Алтын жауған апталар
Алтын жауған апталар
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қазақ елінің бас құрамасы бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Басқаны айтпағанның өзінде, 28 алтын медальді Алаш ұландары ілгеріде иеленіп көрмепті. Сонымен...Біздің Фелпс немесе бас қаһарман – Баландин!
Әлемде жүзу спортынан Олимпиада ойындарында он сегіз мәрте, әлемдік додада жиырма алты мәрте чемпион атанған жалғыз спортшы бар. Ол американдық Майкл Фелпс. Елу метрлік бассейннің королі атанған Фелпске қызыға қарайтынбыз. Шіркін, бір олимпиадада жеті мәрте топ жаратын осындай спортшы біздің елде де болса деп армандайтынбыз. Құдайға шүкір, олимпиадада болмаса да, Азиадада мерейімізді асыратын Дмитрий Баландин бар екен. Баландинді біздің Фелпс десек, артықтық етпес. Брасс әдісін мықтап меңгерген батыр ұл Баландин Азиадада үш мәрте атой салды. Шынын айтсақ, біздің елдің спорттық функционерлері Баландиннен медаль күткенімен, алтын күтпегені анық. Жас спортшының алдын орап кете алатын Жапония, Қытай елдерінің мықтылары бар екенін де бағамдағанбыз. Бірақ, Дима нағыз ерге тән мінез көрсетіп, еліміздің қоржынына үш бірдей алтын медаль сыйлады. Үш дүркін Азиада чемпионынан Риода да үміт күтуге болатынын байқатты. Ендеше Азиаданың басты қаһарманы – Баландин десек қателеспеспіз. Сондай-ақ, дзюдодан командалық есепте алған күмісіміз де алтынға татиды. Өйткені, бұған дейін қазақ дзюдошылары командалық сында финалға шығып көрмепті. Елеусінов – екі дүркін чемпион Қазақ боксшыларының сары құрлықтың Кубасы екеніне ешкім шүбә келтірмейтін. Былғары қолғап шеберлерінен сол себепті де алтын медальді көбірек күтетінбіз. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионы Данияр Елеусіновтің орны біз үшін де бөлек. Бокс әлемінде «Кобра» деген лақап атқа ие болып үлгерген Алаш салмағы 69 келінің (бұл салмақтан ылғи да алтын күтетініміз жасырын емес) серкесінің осы жолы да жоғары нәтижеге жетеріне сендік. Біріншіден, аталған салмақта топ жарсақ, дәстүр жалғастығы сақталса, екіншіден тарихта тұңғыш рет қазақ боксшысы екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы атанатыны мәлім еді. Данияр сол сенім үдесінен шықты! Ілгеріде 64 келіде де мардымды өнер көрсеткен алтын ұл жаңа тарихтың парағын айқара ашты. Сонымен қатар, ел ішінде «Күмісбек» атанып кеткен Әділбек Ниязымбетов те сәтсіздік сериясына нүкте қойып, алтыннан алқа тақты. Ескекшілер де қарсыластарынан қара үзіп кетті. Азиадада бармақ тістеген сәттер де орын алды. Дегенмен, олардың орнын толтырған медальдар аз болған жоқ. Қазақ елі жаңа дәуірге қадам басты. Осы жолы Гуанчжоуда кеткен есе толығымен қайтты. Еліміз жүзу спортын, тағы өзге бірнеше жиынтықтағы медальдар сарапқа түсетін спорт түрлерін дамыта түссе, сары құрлықтағы үздік үштікке енетін күн де туар. Әрине, ол үшін кемі он жыл еңбектену керек...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».