Туған қаламыздың амандығы, бүтіндігі үшін күрестік

8

Ел аумағында орын алған жаппай тәртіпсіздік тұрғындармен бірге, әсіресе полиция, әскери, қауіпсіздік салаларының қызметкерлеріне ауыр тигені рас. Сондай дүрбелең шақта менің әріптестерім нағыз патриотизмнің, Отанды, елді, жерді, қаламызды қорғаудың үлгісін көрсетті. Алайда бұл айтуға ғана оңай, сондай дүрбелеңнің бел ортасында болу, командаға, бұйрыққа сай күресу, нағыз бүлікшілермен бетпе-бет келу – қиынның қиыны еді.
Біз елдің тыныштығы, туған қаламыздың амандығы, бүтіндігі үшін күрестік. Бірнеше күнге созылған қақтығыстардың әр сәті көз алдымда. Рас, менің құқық қорғау саласында бірнеше жыл ғана еңбек өтілім бар. Алайда орын алған ахуалды сарапшылар тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең үлкен қантөгіс деп бағалап жатыр. Мұнымен келісемін. Өйткені біз көптеген асыл азаматтарымыздан айырылдық, әріптестеріміз опат болды. Олардың қай-қайсы да құрметке лайық деп білемін.
Мен Тараз қаласындағы бірнеше әкімшілік нысандарды бүлікшілердің басып алу әрекеттеріне қарсы күрескен жасақта болдым. Олардың дені өзіміз қатарлы жастар еді. Әрине, бұл өте өкінішті! Біздің замандастарымыз тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосуы тиіс болса, бүлікшілердің қатарындағы жастардың бүлдіруге ниеттенгендері, сол жолда күш жұмсағандары жаныма батты. Ең бастысы, біз оларды тоқтаттық.

Асхат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты.

Comments are closed.