- Advertisement -

Адам баласы жақсылық жасау үшін жаратылған

102

- Advertisement -

…Менің алдымда сүйкімді жас келіншек отыр. Қасында қарақаттай көздері жәудіреген, жан-жағына үрке қараған үш-төрт жасар қызы бар. Келіншек ағынан жарылып:
– Дәрігер аға! Сізге рақмет айтуға арнайы келдім. Сіздің кеңесіңізбен Алматыға, А.Сызғанов атындағы Хирургиялық ғылыми орталыққа барып, өңешіме операция жасатып келдім. Құдай жарылқап, ота сәтті өтті. Енді бұрынғыдай тамақ ішкенде қиналмайтын болдым. Сіздің көмегіңіз болмағанда не болар едім. Рақмет, көп жасаңыз, аға! Сый-абыройыңыз артып, жақсылық жаныңызға әрдайым серік болсын! – деп қолымды қысты.
Сонда менің ойыма жаз айларының бірінде келіншектің қабылдауыма келіп, бар болған оқиғаны ақтарып салғаны есіме түсті. Оның айтуынша, 18 жасқа енді ғана толғанда, бір жігіт алып қашып, қанша көнбесе де өзіне жар етіпті. Азапты өмір бір жылдан кейін-ақ басталыпты: күйеуі күнде жұмыстан ішіп келіп, себепсізден-себепсіз жанжал шығарып, қызғаныштан үйде тырп еткізбей ұстап, бірте-бірте қол жұмсайтын болған. Бірнеше рет әлгі келіншек өз ата-анасының үйіне қашып барған. Бірақ күйеуі ізінен қуып барып, айқай-шу шығарып, сүйрелеп алып кеткен. Содан тағдыр тәлкегіне түскен келіншек әбден қиналып, өмірден түңіліп өзіне-өзі қол салмақ болып сіркесу (уксус) қышқылын ішеді. Ауыр халде ауруханаға түседі. Дәрігерлер күн-түн демей, бар күштерін сарқа жұмсап, қышқыл әсерінен күйіп, жидіген өңешке тиімді ем қолданып, жас келіншектің өмірін сақтап қалады. Бірақ күйген өңеш ас өткізу қабілетін нашарлатып, уақыт өте келе сұйық тамақтың өзі өтпей қалады. Бұл дегеніңіз – аштан өлумен тең. Аштықтан жүдеп, әбден қажыған келіншек барар жері, басар тауы таусылып, менің алдыма келген болатын. Енді міне, хирургиялық отаның көмегінің арқасында ас қабылдауға қайта мүмкіншілік болыпты. Бірнеше жыл жаны қиналып, операция пышағына ілігудің себебі – сол біз әңгіме етіп отырған суицид немесе өзіне-өзі қол жұмсау.
Еңбек ететін орным аурухана болған соң, сирек болса да әртүрлі жастағы өзіне-өзі қол жұмсаған жандармен ұшырасуыма тура келеді. Әртүрлі себептермен өмірмен қош айтысу мақсатында дәрі-дәрмектерді уыстап ішіп, улы сұйықтарды жұтып, уланып, жанын қиып жатқандар қаншама? Түрлі себептерге (бақытсыз өмір, баянсыз махаббат, қызметтегі жайсыздық, отбасындағы берекесіздік, ұрыс-жанжал, кикілжің және т.с.) шыдай алмай, биіктен құлап, өзін суға батырып, тапанша немесе мылтықпен атылып, күре тамырын қиып, қансыраудан көз жұмып жатқандар ше? Өз қолымен киіміне бензин құйып, от-жалынға оранып, күл болып өртеніп кеткендер немесе жүйткіп келе жатқан пойыз, автокөлік астына өзін-өзі тастап жатқандар да ел ішінде жоқ емес. Әйтеуір жүйкесі жұқарған адамдар саны азаймай тұр. Бір нәрсеге ашуланса, ренжісе, қапаланса, отбасында кикілжің немесе түсінбеушілік туса «өлемін» деп тұра далаға жүгіреді. Бала өсіріп жатқан ата-ана да балаларына қарсы қатты сөз айтуды қойды. Оларда үрей басым. Беті аулақ, «сіркесі су көтермейтін» базбір жасөспірім дәнеңеге тұрмайтын ренжісуден кейін өздеріне қол жұмсап жатқандары баршылық. Тіпті, әскер қатарында жүрген өрімдей жас сарбаздар арасында да суицид тыйылмай тұр. Өзiн-өзi өлiмге итермелеу жағдайы белең алып бара жатқан қоғамда «баламды суицидтен қалай қорғаймын?» деп басын қатырып жүрген ата-ана бұл күндері аз емес. Біразының уайымы баласы өскен сайын үдей түсiп, түнгi ұйқысы төрт бөлiнуде. Ендi не iстемек? Баланы қалай тәрбиелемек? Маңдайына шаң қондырмай, аялап өсірген баласының өмiрiн сақтап қалуды ойлайтын кез келген ата-ана көп сауалға жауап таба алмай басы мең-зең болып жүргені рас.
