Ынтымақ бар жерде жақсылық үстемдік құрады

6

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты жəне басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз» деді.
Президент қоғамды сауықтырудың бірнеше жолдары мен бағыттарын нақты атап беріп, ел экономикасын өркендету, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылым саласын дамыту, тағы басқа өзекті мәселелерді күн тәртібіне қойып, тиімді шешу жолдарын айқындады. Бұл ретте экономиканы көтеріп, халықтың тұрмысын жақсартуда еңбектері жемісті болуына тілектеспін. Қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп, жағдайды қалпына келтіріп, Қазақстанымызды тұрақты дамытуға атсалысуды азаматтық парызымыз деп санаймын.
Қалыптасқан ауыр жағдайда әрбір саналы азамат ортақ құндылығымыз – мемлекеттілігімізге байланысты өз ұстанымын анықтауға тиіс болды. Осындай сын сәтте анық байқалғаны халқымыз ауызбірлік, кемелділік танытты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «мен халықпен біргемін, ел астанасынан кетпеймін!» деген аталы сөзіне қанаттанды, жігерленді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» қоры құрылатынын жеткізді. Президент ондағы қаражат, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталатынын айтты. «Осы қор қаражатынан сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Және қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға қолдау болады. Бүліктен кейінгі Алматы қаласын қайта қалпына келтіруге жұмсалады. Сонымен қатар аталған қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетіледі», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақ – қашанда сабырлы халық. Қай дәуірді алып қарасақ, тарихтың көмескі тартқан беттерін парақтасақ қазақ елі ежелден бітімгерлігімен, араағайындығымен, достық қарым-қатынасымен ерекшеленгенін білеміз. Ырыстың, береке атаулының бастауы әсілінде достықта, адамгершілік қасиеттерде жатқаны мәлім. Ынтымақ бар жерде жақсылық үстемдік құрады.

 

Кәдірбек САДУБАЕВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.

Талас ауданы.

Comments are closed.