- Advertisement -

Аудан әкімдерінің әйтеуір сылтауы бітпейді

121

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында бірқатар өзекті мәселелер қаралып, әуелі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына назар аударылды. Соңғы уақытта әлеуметтік маңызы бар 5 тауар түрінің бағасы шекті көрсеткіштен жоғары болған. Бұл ретте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов қырыққабат, картоп, қарақұмық бағасының өсуі шекарадағы мәселелермен байланысты екенін айтты. Себебі, қырыққабат көрші Қырғыз елінен, қарақұмық Ресейден және Шығыс Қазақстан облысынан тасымалдануда екен.

Облыс әкімі осы тұста: «Маған жеткен мәлімет бойынша Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік дүкендегі қызмет, азық-түлік бағасы талапқа сай емес. Мәселен, 13-мөлтек аудандағы әлеуметтік дүкенде тауық және сиыр еттері жоқ. 15-мөлтек аудандағы дүкенде сәбіз бағасы 120 теңгеден 180 теңгеге, тұз бағасы 50 теңгеден 80 теңгеге өскен. Қант, картоп туралы да осылай айтуға болады. Абай даңғылы мен 5-мөлтек аудандағы әлеуметтік дүкендерде айран, сүт, макарон тапшылығы байқалған. Мұны қалай түсіндіресіздер?» – деп мәселені төтесінен қойды. Бұл сауалға жауаптылар Тараздағы «Көкжиек» ЖШС сүт өнімдерін тиісті көлемде дайындап бере алмағанын алға тартқаннан басқа тұшымды жауап қайтара алмады. Ал облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев пен «Тараз» кәсіпкерлік коорпорациясының өкілдері Тараздағы дүкен иелерімен жиын өткізіп, негізгі тауар түрлерінің көпшілікке барынша қолайлы бағада сатылуы бойынша келісім жүргенін айтты.
Жиында көктемгі егіске қажетті судың жағдайы, су қоймаларына сақталған судың көлемі туралы мәселе де қаралды. Бұл ретте «Қазсушар» республикалық мекемесі облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев Шу өзенінен 370 миллион, Талас өзенінен 500 миллион текше метр су өтіп жатқанын, бұл өткен жылғыдан едәуір төмен көрсеткіш екенін жасырмады. Ал «Тасөткел» су қоймасында 332 миллион текше метр ғана су жиналған. Осы орайда өңір басшысы аудан әкімдеріне және суға жауапты мамандарға берілген тапсырмалардың орындалуы өте нашар екенін айтты. Мәселен, облыста 700-ден астам канал-тоғандар болса, оларды тазалау жұмыстары да көңіл көншітпей отыр. Мәселен, Жамбыл ауданында өткен жылы салынуы тиіс көпір уақтылы бітпеген. Басқосуда Қордай, Шу, Сарысу аудандарының әкімдері де өз ойларын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Қысқасы, облыстағы жауаптылар да, аудан әкімдері де жұмыстан бұрын сылтауға бейімделіп алғансыздар. Жұмыстың орындалуы емес, сылтаудың айтылуы көп. Біз «Тасөткелге» 500, «Ақкөлге» 100 миллион текше метр су жинап алуға тиіспіз. Биыл өңірде су тапшылығы ерекше сезілетін түрі бар. Соған осы бастан қам жасап, тамшы суды қоймаларға жинап, үнемдемесе болмайды. Осы су қоймаларына лайықты су жиналуын, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өспеуін назардан түсірмейік, – деп жауаптыларға қатаң, нақты тапсырмалар берді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support