Жігітімен немесе қызымен ұрысып, араздасқан жасөспірім, тұрмыстың ауыртпалығын көтере алмаған әйел, түртпекке түсіп, бастығымен керісіп қалған ересектер, жалғыздықтың тауқыметіне шыдамай, қапаланған жандар, бір себептермен аяғын сәл қия басқан қызметкер, созылмалы аурудан айыға алмаған науқас, араққа салынған, есірткіге бой ұрған қауқарсыз пенде өзіне-өзі қол жұмсауға дайын тұрады. Тағысын, тағы… Оларды ойласаң, бар денең мұздап, суық қара тер маңдайыңнан бұрқ етеді, қорқыныш пен үрей тұла бойыңды билейді. Уақытша қиындықтарға төтеп бере алмай өзіне-өзі қол салатындар неге көбейіп барады?
Өкiнiшке қарай, қазiргi қоғамда суицидтiң барлық түрi көбейiп кеттi. «Десек те, әр түйткiлдiң бiр шешiмi бар. Себепсiз салдар болмайды. Нелiктен қоғамда балалардың, жастардың өзiне-өзi қол жұмсау оқиғалары жиiлеп кеттi? Әлде, батыстанып бара жатқан жасөспiрiмдердiң тәрбиесiн уысымыздан шығарып алдық па? Бәлкiм, «баланың бетiнен қақпай өсiру керек» деген кейбiр ұлттың бiзге жат тұрмыс-салтын бойымызға сiңiрдiк пе? Мүмкiн, дәстүр сабақтастығы үзiлген, адамдары азғындаған қоғамның iштей iруi осыған әкелiп соқты ма? Сансыз сауал сананы сан-саққа жүгiртедi», – деп ой түйеді журналист Динара Мыңжасарқызы ертеректе жазған мақаласында («Түркістан» газеті, №4, 27 қаңтар 2011 ж.).
