000 жылдығы облыс орталығында кең көлемде тойланып жатқанда Жаңатастан Таразға дейін жүгіріп бардым. Сондағы мақсатым – Жаңатасқа елдің, ат үстінде жүрген азаматтардың назарын аудару еді. Одан да нәтиже болмады. «Игіліктің ерте кеші жоқ» деген рас екен. Ақыры қаламыз моноқалалар тізіміне енді. Елбасының тікелей ықпалымен ресейлік алпауыт – «ЕуроХим-Тыңайтқыш» компаниясы келді. «Қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық» болып жатыр. Былтыр күзде компания мына «Көкжон» кен орнынан алғашқы жарылысын жасағанда қуаныштан жанарым жасаурап кетті. Ірі құрылым Жаңатасты ғана емес, Қаратау қаласының инфрақұрылымын жаңғыртуға жыл сайын қыруар қаржы бөліп жатқанын естіп жатырмыз. Манарбек Әлиев, ішкі істер қызметінің ардагері: – Қалада 1980 жылдан бері тұрамын. Полицияда қызмет еткендіктен Жаңатастың адамдары түгілі, әр тасын танимын. Қала тікелей Мәскеуге қарап тұрғанда мұнда кім келмеді? Түрме де, әскер де болды. Тәуелсіздікке дейін талай ұлттың басын қосқан шағын шаһардан келімсектер үдере көшті. Тіпті, тұрақты жұмыс болмаған соң, жергілікті ұлт өкілдері де басқа өңірлерге кетіп жатты. Содан барып жүздеген көпқабатты үйлер қаңырап бос қалды. Ол қаңғыбастар мен ішкіштердің тұрағына айналды. Есік-терезе, едені отқа кетсе, темір-терсегі металл сынықтарына айналды. Шынымды айтсам, қала ешқашан қалпына келмес деп ойладым. Мазасыз жұмысымның барлық жылы осы қалада өткендіктен жылы орнымды суытқым келмеді. Уақыт шіркін бәрін орнына қояды екен. Қазір жан-жағыңа қарасаң, құлпырып жатқан дүние. Көшелері қандай?! Жалтырап жатыр. Қала ішіндегі орны тегістеліп жатқан көпқабатты үйлердің орнынан коттедждер бой көтереді дегенді естіп жатырмыз. Сіз түнгі Жаңатасты көрдіңіз бе? Неше алуан шамдар, түнгі аспанға атылған сан түрлі жарықтар. Бір қиырда жатқан шағын қалаға осындай қамқорлық жасап жатқан Елбасымыз бен Үкіметімізге айтар алғысым шексіз. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңір тізгінін қолға алғалы бері талай рет келіп-кетті. Жоғары лауазымдағы кісілердің келіп тұрғаны жақсы. Қажет нәрсеге көмегін тигізеді, қамқорлық жасайды. Жанна Жетенова, аудандық «Сарысу» газетінің тілшісі. – Мен де Жаңатаста талай жылдан бері тұрамын. Өзім Шығыстың қызы болсам да осы қаланы ешбір шаһармен айырбастағым келмейді. Журналист болғандықтан аудандық, қалалық әкімдіктердің түрлі жиындарына, әр алуан басқосуларына жиі қатысып тұруымызға тура келеді. Қайсыбір алқалы басқосуда болмасын қаланы одан әрі көркейтіп, өркендету күн тәртібінде тұрады. Жалпы, Жаңатаста жасампаз халық тұратынына менің көзім баяғыда жеткен. Жарығы, газы, жылуы жоқ қалада екі қыс тұрса да мыңқ етпеген жаңатастықтар бұл. Сол бір қиын-қыстау күндері алдыңғы толқын уақытша қиындыққа шыдауымызды, әлі-ақ жарқын күндер келетінін айтудан бір жалыққан жоқ. Сол үлкен кісілердің айтқандары келді. Жаңатас жұмаққа айналып келеді. Қазір біз қайда барып демаламыз, жұмыстан бос уақытымызды қайда өткіземіз демейміз. «Орталық», «Балалар», «Ұрпақтар» саябағы дейсіз бе, толып жатыр. Ең бастысы, қалалықтар мен қонақтарына тынығу үшін барынша жағдай жасалған. Енді қала іргесіндегі Бүркітті елді мекенінің тұрғындары үшін 9 шағын ауданның орнынан тағы бір саябақ ашылады дейді. Бұдан артық не керек?! Қаланың қай жағына барсақ та еңсесін көтерген, жүздері жадыраған жаңатастықтарды көрдік. Тілдескен жанның бәрі Мемлекет басшысына алғыстарын жаудыруда. Адамға жайлы өмірден басқа не керек? Қирап қалған қаланы тікесінен тік тұрғызып, құлпыртып, жайнату Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты арқасында мүмкін болды дейді олар. Әлбетте, біз бұл дүниемізде аудан орталығын көркейтуге бөлініп жатқан миллиардтаған теңге сомасындағы цифрларды тізбектеп жатуды жөн көрмедік. Онсызда «Ақ жол» Жаңатас қаласындағы атқарылып жатқан тірлікті мүмкіндігінше жазып жатыр. Айтпақшы, әкіммен әңгіме барысында қалада пәтер кезегінде тұрғандардың саны күн санап артып жатқанын естіп қалдық. Былтыр ғана кезекте тұрғандардың саны 800 адам еді. Үш бірдей көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілгеніне қарамай, қазір кезек саны 1200-ге жетіпті. Аудан әкімі пәтер кезегіне қоюға жатпайтын өндірісте еңбек ететіндерді ипотекалық жолмен тұрғын үймен қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді. Бұл – жөн. Жаңатас – аудан орталығы болғанымен, өндірісті қала. Ертең «ЕуроХим-Тыңайтқыш» толық қуатында жұмыс істеген кезде мың-мыңдаған жұмыс күші қажет болады. Осыны ескерген аудан басшылығы жөндеуге жататын әлі он шақты көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне ұсынбақшы. Жаңатасты аралай жүріп, тағы бір әңгімені құлақ шалды. Баяғыда үйлерін тастап, жан-жаққа үдере көшкендердің кейбірі қайта оралып жатса керек. Содан да қалада пәтер бағасы шарықтап кеткені соншалық, Тараз қаласындағы бағаға жетіп қалыпты деседі. «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» десек те, олардың арасында тау-кен, тағы басқа қажет мамандар болса, құшақ жая қарсы алу керек шығар. Ертең Жаңатас маңындағы кен орындарындағы ырғын байлықты игеруге білікті мамандар қажет болады. Тараз қаласын бетке алып, үлкен жолға түстік. Шамалы жүрген соң, көліктен түсіп соңымызда қалып бара жатқан түнгі Жаңатастың көрінісіне көз тастадық. Ішкі істер қызметінің ардагері айтқандай, неше алуан шамдар, түнгі аспанға атылған сан түрлі жарықтар... Тіл ұшына «Жайнай бер, Жаңатас!» деген тіркес келе берді.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.