Көрген-баққан

68

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Бір жарық жұлдыз туса, міндетті түрде қарсы жұлдыз туады. Бұл аспан әлемінде дәлелденген шындық. Осы қарсылықты өмірде де көп көрдім.

***

Талғамсыз көп тобыр үшін жаза алмай қойдым. Ал, олар мен сүйген биіктікке көтеріле алар емес. Екі ортада ауасыз бос вакуум жатты. Біріміздің даусымызды екіншіміз ести алмадық. Сонда санаулы топ үшін ғана қалам ұстаймын ба?!

***

Дүниені қатарынан жаулап келе жатқан Ескендір Зұлқарнайын Ошқа келіп, Сүлеймен тауының етегінде тыныс алған тұста Аристотельге хат жазады.

– Ұлы ұстаз, менің жанымдағылар үнемі мақтайды. Ұлы қолбасшысың дейді, данышпансың дейді. Мен де ет пен сүйектен жаралған пәндемін ғой. Түбі сеніп қалуым ғажап емес. Сондықтан кешікпей жаныма бір философыңызды жіберсеңіз, – деп. Міне көрегендік!

Қазіргі Президенттер мен Елбасыларда өздеріне деген осындай сыни көзқарас бар ма екен?..

***

Пушкин мен Анна Керн бақ ішінде қыдырып келе жатады. Анна ару жұдырықтай бір тасқа сүрініп кеткен. Қайтар жолда Александр Сергеевич әлгі тасты қалтасына салып алады. Қазірде музейінде тұр. Оны орыстардан тап сол тастың көлеміндей алтын беріп те айырбастап ала алмайсың. Өйткені ол – тарих. Керннің аяғының, Пушкиннің алақанының табы қалған.

Бізде ше? Сүрінбек тұрмақ омақасып құлағанымызға қарадық па? Содан да шығар, мұражайда тұрған жәдігерлердің көбі өтірік, жалған, ойдан-қырдан құралған. Одан қалса әркімнен шапан жинап, әуре боп жүрміз…

***

Өз ортасында соншама жеккөрінішті адам. Бірақ жылан құсап жорғалап жүгіріп кірмейтін есігі, алмайтын марапаты жоқ. Ызаланып отырып-ақ разы боласың.

***

Кеңес кезінде Жайық жағасын мекендеген қазақ, орыстар көп еді. Қазір сиреді. Көбі тарихи Отанына көшті. Бір шал әлі бар. Кешегі күндері аты аңызға айналып дүрілдеді. Өйткені ол атақты Чапаевтың көмекшілерінің бірі екен. Жайыққа суға кетіп өлгеніне куә болыпты. Тіпті өзеннің арғы бетіне оқ тиген қолбасшыны аман алып шығамын деп жанталасыпты.

Содан газет біткен шуласын. Теледидар мен радио жағын саусын. Тұрған селосына соның атына көше берілсін. Тұрған үйіне ескерткіш тақта ілінсін. Мектеп біткен кезекке тұрып кездесуге шақырсын. Хош деңіз.

Егемендік алған соң әңгіме ауаны өзгеріп сала берді. Шалдың өтірігі ашылды. Ашқан ауылдастары. Бақсақ бұл сойың атаман Толстовтың офицері екен. Ақтың офицері! Чапаевты атып, ат-матымен суға батыратын осының өзі. Нақты дерек бұлтартар емес.

– Одан не зиян көрдіңдер? – деп шалымыз енді шалқаяды деседі.

«О нравы, о времена» деген сол!

***

Заңгер мен балгерге сенуден қалдық.

***

Жауған қардың да еркегі, ұрғашысы болатынын естіп таңғалдым. Еркегі ерімейтін, кебіртек бетпақ қар да, ұрғашысы сулы, жұмсағы болса керек деп топшыладым. Табиғат ұлы анамыз ғой. Қардың өзін жынысқа бөліп тууын қарашы!

***

Бір танысымнан қарызға ақша сұрадым. Алдында көңілді әңгіменің көрігін қыздырып отырған. Екі езудегі күлкіні көрудің өзі бар бақыт. Кенет аузы бүрісіп, бөтелкенің аузындай боп дөңгеленіп қалды.

***

Бір молда жұртшылыққа баланы сүндетке отырғызу үлкен парыз екенін ұзақ түсіндірді. Әртүрлі мысал, нақыл айтты. Құп алдық. Сөзінің соңында – Ертеңгі күні о дүниеге барғанда Аллекем мұсылман екендіктеріңді сол жерлеріңе қарап таниды, – деп те соғып жіберді. Жаратқан ием өз пәндесін қалай болса да түстеп білер-ау. Тек әлгі молданың уәжі тосын көрінді.

– Ал, әйел баласын қай жеріне қарап таниды екен? – деп қалдым. Мұндай сауал күтпесе керек. Сақалы селкілдеп шошып кетті.

– Мұны сұрау күпірлік! – деп ыдырынды.

– Молданың аузында Алланың аузы бар, сізде сақ болыңыз, – дедім. – Дүмшелігіңізді күпірлікпен бүркемелей алмассыз.

***

Алдым-сағым, артым-сағыныш. Құдай басқа сана, тілге бояу, қолға қалам берді. Жарқыратып маңдай, жалбыратып шаш, жабылдырып дұшпан, жалғыз- жарым дос берді. Бәріне де шүкіршілік!

***

Жас кезім. Бір күні үйге удай мас боп келе жаттым. Көше бойы. Екі жағыма алма-кезек теңселемін. Дүниенің бәрі осы ырғаққа көшкен сияқты. Бәрі маған мейірленіп, күлімдеп, құттықтап қарайтындай. Өзіме соншама ұнады.

 

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы

Comments are closed.