- Advertisement -

АШУ АПАТ ЕКЕНІН ТАҒЫ ДА ТҮСІНДІК

43

- Advertisement -

Жасымыз осындай қариялық  жасқа  келгенде елдің тыныштығы  мен бірлігін, тұтастығын  бұрынғыдан да көбірек ойлайды екенсің.  Тұрғындардың алаңсыз, бейбіт, уайымсыз  жүрген сәттеріне  куә болудың өзі – бақыт   екен.

Жаңа  жылды  жарқын  көңілмен бастап жатқанда мынандай төтенше жағдайдың  «бұрқ» ете қалғаны төбемізден  жай түсіргендей болды. Шыны  керек, бейбіт, қамсыз жатқан жұрт мұның  қандай дүрбелең екенін түсінбей де қалды. Сөйтсек, бұзақы, содырлар бастаған сойқан  істер екен.

Мемлекет басшысы  бірден батыл шешімдер жасап, қауіптің бетін қайтара білді. Оны  ашық айтуға тиіспіз. Облыс  әкімі Бердібек Сапарбаев та күндіз-түні көз ілмей, аттың үстінде жүрді. Құқық қорғау  саласының қызметкерлері де уақытпен санаспай, қауіпті жағдайлармен бетпе-бет жұмыс істеді. Ол жұмыс  әлі де жалғасып жатыр.

Осы жағдайдан құқық қорғау саласының біраз  адамы  мерт болды. Қандай қайғылы жағдай десеңізші! Олардың отбасы, жас перзенттері аңырап қалды емес пе? Осы  төтенше жағдай алаңсыз жүрген қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелгені қабырғамызға батады.

Осы  келеңсіздіктің бәрі  содырлық топтың  ісі болып отыр. Бірақ сол содырлар мен бұзақылар қайдан  шықты?  Солардың бәрі де кеше мектеп оқушысы, студент болды. Солардың бәрі де біреудің баласы ғой. Сонда  тәрбие-тәлім  қайда қалды?

Мен де өмірімнің 20 жылдан астам уақытын мектепте мұғалім болып  еңбек еткен ұстазбын. Естуімше,  Таразда бас көтерген  содырлық шабуыл  кезінде бұзақылардың арасында 7-8 оқитын  мектеп оқушылары да, студенттер де жүріпті. Оларға не жетпейді, олар мезгілсіз  уақытта неге жүр? Оларды қадағалайтын  ата-аналары қайда? Осыны  түсіне алмай дал болдық. Облыс әкімі Б.Сапарбаев  жедел өткізген жиында жастар мен жасөспірімдер тәрбиесінің ақсап жатқанын айтты. Мен  осы пікірге толық  келісемін. Қазіргі ұстаздар балаға білім ғана бермеу керек, тәрбие, патриоттық сезімді саналарына  үйіп  төгіп құйғандары жөн. Бала үшін ата-ана  тәрбиесінің орны ерекше. Ол да ақсап тұр бұл күнде. Түйіндеп айтқанда, осы төтенше жағдайдан сабақ алып, түзелетін  сәт туды. Әсіресе жастар мен жасөспірімдерге берер тәрбиемізді  мықтай түскеніміз  жөн.

Айша Көпжасарова,

ақын, Қазақстан

Жазушылар одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support