Менің таңдаулы шәкіртім

72

Мақұлбек Біләлбекұлы өзінің еңбек жолын облыстық «Еңбек туы» газетінде бастап, үлкен шығармашылық жолдан өтті. Қатардағы тілшіден аға тілші, шолушы, жауапты хатшының орынбасары секілді қызмет баспалдақтарынан абыроймен өтіп, жүрегімен қалаған мамандығына қылаудай кір түсірмей, журналистика саласының нағыз білгірі ретінде танылды. Жиырма жылға жуық осы басылымда табан аудармай еңбек етіп, облыс баспасөзінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қазақстанның Құрметті журналисі атанды. «Әжемнің ақ батасы», «Ізгілік ілімі», «Ата жолы» секілді кітаптары жарық көрді.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мақұлбек Малдарбеков адам ғұмырының асқаралы белестерінің бірі – 70 жасқа толып отыр. Әріптесіміз облыстық телеарна мен облыстық радионың бас редакторы қызметтерін де атқарып, жас журналистердің өсіп кемелденуіне атсалысып, өзін тәжірибелі, білікті ұстаз ретінде көрсете білген ардагер.
Мақұлбек Біләлбекұлының мерейлі жасымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілей отырып, Жамбыл журналистикасының абызы атанған Баттал Жаңабайұлының шәкірті туралы мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Редакциядан

Баттал Жаңабайұлы,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.

Адамның ой-иірімдерінде шек жоқ. Және де сол шексіз-шетсіз иірімдерден тұратын ой -ұшқындар белгілі бір түйінге де оп-оңай келеді. Ол түйінге миынан мықтап орын береді. Мұны айтып отырғаным, белгілі журналист, қаламгер Мақұлбек Малдарбековтің жетпіс жылдығына орай сөз жазудың реті келіп, жоғарыдағы ойға оралтып отыр.
Бұлай деуіме себеп те, дәлел де жеткілікті. Мақұлбекті журналистік айдынға алғаш аяқ басқаннан білемін десем болады. Мен жиырма жылдай бас редактор болып істеген облыстық «Еңбек туы» газетінде ол еңбек жолын бастады. Қанаты сонда қатайды және тез қатайды. Қаламы ұшқыр, алымды-шалымды журналистердің легіне лезде қосылып жүре берді. Сол таңдаулы шәкірттерімнің бірі осы Мақұлбек болатын. Ұқыптылығымен, іскерлігімен әріптестеріне жақты, көңілдерінен шықты. Бізге қызметке келгенде Ахмет Қазыбаевтың бөліміне жібердім. Совет құрылысы бөлімінде тәжірибеден өтіп, өзін көрсеткен Мақұлбекті Ахмет ағасының қолдауымен жұмысқа алдым. Қателеспеген екенбіз, жас маман қаламының қайратын танытып, аға журналистермен бір сапта еңбек етті.
Оның мінезі, тәртібі адам қызығарлықтай болды. Біреумен сөзге келіп ренжіскенін көрген-естіген емеспін. Сондықтан да ол ерекше сый-құрметке, қамқорлыққа ие болып жүретін. Әдетте өзі ұнаған адамның әрқашан ісі де ұнап тұрады ғой. Басылымдағы 7-8 бөлімнің барлығында өзінің қабілет-қарымын көрсетіп, қатарластары арасында оқ бойы озып жүрді. Газеттегі жетекші бөлім саналатын партия тұрмысы бөлімінде саяси сауаттылығымен тұрақтап қалды.
Ол кезде «Еңбек туы» газетінде 57 адам жұмыс істеді. Соның біреуіне дауыс көтерген емеспін. Газеттен қате кетіп, қызметкерлер тәртіп бұзып жатса да, оларды зекіп ұрсудан, тұқыртып мұқатудан аулақ болдым. Бәрін ақылға салып, ешкімнің жанына жара салмауға тырыстым. Көңілдеріне көлеңке түсірмей, бәрін тең ұстауға барымды салдым. Үлкен мекеме болса да, бір-бірімен толық түсінісетін, бір-бірін тыңдайтын ұжым етіп қалыптастыруға болатындығына көз жеткіздім. Мен басшылық еткен жылдары Мақұлбектің кемшілік жіберіп, әдепсіздік жасапты дегеніне куә болғаным жоқ. Қайта өрге басқан еңбектеріне сүйсінумен болдым.
Міне осындай азаматты Жамбыл телеарнасына басшы болып келген тағы бір шәкіртім Мұса Рахманбердиев аттай қалап, өзіне орынбасарлық қызметке қабылдады. Мұнда да менің қос шәкіртім ерекше қабілеттерімен көрінді. Телеарна түбегейлі жаңарды, ойлы әрі салмақты дүниелер көрерменге жол тартты. Шәкірттерімнің аяқ алыстарына қуанып, оларға ақ батамды беруден аянған жоқпын.
Мақұлбек бұдан кейін облыстық радионың тізгінін ұстады. Осы ұжымды сегіз жыл басқарып, жаңа қырынан көрінді. Радионы талай жыл басқарған Көкіш Рысбаев сынды ағаларының жолын лайықты жалғап, тыңдарман жүрегіне жол тапты. Радионың мазмұнын байытып, көркемдік деңгейін көтерді. Бір кездері шәкіртіме ұстаздық етсем, кейінгі кездері шәкіртімнің тыңдарманы болдым.
Оқырман ретінде де журналист інімнің жазғандарын қалт жібермеймін. Баспасөз беттерінен оқып тұрамын. Сөз саптаулары, жүректі селт еткізер ой орамдары барлығы ойдағыдай, іскер азамат екендігі көрініп тұр. Мақаласынан жүректі жазушының, үлкен журналистің қаламының іздерін көремін. Бүгінде сақа журналист болғандығына көзімді жеткіземін.
Өткен жылдың қазан айында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы тойланды. Менің Мақұлбегім осы тойға қатысып, мерейін асырып оралды. «Мұқағали – мәңгілік сағынышым» атты шығармасы республикалық бәйгеде жүлдеге ілікті. Соның алдында ақиық ақынның туған күніне орай жазылған естелігін оқыған едім. Ал мынау жүлде алған мақаласы соның заңды жалғасы іспетті үлкен әсер қалдырды. Сол мақалаларды оқығанда риза болып қалдым. Мықты қаламгердің қолтаңбасын байқадым. Биікке көтерілген шәкіртімнің шығармашылық жолдағы қадамына тағы бір мәрте қуандым. «Мұқағали» журналына шыққаны бар, басқасы бар, барлығын жинақтап, кітап етіп шығаруға болатын сияқты. Сол кітапты шығарса, сол арқылы өзінің атын шығарса еш артықтығы болмайды деп ойлаймын.
Әркімнің жазуы өзіне лайықты болады. Мақұлбегім өзіне лайықты сүйкімді мақалаларын жаза беретін болсын, кітабын шығара берсін дегім келеді. Ардагер журналист болған соң оның да шәкірттері болады. Соларды шыңдап, тәрбиелей берсін дегім келеді.

Comments are closed.