- Advertisement -

Тапсырма тыңғылықты орындалуы тиіс

57

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аппараттық кеңес өткізіп, жиында қалыптасып отырған ахуалға байланысты елдегі жағдайларды тұрақтандыруға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын бақылауға алу, жүктелген міндеттер мен мәселелерді жүйелі түрде шешу барысы қаралды. Отырысқа Тараз қаласы мен барлық аудан әкімдері, басқарма басшылары онлайн режимде қатысып, тиісті тапсырмалар алды.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 264 жанар-жағармай құю бекеті бар. Олардың 169-ында автогаз құю қондырғылары орналасқан. Қазір өңірде сұйытылған газдың литрі 60 теңгеден сатылып жатыр. Облыс орталығынан 200 шақырымнан аса қашық орналасқан аудандарда бұл баға 65 теңгені құрап отыр. Коммуналдық нысандар штаттық режиммен жұмыс істеуде. Қоғамдық көлік қозғалысы 70 пайыз қамтылған.
– Зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру, көлік шығынын есептеу бойынша тапсырма берілді. Керек құжаттарды төтенше жағдайлар режиміне сәйкес тезірек дайындап, өткізу қажет. Жөндеу жұмыстарына тартылған жұмысшылардың коменданттық сағат кезінде жүріп-тұруын ескеріңіздер. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың саны шамамен 2 мың адамға жуықтайды. Әзірге 269 бүлікші ұсталған. Арандатушылар мен күдіктілерді анықтау бойынша аудан, ауылдық әкімдіктер мен полиция инспекторлары белсенді әрекет етуі тиіс. Күнделікті мәліметтерді штаб отырысында саралап отырмыз. Халықты газ, су, жарықпен қамтуда ешқандай мәселе болмауы керек. Президенттің тарифтердің, жанар-жағармайдың, газдың және азық-түліктің бағасын көтермеу, қажетті қорын қалыптастыру бойынша тапсырмалары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жеткілікті болуын, бағасының өспеуін бақылауда ұстаңыздар. «Қазақ халқына» атты қордың құрылуы бойынша Республикамен жұмыс істеңіздер, – деген облыс әкімі орынбасарлары мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы коронавирустық инфекцияның қайта өршіп келе жатқанын, ел тыныштығы мен халық денсаулығы қашанда назардан түспеуі керектігін еске салды. Санитарлық талаптарды орындау, ревакцинация бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылды.
– Ел игілігіне негізделген кез келген бастамада мемлекеттік қызметкерлер алдыңғы шептен көрініп, өзгелерге үлгі болуы керек. Бүгінгідей жағдайда мемлекеттік қызметкерлер өздерінің ағайын-туыстарына, жақындарына үгіт-насихат, түсіндіру шараларын жүргізуі тиіс. Мемлекет болашағы үшін ел бірлігі маңызды. «Бірлік болмай –тірлік болмас» деп бекер айтылмаған. Ата-бабамыздың арманы болған Тәуелсіздігімізге нұқсан келтіріп алмауымыз керек. Елдегі ахуалды тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысы маңызды бірнеше Үндеу жариялап, шаралар қабылдап, нақты міндеттер жүктеді. Олар нәтижелі орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support