Әлгі сұрақтарды ой елегінен өткізіп, өзімізше жауап іздедік. Бiрiншiден, қалада болсын, ауылда болсын жастардың бос уақытын өткiзетiн бұрынғы клубтар мен спорттық орталықтар жетiспейдi. Содан кейiн жағымсыз әрекетке барып, бiрте-бiрте қылмыс жасауды үйренедi. Немесе ойлап отырсақ, өз ортасынан көңілі жақын дос, ой-пікір бөлісетін, тіпті, кейде мұңын шағатын құрбы-әріптес таппай, жалғыздық қасіретіне тап болып, депрессияға ұшыраған жандардың көңіл-күйін біз осы сезіне білеміз бе? Оларды сол ауыр ойдан, жан күйзелісінен шығару мақсатында біз, қоғам мүшелері, не істеп жатырмыз? Теледидарымыздан күндіз-түні үзіліссіз беріліп жататын кинофильмдердегі адамдар арасындағы жауыздық, бопсалау, тонау, атыс-шабыс, төбелес, қан төгіс, аяусыз кісі өлтіру (әсіресе ресейлік телефильмдерде). Мұның соңы зұлымдыққа, қатыгездiкке итермелейтiнi айдан анық. Екiншiден, суицид көрсеткiшiнiң көбеюiне елдегi эконо-микалық дағ-дарыстың да әсер еткенін жасырмауымыз керек. Қаншама отбасының асыраушысы жұмыстан қысқарып, жұмыссыздықтан сенделіп, күнделiктi нәпақасынан айырылды. Бұл да отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде өмiрдiң ақ-қарасын жаңадан танып келе жатқан жасөспiрiм тәрбиесiне ауыр тиетiнi сөзсiз. Әкесі мен шешесі бірін-бірі сүйетін екі жастың қосылуына қарсылық жасаса, кездесуге тыйым салса екеуі де махаббат жолында бірігіп көз жұмуға дайын тұрады. Содан барып жастар өздеріне қол жұмсайды. Әттең, сөйтіп олар ата-анасын, жақындарына орны толмас қайғы-мұңға, мәңгілік қасіретке батырып кететіні өкінішті. Қазіргі адамдар арасында көмескіленіп бара жатқан жақындық, достық, бауырмалдық, татулық сезім азайып, аш қасқырдай дүние қызығына түсіп кеткендердің ортасында қайырымдылық, өзгелерге қамқорлық, мейірімділік сиреп кетуі де өз салқынын тигізіп отыр емес пе? Ғадауат пен өшпендiлiк, кекшiлдiк пен жауыздық, өсек пен ғайбат, қастандық пен жеккөрушiлiк, бірін-бірі аямау, қатыгездік, алаяқтық адамдар арасында өршіп барады. Несін айта береміз, өмір сүру дәл қазір тым күрделеніп кеткендей…
«Пәлен-шенің қызы асылып қалыпты», «түгеншенің күйеуі атылып өліпті», «көрші ауылдың баласы дәрі ішіп, уланып жан тапсырыпты», «бір әйел өртеніп өліпті», «бір жасөспірім көпірден суға секіріп, көз жұмыпты» деген жайсыз хабарларды аракідік болса да естіп жатамыз. Өмірден жалығып, жаны күйзеліп, дағдарысқа ұшыраған болмаса өмірде кездесер әділетсіздік мен жалған нәрселерге жаны шыдамай, әлсіздік танытатын жандар саны неге көбейіп кетті? Оған не себеп, біле бермейміз. Әйтеуір, бұл күндері суицидтен көз жұмып жатқандар саны азаяр емес. Бiрақ осыны телеарнадан күнделiктi айқайлатып айту былай тұрсын, өзіне қол жұмсаған адамның мәйітін анық көрсету дұрыс па? Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн теледидарға телмiретiнiн ескерсек, бұл әркімге, әсіресе жасөспiрiмдердiң санасына селкеу салмай ма? Тiптi, мұны күйбең өмiрдiң кәдуiлгi жаңалығы ретiнде қабылдайтын дәрежеге жеттiк десек өтiрiк емес. Кейде, менің пайымдауымша, тіпті, сол хабарлар арқылы, әр себептерден жүйкесі жұқарып, толқып жүрген жасөспірімдерге өзін-өзі қалай өлтіру керек екеніне дайын «рецепт» жазып беретіндей көрінеді. Бұрын мұндай оқиғалар iшiнара кездескенімен, оны көпшілікке тым дабыра етпейтін едi. Қазір апта сайын теледидар жантүршігерлік, жүрек сыздатар суық хабарды елге таратып жатыр… Ғаламторды ашып жіберсеңіз «Әдемі әрі қиналмай өлуді білесіз бе?» деген сайттар қаптап жүр. Онда өзін-өзі өлтірудің әртүрлі жеңіл жолдары көрсетілген сантүрлі фотосуреттер жеткілікті. Әлгілермен танысқан жастар өмірде кездескен тауқыметтер мен қиындықтарға, рухани дағдарысқа ұшыраған сәтте және де басқа себептермен өз-өзіне қол жұмсауы әбден мүмкін емес пе?
