Аман алып қалуға күш салдық

13

«Қаңтар қырғыны» аталып кеткен жаппай тәртіпсіздік орын алған күндері полиция, әскери қызметкерлермен бірге дәрігерлер де тыным тапқан жоқ. Біздің ұжымның бірнеше күн бойы тынбай жұмыс істеуіне тура келді. Өйткені оқ тиіп, қатты соққыға жығылып түскендердің қатары көп болды.
Бір ғана біздің ауруханамыздың өзіне 270 азамат медициналық жедел жәрдем көлігімен жеткізілді, өздігімен келгендері де бар. Олардың 38-і осында жатқызылды. Барлығының дерлік жағдайлары жеңіл емес еді. Біздің жоғары білікті дәрігерлеріміз оларға ота жасады, қамқорлықтарына алды. Науқастарды барынша аман алып қалуға күш салдық. Бүгінгі таңда жиырма шақты адам қалды сол күндері түскендерден. Олардың да жағдайлары қалыпты деуге болады. Кезегімен үйлеріне оралады деген ойдамын. Тағы үш науқас жан сақтау бөлімінде, ауыр халде. Дәрігерлердің жіті бақылауында.
Ал жарақат алғандардың арасында әскерилер де, полиция қызметкерлері де, тұрғындар да бар.
Рас, біз қызмет барысында түрлі жағдайларды бастан өткеріп жатамыз. Небір науқастар келеді, әртүрлі тұрмыстық ахуалдан денсаулығына зақым келгендер болады. Бірақ дәл осы жолы ауруханада жүріп, оқ тиіп жараланған азаматтарды қабылдап, қоғамдағы дүрбелеңді де жан-тәнімізбен сезіндік. Ондағы жағдайдың оңай болмай тұрғанын түсіндік.
Тіпті Алматы қаласында екі бірдей аурухананы бүлікшілердің басып алуға әрекет жасағанын, жедел жәрдем көліктерінің жұмысына кедергі келтіргенін ғаламтор желісінен оқып, біліп отырдық. Бұл бізді де алаңдатпай қоймады. Десе де әріптестерімізді сабырға шақырып, мүмкіндігінше тез, сауатты қимылдауға, науқастардың дертін мұқият емдеуге күш салдық. Біздің парызымыз да осы еді.

Сәкен ЖҰМАШЕВ,
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Comments are closed.