- Advertisement -

Қан тапсыру – қайырымдылықтың үлгісі

64

- Advertisement -

Белсенді жастар «Донор бол» акциясына қатысты

Елімізде болған төтенше жағдайға байланысты қан қорының жетіспеуіне орай, облыс жастары Тараз қаласындағы Қан орталығына барып, қан тапсырды. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған «Донор бол» акциясы аясында өткен игі шараға белсенді, танымал және ерікті жастар қатысты.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, бүгінгі таңда облысымызда «Әулиеата жастары» еріктілер штабы құрылып, штабтың мекен-жайы (Желтоқсан көшесі, 28) мен байланыс телефондары (54-21-90) әлеуметтік желілер арқылы таратылуда. Бұдан бөлек, танымал жастардан арнайы пулдар жасақталып, еріктілердің көмегімен түсіндіру және нақты ақпараттарды тарату жұмыстары жүргізілуде. Арнайы пул қатарына танымал спортшылар, жастар ұйымдарының көшбасшылары, ақындар мен еріктілер сияқты белсенді азаматтар тартылды.
– Штабта 50 ерікті таңғы сағат 9.00 мен 18.00 аралығында жұмыс істеуде. Олар арнайы кеудешелермен қамтамасыз етіліп, жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, қажетті азық-түліктермен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жүргізеді. Сонымен қатар қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Қоғам сақшысы» атты арнайы топтар мөлтек аудандарда, саябақтарда арнайы жадынамалар мен Қазақстан Республикасы Президентінің және облыс әкімінің үндеулерін тұрғындарға жеткізуде, – дейді С.Берікқожа.
Облыстық еріктілер қозғалысының президенті Динара Бауыржанқызы волонтерлер әрдайым мұндай қайырымдылық шараларына дайын екенін жеткізді. «2018 жылдан бастап еріктілер қатарындамын. Мен үшін ерікті жастардың осындай қайырымдылыққа қол ұшын созып, қатысып жатқаны өте қуантады. Біздер, еріктілер жыл сайын 2-3 рет ерікті түрде қан тапсырамыз. Қан тапсырудың адам денсаулығына да пайдасы бар. Жақсы істеріміз көп болсын», – деді ерікті.
Тапсырылған донорлық қан аймақтық ауруханалардағы ауыр науқастар, бүліктен зардап шеккендер және шұғыл медициналық көмек көрсету кезіндегі қызметтер үшін пайдаланылады.
– Өңіріміздің барлық аумағындағы медициналық мекемелерді қанмен қамтамасыз ететін қан орталығына әртүрлі жағдайда қанға мұқтаж жандардан сұраныс түседі. Сол себептен, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен қанға мұқтаж жандарға көмек ретінде іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Біздің қан орталығы ұжымының атынан осындай үлкен қолдау көрсетіп отырған басқарма басшысына және белсенді жастарға үлкен алғысымызды білдіреміз», – дейді облыстық Қан орталығының директоры Гулам Умаров.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support