Есімі тарихта қалған веналық психоаналитик Виктор Франкл дәрігер болып жүргенде мынадай сезімнің соңына түседі. Ол ақша табу үшін байларға ақылы қызмет көрсететін. Ал түстен кейін жағдайы жоқ кедейлерге тегін қарасады. Яғни, оларды емдегені үшін ақы алмайды. Кедейлер оған риза болып, алғысты жаңбырша жаудырады. Франкл олардан алғыс алған сайын бақытқа бөленетін. Кеудесі шаттыққа толып, бейне бір бұлттың үстінде қалқып жүргендей болады. Әрине, қалталы науқастар де алғыс айтуды ұмытпаған. Бірақ еңбегіне ақы алған соң жанды балқытып тұратын ләззатты таба алмай, өмір сүруге деген ынтығы азаяды. Клиникасының ақшаға тәуелді екенін біліп тұрса да, адамдардан алғыс есту үшін ақысыз қызмет көрсетуге құмартып алады. Жағдайы жоқ мұқтаж жандарға тегін қарасқан сайын оның өмірге құштарлығы арта береді. Осылайша Франкл шыбын жанға толассыз шабыт сыйлайтын шаттық сезімді кеудесінен шығарып алмау үшін барлық адам ұрпағына риясыз қызмет ету керектігін ұғына түседі. Осы жаңалығының негізінде В.Франкл депрессия мен суицидке қарсы «соғыс» ашады.
1924 жылы ол «Sozialistische Mittelschüler Österreich» деп аталатын мектептің президенті боп сайланады. Франкл осы қызметте отырғанда студенттерді өмірге ғашық етумен айнылысады. Оның бұл жолдағы қызметі өте жемісті болды. Ол басшылық еткен мерзімде Венадағы студенттер арасында бірде-бір суицид фактісі тіркелмеген екен (мектепті шамамен 10 жылдай уақыт басқарады).
Сонымен «Өмірдің мәні не?», «Бізді тіршілікке ғашық етіп, ажалмен айқасуға батылдық беретін қандай күш?» – деген сұраққа, Франкл: «Өмірдің мәні өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл-күйін шаттық сезімге толтыру. Адамдарға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де, оны да шаттыққа бөлеу» – дейді.
Суицидтің көбеюіне қаптап кеткен берекесіз діни ағымдардың да үлесі бар екенін баса айтуымыз керек. Діни секталар адам өмірін құнсыздандырып, «Құдай жолында шейіт болуға» әзір болуға дайындап жатса, базбір шала сауатты дүмше молдалар: «О дүниеде бүй-тесіңдер, сүйтесіңдер, пейішке енесіңдер» – деп әрдайым өлімді уағыздап, толқып жүрген жастардың сапасына теріс ықпалдардың зәрін құйып, оларды мәңгүрттікке, яғни соқыр «зомбиге» айнал-дыруда. Мына жарық дүниеде қиналып өмір сүргенше о дүниеге барғанды дұрыс санап жүргендер, тезірек сол «ғажап, рақат өмірге» жеткісі келеді. Беліне түрлі жарыл-ғыш заттарды байлап, өзгелердің жанын қию үшін өзіне де қол жұмсаған жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Шейіттік мәртебе бейкүнә жандарды өлтірумен келетін оңай нәрсе емес. Өздерінің діни сезіміне беріліп, Сирия және де басқа қантөгіс болып жатқан аймақтарға базбіреулердің «Шейіт болсаң жұмаққа барады екенсің» деген желбуаз, арбау сөзіне сеніп әйелімен, бала-шағасымен барып, өз бастарына пәле тауып, тіпті өлім тауып жатқан қанша жастарды білеміз? Радикалды діни уағыздарға соншама сенуге бола ма? Неге олар о дүниеге тезірек аттануды мақсат етеді? Олардың отбасы, балалары ертең қандай күйге тап болады? Саналы адамды осы сұрақтар толғандыру керек.
