- Advertisement -

«Әкім сағаты»: әлеумет сан сауалына жан-жақты жауап алды

90

- Advertisement -

Кеше облыстық «JAMBYL» телеарнасында тікелей эфирде өткен «Әкім сағаты» бағдарламасында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жергілікті БАҚ өкілдерінің, қоғам белсенділері және өңір тұрғындарының сауалдарына жан-жақты жауап берді. Бағдарламаны телеарна директоры Мейіржан Әлібекұлы жүргізіп отырды.

Бердібек Машбекұлы алдымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде өңірде атқарылған шаруаларға тоқталды. Осы қысқа ғана кезеңнің әр сәті жеңіске, әр жылы тұтас дәуірге татитынын жеткізген облыс басшысы бұл орайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін де атап өтті.

«Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында әлемдік саясатта дамудың «Қазақстандық жолы» атты моделі қалыптасты. Бүгінде осы модель Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарында әділдікпен сабақтаса отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» негізінде әрі қарай жалғасын табуда», – деген аймақ басшысы қазіргі ахуалды да сөз етті.

Айталық, биыл облыста екпе алуға тиіс тұрғындар толықтай бірінші компонентімен қамтылды. Өңір халқының 90 пайызға жуығы екінші компонентін алып үлгерген. Енді Pfizer вакцинасын нәрестелі аналар мен кәмелеттік жасқа толмаған балалар алу үстінде. Содан соң, ревакцинация шаралары қолға алынады.

Б.Сапарбаев аймақта мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында жыл басынан бері 33,9 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын да жеткізді. Жамбылдықтардың орташа айлық жалақысы 22,6 пайызға, жан басына шаққандағы халықтың орташа табысы 15,7 пайызға өскен. Жыл басынан бері 11,5 мың отбасына 2,9 миллиард теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілгені де бар.

«Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, облыста аймақтық деңгейдегі жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, «Жомарт түлек» бағдарламасы арқылы 70-ке жуық ауылда 2 млрд. 800 млн. теңгеге әлеуметтік нысандар соғылды. Ата дәстүр – «Асарлатып үй салу» жобасының арқасында 76 отбасы баспаналы болды. Қазір кәсіпкерлердің қолдауымен Тараз қаласында 10 нысан бой көтеріп жатыр», – деді спикер.

Осыдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тікелей эфир барысында жергілікті БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері және өңір тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Нұрбек БЕКЕН, «Aulieata-Media» ЖШС-ның Бас директоры:

– 2021 жылы облыстың даму динамикасы республика бойынша алдыңғы үштікте болды. Бұған қандай факторлар әсер етті?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Ең бірінші фактор – инвестиция тарту. Біз өңірді дамытуға инвестиция тартуда республикада алдыңғы қатарға шықтық. Екінші, салық түсімін көбейту. Бұл бағытта да біз жетістіктерге жете алдық. Үшінші – басқа да қаржыларды экономиканың қарқынды дамуына бұруды үйлестіру. Мұнда да біз нақты нәтижелерге жеттік деген ойдамын. Өйткені шағын және орта бизнесте де, құрылыста да, әлеуметтік салада да ілкімді істер, өсім көрсеткіштері байқалады.

Жанна Папина, қоғам белсендісі:

– Былтыр облыс орталығына көңіл бөлу керектігі туралы айттыңыз. Осы орайда жыл бойы Тараз қаласының келбетін ашу бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолға алынған «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында 1 млрд. теңгені құрайтын 42 нысанда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді (37 саябақ пен сквер, көшелер жөнделуде, 5 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті сырланды).

Бұл жұмыстар аудандар, басқармалар мен ірі кәсіпорындар және мәслихат депутаттары тарапынан орындалды.

Алдағы жылы «Жаңғырған Жаңатас» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша, Тараз қаласынан бөлек шағын қалалар мен аудан орталықтарын да абаттандыратын боламыз.

