Құқық

Көп ұзамай құрықталды

Көп ұзамай құрықталды

Тараз қаласының тұрғыны К. есімді азаматтың жеті бас биесі мен құлынын «Мичуринец» саяжайындағы ауласынан белгісіз біреу айдап әкеткен. Полиция қызметкерлері иісшіл иттердің көмегімен ізге түсіп, тоғайдан алты бас жылқыны тапты. Қалған мал бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Ал Б. есімді азаматтың автокөлігінің терезесін сындырып, автомагнитоланы қолды қылған Жамбыл ауданының 1981 жылы туылған Б.есімді тұрғыны алысқа қаша алмады. Мас күйдегі жігіт облыстық наркодиспансерге орналастырылды. Меркі ауданында тұратын 1965 жылы туылған азаматшаның үйінен 31 000 теңге ақшасын жымқырып кеткен ұры да ұсталды. Жүргізілген жедел шаралар барысында ұрының өзімен бірге тұратын 1961 жылы туылған А. есімді азамат екендігі белгілі болды. Ол қылмысын бірден мойындаған. Байзақ ауданының тұрғынын алдап, сеніміне кіріп, 160000 теңгесін алып кеткен азамат та ұсталып, өз кінәсін мойындады. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған ауданның азаматын облыс орталығында көшеде кетіп бара жатқан кезінде сусыны бар пластикалық бөтелкені автокөлік терезесінен лақтырып, қабағын жаралаған жүргізуші де бірден ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал Шу ауданы Төле би ауылында 1961 жылғы азаматтың «Мақсұт» көлік жуу орталығына қалдырған «Ниссан Сафари» маркалы автокөлігін көлік жуушы болып жұмыс істейтін белгісіз қыз айдап әкеткен. Полиция қызметкерлері ол қыздың Алматы облысының 1992 жылғы тұрғыны екендігін анықтады. Оның да үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр.

Шынар Сағиева, «Ақ жол».