Денсаулық

Облыс әкімі ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Облыс әкімі ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кездесті

«Көне – Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Тағылымды басқосуда аймақ басшысы облыстың 2021 жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін айта келіп, бұған дейін өңірде қолға алынған игі бастамалар мен жарқын жобалар өз жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаевардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің өңір иделогиясын көтерудегі ықпалына тоқталып, жүйелі жұмыстар үзілмеу керектігін тілге тиек етті. – Өткен жыл біздер үшін жаман болған жоқ. Атқарылған игі істер мен әр сала бойынша қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын тойладық.  Бұл біздің бірлікпен жеткен биік шыңымыз. Ең бастысы –  әлем таныған ел атандық. Әрине биылғы жылдың қиыншылығы да аз болған жоқ. Ондай сынақтардыынтымағымыздың арқасында бірге еңсеріп келеміз. Қашанда үлкенді сыйлаған халықпыз ғой. Қазыналы қарияларымыздың жастарды береке-бірлікке шақыруымен, ұйытқы болуымен «әттеген-ай» дегізген кезеңдерді артқа тастадық. Жаңа жыл жақсылығымен келсін, – деді облыс әкімі Б. Сапарбаев. Мұнан соң сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Еркінбек Солтыбаев  аға буын өкілдері өңір иделогиясын іргелетуге әрқашан дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ биыл ел руханиятында, әдебиетіміз бен мәдениетімізде үлкен жаңғырулар болғанынатап өтті. Жазушы, драматург Елен Әлімжан бір жыл ішіндегі атқарылған жемісті жұмыстарға қысқаша тоқталып,  облыста 40 мыңға жуық жұмыс орнының ашылуын, сонымен қатар облыс басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» пен «Асарлатып үй салу» сияқты жобалар халыққа үлкен пайда алып келіп жатқанын баса айтты. Сонымен қатар, ол театр ғимаратын жаңғырту, Тараздан шыққан Таразилардың еңбектерін алдырып,  рухани орталықтарға қойсақ деген ұсынысын ортаға салды. Ал жастардың атынан сөз алған ҚР Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі,  ақын Хамит Есаман облыстағы жас ақын-жазушылардың әлеуеті жоғары екенін,  олардың жеткен жетістіктерінің де көп екенін айта келіп,  әкімдік жастардың шығармашылығына қолдау көрсетуді саябырлатпаса екен деген ниетін білдірді. Сондай-ақ ақын Ерлан Жүністің облыста  жеке шығармашылық кешін өткізуді, келесі жылы Шерхан Мұртаза,  Несіпбек  Дәутайұлы сияқты өмірден өткен тұлғалардың мерейтойларын ойдағыдай ұйымдастыру – ортақ абырой екенін жеткізді. Өзге де ардагерлер мен қаламгерлер орамды ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы барлық ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын айтты. Кездесу соңында жазушы Пернебай Дүйсенбинге халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы салтанатты жағдайда табысталып, «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нілзия Рақышева «Құрмет» орденімен марапатталды.