Досымбек Әлиев, Тараз қаласының тұрғыны:

– Тараз қаласындағы 15-шағын ауданда 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке сектордағы үйлер салына бастаған еді. Бірақ бір жыл өткен соң құрылыс тоқтап қалды. Қазір ұрлық болып, тозып жатқандары да бар. Құрылыс жұмыстары неге тоқтады?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, Тараз қаласы Ы.Сүлейменов көшесінің соңында 21,93 га алаңда 255 жеке тұрғын үйді іске асыру бойынша пилоттық жоба шеңберінде 3 үлгілік жоба әзірленген. «Нұрлы жер» бағдарламасының 5.1.2 тармағында көрсетілген пилоттық жобалар шеңберінде жеке тұрғын үйдің 1 шаршы метр құрылысына облыс өңіріне 120 мың теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда, құрылыс материалдарының бағасы өсуіне байланысты, тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге мердігерлер қызығушылық танытпауда. Құрылыс салушылармен талқылау кезінде бірінші кезеңде басталған және аяқталмаған 38 үйді аяқтау ұсынылады.

Бүгінгі күнде, 255 жеке тұрғын үйдің 21 тұрғын үйі пайдалануға берілген. «Damdes» ЖШС 15 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын 100 пайыз аяқтады, «Ремстрой-СС» ЖШС 23 үйдің ҚМЖ жүргізуде, жыл соңына дейін 10 үйді тапсырады. Қалған 13 үйді келер жылы пайдалануға беруді жоспарлауда. Қалғандарының инфрақұрылымы аяқталған, соларды жер кезегінде тұрған азаматтарға үлестіретін боламыз. Олар біз көрсеткен архитектуралық эскиз негізінде өздерінің үйлерін тұрғызатын болады.

Байзақ ауданының тұрғыны:

– Менің есімім Бақыт, айтайын дегенім, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы емханада кезек көп. Аудан орталығында халық саны жылдан жылға көбеюде. Жаңа емхана қажет етіп тұр. Осы мәселеге қатысты жоспарыңызбен бөліссеңіз.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Мен алдымен Байзақ ауданының тұрғындарына жарылыс кезінде, содан соң дауылға байланысты төтенше оқиғаға шыдамдылық танытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Жақында ғана Байзақ ауданында болып, ондағы күрделі мәселелердің барлығымен таныстым. Байзақ аудандық орталық ауруханасына қарасты емхана бөлімшесі бұрынғы балалар бөлімшесінің ғимаратында орналасқан. Емхана санитарлық талаптарға сай емес (типтік емес), бөлмелері тар, науқастарды қарауға ыңғайсыздық туғызуда. Осыған орай 250 келушіге арналған емханаға жаңа ғимарат құрылысын жүргізу үшін 2020 жылы 5,1 млрд. теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Бұл жобаға қаражат қарастырылып 2022 жылы жаңа емхана құрылысы басталады. Үкіметпен бұл төңіректе жұмыс жүргізілді, нақты келісім бар.

Нұрлан Қанатов, қоғам белсендісі:

– Облысымыз – дотацияда отырған аймақ. Десе де, біз алтын өндірісі бойынша алдыңғы қатардағы өңірге жатамыз. Алайда бұл салада біршама проблемалар бар екені анық. Оларды шешу бағытында қандай шаралар қолға алынуда?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Біз түсті металл өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың иелерімен жұмыс істеудеміз. Олардың кейбірі 10-15 жылдан бері жұмыс атқармаған не өндіріске қаражат құймаған. Оларға арнайы хат жолдадық. Мұндағы тағы бір мәселе, оларға жер қойнауын жалға беруші жергілікті әкімдік емес, тиісті министрлік. Ол ведомствомен де дәл солай жұмыс істеудеміз. Қазір біз оларға нақты мерзім бердік, мерзім біткен соң, қос тарапты да шақырып, есептерін тыңдайтын боламыз. Содан соң шара қолданамыз. Расында, біздің өңірдегі түсті металл өндірісімен айналысатын 28 компанияның 8-і ғана жұмыс істейді. Қалғаны тоқтап тұр.

