ҰҚК облыс бойынша департаментінде – жаңа басшы

19

Облыс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы болып Нұрлан Кәрібжанов тағайындалды. Осы қызметті атқарып келген Марат Ирменов Алматы қаласының ҰҚК департамент басшысы болып ауысты. Бұл туралы өңірлік жедел штабтың кезекті отырысында айтылды.

Нұрлан Қалқаманұлы бұған дейін ҰҚК-нің орталық аппаратында департамент басшысы лауазымын атқарған. Сондай-ақ ол 2011-2016 жылдары ҰҚК облыс бойынша департаментінің бастығы болып еңбек еткен.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа басшыны таныстырып, артылатын сенім мен жүктелген міндет жүгінің ауыр екенін баса айтты.
Аймақ басшысы қазіргі таңда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты мәселе екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі тұрақтылықты, тұрғындардың қауіпсіздігін, тыныштығын қамтамасыз ету керек. Ол үшін барлық жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар өзара бірлесе жұмыс істегені маңызды.
Халық өзін қауіпсіз сезініп, үлкендер жұмысқа, балалар сабаққа, балабақшаға емін-еркін баруы тиіс, – деді облыс әкімі.
Б.Сапарбаев бұған дейінгі штаб отырысында берілген тапсырмалардың орындалуын тездету қажеттігіне тоқталды.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысушы бүлікшілерді, араңдатушылар мен қарулы қылмыскерлерді анықтау, ұстау, қолды болған қару-жарақтарды қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, облыс коменданты Бақыт Ратаев баяндады.
Ол бүгінге дейін 143 қару-жарақ табылып, тәркіленгенін айтты.
Басқосуда төтенше жағдай режимі және коменданттық сағат талаптарының сақталу барысы, облыс аумағындағы 31 блок бекеттің жұмысы жөнінде де есеп берілді.

Comments are closed.