Ол нағыз ерліктің үлгісін көрсетті

15

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен күні кешегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан полицейлер мен әскерилер мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын. Сол бүлікте ерлікпен көз жұмған батырлардың арасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бөлім бастығы Дастан Әділбай да бар. Оған берілген ІІ дәрежелі «Айбын» орденін марқұмның ата-анасына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев табыс етті.

Департаменттің мәжіліс залында өткен рәсімге Дастан Әділбайдың туған-туыстары мен әріптестері қатысты. Оларға батырдың өмірі мен еңбек жолынан бейнетаспа көрсетілді және көпшілік марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды. Содан соң облыс әкімі сөз сөйлеп, жыл басында еліміз сын сағаттарды бастан өткергенін айтты.
«Отан деген – қастерлі ұғым. Сол Отанды қорғауда еліміздің полиция, әскери, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Оларды бейбіт заманның батырлары деп айтуға әбден болады. Десе де, Дастан сияқты арыстай азаматтарымыздан айырылып қалғанымыз – үлкен өкініш, ауыр қайғы. Мемлекет басшысы батырларымыздың ерлігі мен еңбегін ескеріп, оларға түрлі наградалар тапсырды. Дастан Әділбайұлының орденін ата-анасына табыстауды маған жүктеді», – деді Бердібек Машбекұлы.

Аймақ басшысы жаппай тәртіпсіздікке өңір тұрғындары да куә болғанын айтып, департамент ғимаратына жасалған шабуылды көзімен көргенін де жеткізді. Сол кезде әскерилеріміз бен полицейлеріміз, қауіпсіздік саласының қызметкерлері 2 мыңға тарта бүлікшілерден қаймықпай, ержүректілік танытқан. Олардың батылдықтары мен кәсібиліктері, патриоттықтары кейінгі буынға үлгі-өнеге.
«Жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың дені 17-23 жас аралығындағы жастар екені өкініш тудырады. Олар әлі оң-солын да танып үлгермеген буын ғой. Аз-маз ақша мен жалған ұранға еріп, қылмысқа барды. Ал туған жерін, қаласын қорғау кезінде көз жұмған әскерилердің, полиция мен қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің отбасыларын мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғасады. Жергілікті әкімдік те әр кез көмектесуге әзір», – деген Бердібек Сапарбаев Дастанның кәсіби деңгейі жоғары маман болғанын әңгімеледі. Оның жұмысты ұйымдастырудағы шеберлігіне тоқталып, артында қалған балаларына амандық тіледі.
Басқосуда Дастанның әкесі Әділбай қария сөз сөйлеп, Отан үшін опат болған ұлының қазасына күллі қазақстандықтардың ортақтасқанына алғыс айтты. Ерлігін ескеріп, мемлекеттік наградамен марапаттаған билікке де ризашылығын білдірді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бастығы Марат Ирменов Дастанның жарқын бейнесі әріптестерінің есінде мәңгі сақталатынын жеткізді. Батырға тиісті барлық құрмет жасалатын болады. «Ол өзінің ізін басқан буынға нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Қорыққан жоқ, қаймықпады. Дастан Әділбайұлы бұл ғимаратты ғана қорғап қалған жоқ, елін, жерін қорғады деп білеміз. Оның командирі ретінде Дастанның өмірін сақтай алмағанымызға өкінемін және ата-анасынан кешірім сұраймын», – деді Марат Ғатауллаұлы.

Асхат РАЙҚҰЛ

Comments are closed.