Айжан Әуелбекова, «Время» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі:

– Әлеуметтік қорғау саласындағы мүгедектер үшін оңалту орталықтарының санын ұлғайту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Тараз қаласында 150 төсек-орындық ересек мүгедектерге арналған оңалту және бейімдеу орталығының құрылысы 2021 жылдың 10 қыркүйегінде басталды. Құрылыстың мерзімі – 18 ай, мердігерлік ұйым – «ТаразСтрой2004» ЖШС. Нысанның сметалық құны – 4,9 млрд. теңге. Облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Қазіргі таңда, мердігер тарапынан құрылыс-монтаждық жұмыстар жалғастырылуда.

Сонымен қатар Тараз қаласында құрылысы жүргізіліп жатқан 150 төсек-орындық ересектерге арналған оңалту және бейімдеу орталығына республикалық бюджеттен 400,0 млн. теңге қаржы бөлуге Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне хат жолданған. Талас ауданы, Қаратау қаласында 25 төсек-орындық мүгедек балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ағымдағы жылдың 13 желтоқсанында ашылды. Мердігерлік ұйым – «ПазылСервис» ЖШС. Облыстық бюджеттен 28,8 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында 25 төсек-орындық мүгедек балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлік ұйым – «КазТраидСнаб» ЖШС. Облыстық бюджеттен 9,2 млн. теңге бөлінді.

Талас ауданы, Ақкөл ауылында 200 төсек-орындық 18 жастан асқан жүйке ауруымен ауыратын 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге арналған «Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығын»жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлік ұйым – «Тұлпар Строй» ЖШС. Облыстық бюджеттен 335,5 млн. теңге бөлінген, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жуалы ауданының тұрғыны:

– Жуалы ауданында бастапқыда тәп-тәуір басталған «Қаралма» спорттық-туристік кешенінің құрылысы тоқтап қалды. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізінен 7 шақырым жол тартылып, өзге де қажетті инфраструктура жүргізілді. Аспалы жолдың бағаналары орнатылып, қар күреп жол салатын арнайы техникаға дейін алынған. Бірақ соңына дейін жетпей құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Бұл Жамбыл облысында қысқы спорт түрін дамытуға арналған бірегей жоба саналатын. Осы мәселені өз қолыңызға алып, оң шешілуіне атсалыссаңыз.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– «Қаралма» тау-шаңғы курортының құрылысы жеке инвесторлардың қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны шамамен 6,3 млрд.теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жобаның бастамашысы – «Таразстрой-2004» ЖШС тарапынан 4,3 млрд. теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті барлық инфрақұрылымдар тартылуда. Сондай-ақ бугельді арқан жолының құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды. Жеке инвесторлар арқан-кресло жолының, кіреберіс және ішкі алаң жолдарының, техникалық бокстың, кафенің, сервистік орталықтың құрылысын және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Бизнесті қолдау мақсатында, мемлекет тарапынан жобаға «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында 542,6 млн. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Аспалы жол, кірме жолдар, кафе, сервис орталығы, коттедждердің құрылысы және абаттандыру жұмыстары шамамен 80 пайызға аяқталды. Осы іс-шараларды жүзеге асырып, жобаның толығымен аяқталуы үшін қосымша 1,5 млрд. теңге жеке инвестиция қажет.

Инвестордың қаржыландыру жоспарына сәйкес жоба 2022 жылдың аяғында іске қосылады.

Мархабат Көпбосынова, «Жамбыл Тараз24» телеарнасының бас редакторы:

– Байзақ ауданындағы төтенше (жарылыс) жағдайдың салдарынан зардап шеккен нысандар толығымен қалпына келтірілді ме? «Сенім-Байзақ» қорының қаржысы қайда жұмсалуда? Оның кіріс-шығысы туралы ақпарат бар ма?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Жарылыс салдарынан 176 нысан зардап шекті. Бүгінде 175 нысан толығымен қалпына келтірілді. Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы, Төрекелді, Базарбай, Көкбастау ауылдарында 159 жеке тұрғын үйге зақым келіп, оның 35-іне ҚР Үкіметінің арнайы резервінен 249,8 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат тек тұрғындардың жеке тұрғын үйлерін қалпына келтіруге бөлінді.

