- Advertisement -

«AQ JOL» – рухани өсудің ордасы

344

- Advertisement -

Біздің буынның өмір жолы да, қызмет бабы да, бос уақыты да ешуақытта жаңалықтың жаршысы мерзімді басылымсыз өткен емес. Ол кезде екі үйдің біріне аудандық газеттен бастап, облыстық, республикалық және Одақтық газеттер келетін. Әр мақалаға оқырман көп, оқырман көп жерде өзара талқылаулар көп, пікір-талас туғызар тақырыптар мол болатын. Ал Алаштың арысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» дегеніндей, төртінші билік қатарына саналатын мерзімді басылым әрқашанда қоғам мен мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне айрықша үлес қосып келе жатқаны даусыз.

Біз бұл жасампаз жағдайды осы Ұлт Тәуелсіздігінің 30 жылдық даму жолынан анық көріп келеміз. Осы шақтарда мерзімді басылым жас мемлекетіміздің тірлік-тынысын халқына жеткізуде еліміздің ата газеті «Егемен Қазақстаннан» бастап орасан зор тірліктер атқарды. Осындай орыны бөлек басылым мен үшін облыстық сол кездегі «Еңбек туы», бүгінгі «Aq jol» газеті болатын. Алдағы жылы алғашқы санының шыққанына 100 жыл толатын «Aq jol» газеті қашанда ақпарат айдынында өзінің қайталанбас жолымен жүзген, сарқылмас дәстүрі қалыптасқан, ерекше жазу мәнері орныққан, сондай-ақ қаншама жас журналистерді үлкен өмірге жетелеп, шыңдаған нағыз шеберлердің ұстаханасындай болды. Өйткені журналист қоғамның тынысын дөп басып, ең өзекті мәселелерді көтеретін және оның шешу жолдарын іздейтін қозғаушы күш.

1922 жылы «Кедей еркі» деген атпен жарық көрген өңірдің ақпараттық кеңістігінде өзіндік дәстүрі ерекше саналатын «Aq jol» газеті өзінің 100 жылдық торқалы тойын үлкен өрлеу үстінде атап өтері сөзсіз. Бұл той жалғыз осы шығармашылық ұжымның ғана емес барша қасиетті Әулиеата өңірі жұртшылығы мен газет оқырмандарының төл мерекесі деп есептеймін. Осы тарихи жылдары «Aq jol» өңірдің әлеуметтік- экономикалық және рухани дамуына оң ықпал ете білді, сондай-ақ оны қазақ журналистикасы мектебінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан басылым санатына жатқызуға болады.

Мен 1966 жылы институтты аяқтап «Луговой жылқы зауытына» Қазақ ауыл шаруашылық институтынан алған агроном мамандығым бойынша жұмысқа орналасқан күннен бастап, үйге газет жаздырып алу дағдысы орнықты. Міне, менің бүгінгі өңір ақпаратының жарқыраған айнасы «Aq jol» газетімен «таныстығым мен достығым» сол шақтан басталды десем артық айтпаспын. Өйткені кез келген мерзімді басылым қоғамда болып жатқан жаңалықтарды оқырманға жедел жеткізуші, дәл ақпарат таратушы, рухани және танымдық ой-сананы қалыптастырушы күш. Сонымен қатар қоғамдық пікірді ортаға салып, одан тиісті оң шешім қабылдауға барынша ықпал ететін саяси құрал деп танимын.

Бір ғана мысал келтіре кетейін. Сол жылдары бір ғана Луговойдың емес, барша Кеңес Одағының атын әлемге паш еткен Абсент атты әйгілі сәйгүлік Рим Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, ел ішінің ең жарқын қуанышы болды. Өйткені даңқты шабандоз Филатов мінген Абсент тікелей біздің шаруашылықтан шыққан чемпион еді. Міне, осы айтулы оқиға жайлы «Социалистік Қазақстаннан» бастап барлық басылымдар, оның ішінде облыстық сол уақыттағы «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газеттері толассыз мақалалар шығарып, ауылымызға журналистер өте көп келетін болды. Айтайын дегенім, осы тұста совхоз партия комитетінің секретары Нәкен Даубаев, мені шақырып алып, «Сағынхан жақсы жаңалықтарды газеттер елге таратады. Сондықтан саған жас маман ретінде шаруашылықтағы барлық қызметкерлерді газет-журналға жаздыруды тапсырамыз» деді. Шыны керек, мұндай жұмысты басында сескеніп қабылдап едім, ұйымдастыра алмай ұят бола ма деп, жоқ қарасам әрбір үй бірнеше газет-журналды сұратып жазылатын елде жақсы дәстүр, жақсы пейіл бар екен. Қызметіне қарамай-ақ, ауылда газет-журнал оқымайтын жандар кемде-кем екен.

