- Advertisement -

Көрген-баққан

126

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***

Халықты жоқшылық емес, тоқшылық құртады. Аздырады. Бұл ерте дүние тарихынан мәлім құбылыс.

***

Бір бақыт маған да келе жатқан шығар деп жол бойында ұзақ тостым. Жоламай қойды. Мені Батыраш пен Қотыраш деп ойлайды-ау, деймін.

***

Аман-саулық сұрасқан бір танысқа: – Жүріп жатырмыз, уақытша, – деп ем. Шошып кетті.

– Қалайша уақытша? – деп

Оған не айтуға болады?

***

Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты.

***

Абай атам «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп қырық жастан өте бере жазыпты. Нағыз қайраты тасқан кез ғой. Неге олай айтты деп көп ойландым. Ақыры өзінен жасы үлкен Ділда шешемізді алған соң көңілі қартайып қалған шығар деп шештім.

***

Той-топырда жастарға жұрт сияқты «Бақытты болыңдар» – деп тілек айтамын. Бақыттың не екенін шындап келгенде өзім де білмеймін. Бәлкім, біздің жақта жоқ зат шығар?!

***

Махамбеттің басын шауып жібергенде жерге домалап «Қап, қап, қап!» деп сөйлеп бара жатты деседі. Алқұлым шақта біздің аузымызға қандай сөз ілінер екен?

***

Ақырын тіле, десетін бұрынғы шалдар. Аллекем алжытпай алса екен.

Молда дем салып, жанымызда медет тілеп жәудіреп отырған ұрпағымызға тірлікте жасаған кінә мен күнәмізді тізіп айтып, масқара болмасақ жарар…

***

Үш рет комаға түсіп, ес-түссіз жаттым. Алды сегіз, соңы екі күн. Аллекем әрі ойланып, бері ойланып мені о дүниеде еш кәдесіне жарата алмаған соң тірі қалдырған сияқты.

***

Теңіз де кірлейді. Айдын бетін шөп-шалам, сынған ағаш, өлген балық пен құс, төгілген мұнай қалдығы басады. Күндердің күнінде дауыл көтеріледі. Толқын біткен арыстан жалданып өкіріп- бақырып жағалауға ұмтылады. Әлгі кір, қоқыстың бәрін әкеліп адамдардың өзіне лақтырады. Тазарып барып тыным табады. Сосын бәз-баяғы қалпында жарқырайды да жатады.

Біздің қоғам да тап осындай тазаруды күтіп тұр.

***

Елбасы бір жас азаматты үлкен лауазымға тағайындайды. Үміт етеді. Көргені жоқ немене тындырсын. Шатып-бұтып бәрін бүлдіреді. Сосын мына құйыршық баланы сен таптың ба, мен таптым ба деп ертегідегі кемпір-шал құсап таң-тамаша қалысады. Парадокс!

***

Досым, жазушы Әлібек Асқаров бірде: – Раха, енді қалай өмір сүруді ойлайық, – деді. Мен: – Екеуміз енді қалай абыройлы өлуді ойлайық, – дедім.

Ойланып қалды.

***

Бәрі сатылып жатыр. Мені де біреулер сатып алған жоқ па екен?!

***

Бір ақымақтан жүз ақымақ туады. Ал, данышпаннан данышпан тумайтыны несі?

***

– Ол қол жетпес биік қой, – деп біреу әлдекімнің өнерін бағалап жатты. Өз ойы, өз бойымен өлшегенді қашан қоямыз осы?

***

Нағашыларым қазақ ауылын шауыпты. Қапыда тиіссе керек. Еркек кіндіктің бәрін жусатып салған. Бір адам қорқып мойнына, бетіне өлген жолдасының қанын жағып жата қалыпты. Түркімендер өлгендерді аралап қарап жүреді. Әскер басы – Бәрі жан тапсырып па? – деп сұрайды.

– Түгелдей.

– Мына біреу тірі сияқты. Терлеп жатыр.

– Жаралы. Бәрібір өледі.

Сөйтіп аман қалған. Өлген адамның терлемейтінін қатыгез қолбасшы қайдан білген?

***

Біздің ауылда аузына шыбын тұрмақ торғай кіріп кетсе де аңдамайтын аңқау шалдар өтті. Бір көкеміз шыжыған шілдеде жоқ қарап келе жатады. Аты да, өзі де қаталап шөлдеген. «Шайтан төбеге» жетіп, төбені іргелей ағатын өзенге құлайды. Қараса жеті-сегіз сары шашты қыз шуласып суға түсіп жүр дейді. Кәлимасын қайырып жақындап келсе, атына су шашып, сықылықтап күліп жолатпапты. Айдала, адам баласы жүретін жер емес. Бұлар шайтанның қыздары екен, көрсетейін бәлем, деп көкеміз қайратына мінеді. Әлгілерді су ішінде атпен омыраулатып жүріп сабайды…

Бақса Астраханнан бақша салуға келген пединституттың студенттері екен. Түс кезінде суға шомылып жатыпты. Көкеміз содан сотты бола жаздап, ат-шапан айыбын арқалап әрең құтылған.

Жарықтықтардың жүрген жері тегін спектакль еді.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support