Қайта жаңғыртудан өткен үйдің барлығы бір сәулеттік үлгіге келтірілген.

Бұдан бөлек, әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылды. Ол ауылдағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларды газбен қамту жұмыстары қолға алынған, тұрғындар толығымен орталықтандырылған таза ауыз суға қосылған. Әлеуметтік көмек ретінде зардап шеккен әр отбасыға 300 мың, кәсіпкерлер тарапынан 200 мың теңгеден көмек көрсетілген. Сонымен қатар «Сенім-Байзақ» қорына түскен қаржы есебінен тұрғындардың қора жайлары да қайта қалпына келтірілген.

Аталған қорға 81,5 млн. теңге жиналды. Бұл Қайнар ауылында едәуір зақым келген 19 үйдің сарай, моншалары, уақытша тұрақ-жайлары (времянкалары), мал қоралары және тағы басқа қосалқы шаруашылық ғимараттарын, сондай-ақ тұрмыстық жиһаздары мен мүліктерін қайта қалпына келтіруге жұмсалатын болады. «ҚР Азаматтық қорғаныс туралы» Заңының талаптарына сәйкес апаттық жағдайдан қайта қалпына келтіруге тек тұрғындардың жеке тұрғын үйлері ғана қамтылып, басқа мүліктері қордың есебінен қалпына келтірілетін болады. Қайнар ауылындағы тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, бекітілген жер учаскесінің басым бөлігінде мал қоралары мен сарайлары орналасқан. Бүлінген мүлікті қайта қалпына келтіруге едәуір қомақты қаражат қажет.

Сонымен қатар қолдау көрсетемін деген ниет білдірушілер үшін, қордың реквизиті әлеуметтік желілерде жарияланған. Зардап шеккендерге қол үшін беруге ниетті қызметкерлер өз еріктерімен аударымды жүзеге асыруға құқылы. Бұл бағытта мемлекеттік орган қызметкерлеріне басшылық тарапынан ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Жергілікті атқарушы органдары «Сенім — Байзақ» қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы болып табылмайды. Сондықтан қордың жұмысына жергілікті атқарушы органдардың араласуға құқығы жоқ.

Перизат Созақбаева, «77» телеарнасының бас редакторы:

– Әлеуметтік желіде қатты отын, яғни көмірдің бағасының қымбаттығы, Шұбаркөлдің көмірі 14500 теңгеден келгенімен, Мойынқұмға жеткенде 22-23 мыңға көтеріліп кететіндігі туралы жазылып жатыр. Осыған не айтар едіңіз?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Мойынқұм ауданында көмір сатумен айналысатын кәсіпкерлер жоқ, бұл өңірлер Шу қалаларындағы тұйықтардан көмірді сатып алады. Орта есеппен Шұбаркөл, Қаражыра маркалы көмірлердің тұйықтағы бағасы сортына қарай 12 — 14 мың теңгені құрап отыр. Ауылдарға дейінгі арақашықтығын ескерсек, жүктеу, жеткізу құны есебімен 18-20 мың теңгеден сатылуда. Көмір бағасына әсер ететін ең маңызды фактор – бұл соңғы тұтынушыға көмір сататын кәсіпкерлер мен разрездер арасындағы делдалдардың саны. Бұдан бөлек, темір жол стансаларынан шалғай ауылдық елді мекендерде көмірді тұйықта сатып алатын және оны тұтынушыға үстеме бағамен қайта сататын ұсақ көтерме көмір сатушылардың болуы көмірдің қымбаттауына алып келеді.

Осы ретте, көмірді көтеріңкі бағамен сатуды болдырмау мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне қатты отынның бағасын тұрақтандыру мақсатында көмір сатумен айналысатын кәсіпкерлермен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумы жасалуда.