Ислам діні өзін-өзі өлтіруді ең үлкен ауыр күнәлардың қатарына жатқызады. Алланың Елшісінен сахабасы Хурайра жеткізген бір хадисте: «Бір адам өзін таудан тастап өлтірсе, ол адам жаһаннамда (тозақта) болады. Сөйтіп, өзін мәңгі тозаққа тастайтын болады. Ал бір адам у ішіп өзін-өзі өлтірсе, сол удан тозақта мәңгі ішетін болады. Сондай-ақ «бір адам өзін пышақпен немесе қылышпен өлтірсе, сосын сол пышағымен немесе қылышымен өзін-өзі тозақта да өлтіретін болады» – делінген. Өзіне қол жұмсаған пенденің жаназасын шығармай, айдаладағы жеке бейітке жерлеген. Әлгідей өлім шыққан отбасы мүшелері көпке дейін өздерін ыңғайсыз жағдайда сезініп, беттеріне шіркеу болып, елдің жүзіне тік қараудан қалған. Сондықтан әр ісімізге көрегенділікпен пайымдай қарап, жақындарымызды ешқашан орны толмас мәңгілік ащы қайғы-қасіретке батырып, өз қолымызбен өкінішке тұншықтырмайық.
Жастарды шыдамдылыққа, сабырлыққа шақыру, қиындықтарға төзімді болу, рухани күйзеліс пен жұтаңдықтан арылу мәселесіне барлығымыз бір кісідей атсалысқанымыз абзал. Біз көтерген осы бір ауыр мәселе жөнінде көпшілік болып ойласқанымыз артық болмас еді. Қазіргі таңда көп елге қасірет болып отырған суицидтен құтылудың қандай жолдары бар?
Ойлап отырсаңыз, адам өмірінен қымбат бұл дүниеде ешнәрсе жоқ. Өйткені адам өмірге бір-ақ рет келеді. Өткінші нәрсеге бола, уақытша кезіккен өткінші қиындыққа бола өз жанын қию – ауыр жаза, біле білсек, тіпті, артында қалған отбасы үшін сүйегіне таңба, ұмытылмас трагедия. Сондықтан сол Жаратқан иеміз сыйлаған өмірдің қиындығына да, ауыртпалығын да төзімділік, сабырлық, шыдамдылық көрсетіп, қабырғамыз қайыспай қайсарлықпен көтере білгеніміз жөн. «Лимоннан лимонад жасай білейік» деген екен бір білгір. Рас қой. Шыдамдылық, төзімділік болса, әлгі қиындық та, ауырлық та, күйзеліс те ерте ме, кеш пе өтер. Неге онда жауынсыз күні су болып, күйзеліске еніп, қапалыққа жол беріп, ұнжығамыз түсе беруі керек?
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қартайып шау тартқанша адамдық борышың – адам ұрпағына қуаныш пен шаттық сыйлау. Кез келген адамға жаның ашып, оның нәсіліне, ұлтына, түріне, дініне, тіліне, жынысына қарамастан оларға адал қызмет етіп, еткен қызметіңе мақтау, бодау, ақы күтпестен шаттық сезімге шомылып жүру – өмірдің негізгі мәні болып табылмақ». Бұл – В.Франклдің өлер алдында берген ең соңғы жауабы.
Өмір – ғажап! Өмір – қымбат! Жаратқан ием сені Жер бетіне жақсылық әкелсін, өсіп-өніп өз ортасын, қоғамды әрі қарай дамытсын, жақындарына бақыт сыйласын деп мына дүрбелеңге толы дүниеге әкелді. Сол сынақтан кім болмайық, нендей күйде жүрмейік, кез келген қиындықтарға төзімді, шыдамды болып, ар-намысымызды жоғалтпай, адами қасиетімізді сақтап өткеніміз жөн. Түн соңынан күн шығатынын әркез ұмытпайық.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support