Үлкеннің өнегесін алып өскен жастан жамандық шықпайды

15

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барып, бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.

Алдымен аймақ басшысы ауыл тұрғындарының өтініші бойынша салынып жатқан Қаракемер ауылындағы амбулаториялық пунктің құрылысымен танысты.
Еске сала кетсек, өткен жылы қаракемерліктер ауылда емдеу пунктінің жоқтығынан, көп жылдан бері аудан орталығына барып, ем-дом қабылдап жүргендерін жеткізген. Ауыл азаматтарының өтінішін ескерген аймақ басшысының тапсырмасымен көп ұзамай тиісті жұмыстар қолға алынған.
25 келушіге арналған амбулаториялық пунктің құрылысы өткен жылдың қазан айында басталды. Ағымдағы жылға өтпелі нысанды «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС салуда. Бүгінде шатырын жабу жұмыстары басталған пункт үш айдың ішінде пайдалануға беру көзделуде.
Облыс әкімі нысан құрылысы мерзімінен кешікпей және сапалы жүруін бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұдан соң Бердібек Сапарбаев «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған 90 келушіге арналған ауылдық клубтың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Заманауи үлгідегі клубта ән, би, көркемсөз, қолөнер шеберлерінің үйірмелері ашылып, 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы ауданда 4 мәдениет үйі, 9 ауылдық клуб бар. Қаракемер ауылдық клубы оныншы болып отыр.
– Біздің ең негізгі міндеттеріміздің бірі – қоғамның тыныштығын сақтау. Елімізде болған соңғы оқиғаларды естіп-көріп отырсыздар. Мұндай жағдай енді қайталанбауы тиіс. Ел іші ала тайдай бүлініп, тыныштығымызға сызат түспеуі үшін қоғамның бірлікте болуы аса маңызды. Жұмылған жұдырықтай болсақ ешкім де бізге тісін батыра алмайды. Өкініштісі, арандатушыларға еріп жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың басым бөлігі – жастар.
Жастар – еліміздің болашағы. Еліміздің ертеңі – бүгінгі өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алып өсуі үшін қыруар жұмыстар атқарылуда. Еңбекті еш кетіруге болмайды. Жастар өздері үшін жасалған игілікті өздері жоққа шығармауы керек.
Сол себепті ақсақалдарымыз, зиялы қауым өкілдері өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде жоғары белсенділік танытуы қажет. Үлкеннің өнегесін алып өскен жастан жамандық шықпайды, – деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы қаракемерліктердің тілегіне орай, биыл ауылда спорт кешені соғылатынын тілге тиек етіп, жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады.
– Қаракемер ауылындағы мәселелерді жақсы білеміз. Келген сайын айтасыздар. Халықтың талап-тілегіне, өтінішіне сай өткен жылы «көгілдір отын» келді. Ауыз су тартуға 500 миллионнан аса қаржы бөлінді. Сонымен қатар аудан әкімдігі спорт кешенінің құжаттарын өткізді. Жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, – деді Б.Сапарбаев.
Кездесуде ауыл ақсақалы Ошақбай Ыбырайымов сөз алып, елді мекенде бірнеше жылда ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтып, Мемлекет және облыс басшылығына алғысын жеткізді.
Облыс әкімінің аудандағы жұмыс сапары «Сұлтан» каналында түйінделді.
Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында «Сұлтан» каналына су жіберу кезінде көпір зардап шеккен болатын.
Жалпы көпір 1982 жылы салынған. Көпір арқылы Тоғызтарау ауылдық округіне қарасты Жаңаөткел ауылына (75 аула – 265 адам) күніне шамамен 10-12 автокөлік қатынайды. «Сұлтан» каналы Талас ауданында орналасқан «Ақкөл» су қоймасына экологиялық суды жеткізуге арналған.
Аталған су өткізу көпіріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 8,3 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, ағымдағы жылдың жоспарына енген. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары сол маңдағы уақытша айналма көпір арқылы кедергісіз басқа елді мекендерге қатынауда.
Аймақ басшысы көпір құрылысын тездетіп әрі оның сапалы атқарылуын қамтамасыз ету бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ канал арқылы «Ақкөл» су қоймасына қажетті ылғал көлемін тезірек жинақтап алудың маңыздылығын баса айтты.

Comments are closed.