- Advertisement -

Елордада «Omicron» штамы тіркелді Сақтық шараларын күшейтпесе болмайды

79

- Advertisement -

Елімізде эпидемиологиялық ахуал қайта күрделене бастағандай. Нұр-Сұлтан қаласында «Omicron» штамының тіркелуіне байланысты мамандар дабыл қағып, тұрғындарды вакцина қабылдауға шақыруда.

Осы орайда «Omicron» штамы қайдан шықты? Оның қауіптілігі қандай?» деген сұрақтардың да туындауы заңдылық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, қазір бұл штамм Оңтүстік Африканың барлық өңірінде тарап жатыр. Елдің Денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, тұрғындардың 36%-ы вакцина алған. Сонымен бірге онда кейінгі күндері вакцина салдырушылар саны сиреген.
Тағы бір ақпарат, «Omicron» штамы қазірге дейін Нидерланд, Дания, Бельгия, Ботсвана, Германия, Гонконг, Израиль, Италия, Ұлыбритания және Аустралиядан табылған.
Осы жағдайға байланысты көптеген мемлекет, атап айтқанда Ресей, АҚШ, Германия, Израиль, Ұлыбритания, Сингапур, Бахрейн, Нидерланд, Италия, Марокко, Франция, Чехия, Аустрия, Малайзия, Сауд Арабиясы, Швейцария, Түркия, Канада, АҚШ, БАӘ, Аргентина, Египет, Аустралия, Венгрия, Оңтүстік Корея, Жапония, Грекия, Румыния, Грузия, Кувейт және Иран африкалық елдермен әуе қатынасын тоқтата бастады. Сонымен қатар ол жақтан келгендердің кіруіне тыйым салды.
Жалпы, коронавирустың B.1.1.529 штамы Африканың оңтүстігінен табылғаны туралы Біріккен Ұлттар Ұйымына былтырғы 24 қарашада хабарланған. Ұйымның мәлімдеуінше, вирустың бұл түрінде бірнеше мутация бар. Ғалымдар бұл мутациялар штамды неғұрлым трансмиссивті етіп, иммунитетті әлсірететінін айтып отыр. Ол әлі толық зерттелмесе де, алаңдауға негіз бар. Мысалы, Delta штамы иммунитеті төмен ағзаларға өлім қатерін туғызатыны айтылса, қазір «Omicron»-ның да мұндай топтарға қалай әсер ететіні зерттеліп жатыр.
Дегенмен бұл штамм трансмиссивті болуы мүмкін деген болжамға қарағанда, оның да күші Delta-дай болуы мүмкін дейді америкалық доктор Ашиш Джа CNN-ге берген сұхбатында.
БҰҰ-ның алдын ала мәліметі бойынша, «Omicron» штамын қайта жұқтыру қаупі жоғарылауы мүмкін.
Міне, осылайша дүниежүзінің дегбірін қашырған індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Қазір эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймаққа енді. Бұл тұрғыда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева індеттің бетін тек белсенді вакциналау шарасы ғана қайтаратынын айтады. «Жалпы, елдегі жағдай күрделене түсті. Вакцинация үлкен ағынмен жүріп жатқан жоқ. Бірақ кез келген жағдайда вакциналау және қайта вакциналау қажет. Себебі бүгінгі таңда жалғыз қорғаныс вакцинация және ревакцинация болып қала береді. Неғұрлым көбірек вакцина алсақ, індетті тезірек жеңу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», – деген пікір білдірді департамент өкілі. Оның айтуына қарағанда, «Omicron» дельта-штамға қарағанда 70 есе жылдам тарайды. «Ең бірінші тамақ аурудан басталады. Дене қызуы көтеріледі. Тағы бір ерекшелігі – адам тез арада шаршап, жатып қалады. Егер таңертең оянғанда өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйден шығудың қажеті жоқ. Егер сіз науқаспен байланыста болғаныңызды ұқсаңыз, дәрігерге баруыңыз керек. Вирусты таратпау маңызды. Республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша, бес күннің ішінде қалада аурушаңдық өссе, шектеулер қабылданады», – дейді Жанна Пралиева.
Қазіргі таңда облысымызда «Omicron» штамының жаңа толқынына дайындық шаралары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде төсек-орындар 3 сценарийге (жасыл, сары және қызыл) сәйкес дайындалуда. Мысалы, «Жасыл» сценарийде жалпы 1 200 инфекциялық, оның ішінде 145 реанимациялық төсек-орын әзірленуде.
Оған қоса, «Omicron» штамының эпидемиологиялық жағдайы ушыққан сәтте қосымша резерв ретінде 2 000 инфекциялық, оның ішінде 200 реанимациялық төсек-орын дайындалатын болады.
Жалпы 3 сценарийге жалпы 783 дәрігер, 1 566 орта буын қызметкерлері және 1 566 кіші буын қызметкерлері жұмылдырылмақ. Қажет болған жағдайда қосымша мамандар тартылады.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, облыстық көпбейінді ауруханасында, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығында және қалалық көпбейінді ауруханасында кислородтық станциясы бар.
Ал облыс бойынша денсаулық сақтау нысандарын материалдық техникамен жабдықтау деңгейі 87,5%-ды құрайды.
Сонымен қатар дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры қарастырылған. Бұдан бөлек емдеу-диагностикалау хаттамаларына сәйкес қосымша тапсырыс жасалуда. «Omicron» штамының көбінесе жеңіл түрде өтетіндігін ескере отырып, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының дайындығы күшейтілуде.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, облыс бойынша барлығы 214 мобильдік бригадалар жасақталыпты. Қазіргі таңда 164 бригада жұмыс атқаруда екен. Әр бригадада арнайы оқудан өткен дәрігер мамандар бекітілген.
«Сақтықта қорлық жоқ» дейді дана қазақ. Ендеше, қауіпті індеттің бетін қайтару үшін алдын алу шараларына көңіл бөлген абзал. Бұл тұрғыда мамандар белсенді түрде вакцина қабылдаудың маңызы зор екенін айтып отыр. Ендеше, елді алаңдатқан мәселеде енжарлық танытпай, екпе салдыруға асығайық, ағайын!

«Aq jol»-Aqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support