- Advertisement -

Махаңның еңбегі елеусіз қалмаса…

344

- Advertisement -

Біз білетін биік адам, жүздеген жас журналистерге ұстаз болған Мақұлбек Рысдәулет ағамыз қазақ елінің нар тұлғалары Жүрсін Ерман, Көпен Әмірбек, Қайырбек Асановтармен Қазақ мемлекеттік университетінде бірге, қатарлас оқыпты. Махаң ағамыз жайлы тамаша естеліктерді Көпен Әмірбектің мақаласынан оқып, кештеу болса да ағаның болмысын тани түскен едім. Облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналған газетіміздің ғасыр жасқа толар сәтінде, басылымның 2004-2010 жылдардағы Бас редакторы болған Мақұлбек Қайыпбекұлы ағамыз жайлы шамам келгенше ой толғамақпын.

Ол 1949 жылы Жуалы ауданының Бақалы ауылында өмірге келген. 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын сол кездегі Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» («Сары арқа») газетінде тілші болып бастаған. Қолынан іс келетін, жұмыстың көзін табатын, қаламы жүйрік азаматты кім бөгеп тұра алады? Мақаң аталған газетте 18 жыл еңбек етіп, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы секілді қызмет жолдарынан өтіп, әдбен ысылды. Өмірлік жары Дәметкен Ахметова да журналист болатын. Осы жылдары екеуі туған жерге бірге қайтып, Махаң республикалық «Халық кеңесі» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болған еді. Сонау бір жылдары жайдары Дәметкен әпкеміз сол уақытта Жуалыдан Таразға қатынап, жұмыс істегендерін, талай мәрте қараңғыда, боранда қалған қиындықтарын әңгімелеп беріп отырушы еді біздерге. Артынша республикалық «Заң» газетінің, 1997 жылдан бастан республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі болды Мақұлбек Рысдәулет ағамыз. Міне, осы жылдары Махаң экономика, ауыл шаруашылығы тақырыптарын, өңірдің ең өзекті мәселелерін өндіре жазды. Әр мақаласы елге ой салып, басшыларды сергітіп, серпілтіп жатушы еді. Амангелді газ кеніші туралы кеңінен жазып, сериялы мақалалар жариялады. Осы еңбегі бағаланып, Талас ауданының Құрметті азаматы атанды. Таластан шыққан биік тұлға, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев жайлы да кеңінен қамтып жазып жүретін. М.Рысдәулет журналистік еңбек жолында облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметін де абыроймен атқара білді (2004-2010 жылдар). Міне, осы жылдары редакцияға жас толқын журналистер көптеп жұмысқа алынды. Бас редактордың тапсырмасымен жаңа, тың тақырыптар, тарихи мақалалар көбірек жазылып, газет мазмұны жағынан байи түсті. Осы жылдары «Aq jol» республикалық «Алтын жүрек» байқауының лауреаты атанды. Кейіннен М.Қайыпбекұлы облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, архив саласына да өлшеусіз еңбек сіңірді.

Махаңның жүйрік қаламынан әр жылдары «Жұлдыздардың жарығы» (1999), «Күміс белдік» (1999), «Желсаз» (2004), «Құс жолы» (2011), «Тарих тамырлары» (2012), «Көңіл құсы» (2012), «Мәңгілік ерлік» (2012), «Әбдір Сағынтаев» (2012), «Ерлік ұмытылмайды» (2010), «Тәуелсіздік – туымыз!» (2011), «Ескерткіштер – ел тарихы» (2012) прозалық және тарихи-танымдық кітаптар жазылып, елдің олжасына айналды. Ол үздік очерк, мақалалары үшін бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі еді. Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» компаниясы, Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығы мен Республика күні мерекесіне орай өткізілген байқаудың проза саласы бойынша жеңімпазы болатын. Бірнеше мемлекеттік медальдармен және Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Махаң кейінгі 8-9 жылда архив саласында тынымсыз, өнімді еңбек етті. Шаң басқан архивтердің арасынан материал іздеп, тауып, бірнеше деректі, кітаптар жазды. Онысын өзі: «Әдеби туынды емес» деп жоғары бағалай қоймайтын. Бірақ ол кітаптары қазір де сұранысқа ие, келешекте де қолданыста болатыны анық. Махаңның мұндай тынымсыз еңбекқорлығы облыстың 80 жылдығы кезінде ерекше пайдасын берді. Сол кездегі облыс әкімінің қолдауымен 80 жылдыққа 80 том кітап шығуы тиіс болды. Шықты да. Міне, сол томдарды дамыл таппай жүріп жинақтаған, қажет жерде материалдарды жазған, редакциялық алқаға басшылық жасаған қаламгер Мақұлбек Рысдәулет болатын.

Атпал азамат өмірден озғанымен артында жақсы көркем, тарихи, деректі шығармалары қалды. Есімін ардақтайтын шәкірттері, ұл-қыздары, ұрпақтары бар. Мақұлбек Рысдәулет облыстың руханият, тарих, мәдениет, ақпарат саласына өлшеусіз мол еңбек сіңірді. Мүмкіндік болып жатса, жазушы М.Рысдәулеттің есімін көшеге, елді мекенге берсе, рухының алдында нағыз ізгілікті іс болар еді. Өзі де облыстық ономастикалық комиссияның ұзақ жылдар мүшесі болған. Махаңа бір көшенің аты берілсе деген тілекті қазір осы облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі болып отырғандар қолдайтын шығар деген тілек бар.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support