Қордай ауданының тұрғыны:

– Біз, Қордай ауданының шаруалары биыл ағын судан біршама қиналдық. Келесі жылы да осы мәселеге тап болатын сыңайлымыз…

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Өңірде жыл сайын туындайтын су тапшылығы мәселесін шешу және Қырғыз Республикасынан тәуелділікті азайту мақсатында жаңа 6 су қоймасын салу және 4 су қойманы қайта жаңғырту жоспарланған. Қордай ауданындағы «Ырғайты» (сыйымдылығы 15,2 млн.м3) және «Қалғұтты» (сыйымдылығы 14,6 млн.м3), Байзақ ауданындағы «Ақмола» (сыйымдылығы 11,1 млн.м3) су қоймаларының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің қаражатын ішкі қайта бөлу шеңберінде жобалық сметалық құжаттама (бұдан әрі — ЖСҚ) әзірлеуге «Ырғайты» су қоймасына 93,0 млн. теңге, «Қалғұтты» су қоймасына 70,0 млн. теңге және «Ақмола» су қоймасына 79,0 млн. теңге бөлу жөнінде Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім енгізді. Меркі ауданындағы «Андас – 1», «Андас – 2», «Андас – 3» су қоймаларына ТЭН әзірленді және мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. ЖСҚ әзірлеуге қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мердігер «Тараз-Технопроект» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Қазіргі уақытта ЖСҚ әзірленуде.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің қаражатын ішкі қайта бөлу шеңберінде Сарысу ауданындағы «Ынталы» су қоймасына қайта жаңғырту жұмыстарын іске асыруға 100,0 млн. теңге сомасында және Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» және Қордай ауданындағы «Қарақоңыз» су қоймаларының құрылысына ЖСҚ әзірлеуге 93,9 млн. теңге сомасында Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім енгізді. Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасының қайта жаңғырту жұмыстарына 1 кезеңге 635 млн. теңге қаржы бөлініп игерілді, ал 2 кезеңіне республикалық бюджеттен 1,3 млрд. теңге қарастырылуда.

Байзақ ауданының тұрғыны:

– Байзақ ауданы мен Тараз қаласына қатынайтын жол Қызыл жұлдыз ауылына дейін жөнделді. Енді ары қарай қашан жөнделеді? Жоспарда бар ма?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Аталған жол бөлігі Тараз қаласының теңгерімінде. 2021 жылы ағымды жөндеу аясында шұңқырлықтарды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар аталған Сарыкемер ауылы бағытындағы Апатаев көшесін Жамбыл даңғылынан Тараз қаласының шекарасына дейінгі жол бөлігін орташа жөндеуге ЖСҚ әзірленген. Жобаны іске асыру 2022-2023 жылдарға жоспарланған.

Хамит Есаман, «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі:

– Облыс аумағында 17-18 қараша күндері орын алған дауыл желдің зардаптарын жою қалай атқарылуда? Жалпы шығын көлемі қаншаны құрады?

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Дауыл кезінде барлығы 1206 нысан зардап шекті (оның ішінде: 121 көпқабатты тұрғын үй, 795 жекеменшік үй, 86 білім беру нысаны, 13 спорт нысаны, 6 мәдениет нысаны, 172 басқа объектілер). Жоғарыда айтылғандарға сәйкес шешім қабылданды. 2021 жылғы 25 қарашада Тараз қаласында және Байзақ ауданы бойынша «жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» №6 болып тіркелді. Шамалы зақымданған 1085 нысан демеушілер есебінен жөнделді (оның ішінде: 23 көпқабатты үй, 792 жекеменшік үй, 76 білім беру нысаны, 6 мәдениет нысаны, 13 спорт нысаны, 5 мәдениет нысаны, 170 басқа да объектілер).

Қалған 121 нысан үшін (98 көпқабатты үй, 3 жекеменшік үй, 10 білім беру нысаны, 7 денсаулық сақтау нысаны, 1 мәдениет және

2 басқа нысан) жергілікті бюджеттен 364,7 млн. теңге қарастырылған.

Дауылдың салдарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Осы жұмыстарды жою үшін облыс бойынша 4 мыңнан астам адам, 93 авариялық бригада және 165 бірлік техника жұмылдырылды.

Асхат РАЙҚҰЛ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support