Кейін қызмет бабымен облыстық комсомол комитетін, Жуалы, Тұрар Рысқұлов және Сарысу аудандарын басқарған жылдары облыстың бас басылымымен өте тығыз жұмыс жүргізуге, журналистерге үздіксіз сұхбаттар беруге, ең бастысы жұмыс уақытымды «Еңбек туы» мен бүгінгі «Aq jol» газеттеріне шолу жасаудан бастау әдеті қалыптасқан болатын. Міне, осы жылдары газетті басқарған Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев сынды ардақты ағаларымызбен арадағы байланыстар етене жақын жалғасып, басылыммен тығыз жұмыс жүргізу тәжірибесі орнықты. Бірде талантты журналист, талапшыл редактор марқұм Арғынбай ағамыз «Сағынхан мен сені көптен бері сырттай бақылап жүрмін. Сен газет беттерінде үнемі сұхбат төңірегінде жүресің. Қызмет бабы солай, түсінемін. Бірақ сенің сөз байлығың жеткілікті, сөзге ұсталығын бар, еңбек тәжірибең де жетерлік. Енді өзің жеке мақала жазып, жеткен жетістіктер мен ойда жүрген сан-алуан проблемаларды өз атыңнан газет беттеріне жазатын мезгіл жеткен сыңайлы» деп ойда-жоқта менің алдыма аса жауапты жүкті қоя салғаны. Мен басында үлкен ойда болғаныммен, кейін жамбылдық журналистер арасынан шыққан тұңғыш Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қазақтың аяулы азаматы, белгілі ақын, драматург Арғынбай Бекбосын ағамыз айтқан сол ұсыныстарды қабыл алып, түрлі тақырыптарға қалам тарта бастадым. Атақты қаламгер, жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықов бірде «Үйді бұзу оңай, салу қиын, мақаланы оқу оңай, жазу қиын» деген екен. Бұл әрине шындық. Кәсіби мамандардан басқа азаматтарға мазмұнды мақала жазу өте күрделі іс. Өйткені жазғаның жақсы болса ел оқиды, жақсы ойын айтады. Ал ондай болмаса оқырман «үнсіз» қалады. Сондықтан жазу үлкен дайындықты талап ететін дүние. Дегенмен менің сол жаза бастаған «әдетім» бүгінге дейін жалғасуда.

Осылайша мен облыстық газеттің атын шығарып, абыройын көтеріп, ауыр жүгін арқалаған Бахтияр Әбілдаев, Сырайыл Керімбаев, Елен Әлімжан, Сағат Арынов, Қыстаубай Байтуов сынды көптеген қаламы қарымды журналистерді жақын тани бастадым. Жалпы сол кездері осындай азаматтардың газеттің ел арасында жоғары бағаға ие болуына еңбектері ерекше деп есептеймін.

Сондай елі ардақтаған ардагер ағаларымыз бен кейінгі буын журналистер арасындағы ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, өзара байланыс үнемі үндестік тауып, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып қана қоймай, жастарды ұлтжандылыққа, білімге, мәдениетке, спортқа тәрбиелеуге көп күш салып келе жатқандығы уақыт шындығы. Сонымен қатар бүгінде есімдері елімізге белгілі айтулы ақын-жазушыларымыз Шерхан Мұртаза, Күләш Ахметова, Шона Смаханұлы, Әкім Тарази, Мейрамбек Төлепберген, Маралтай Райымбекұлы, Қали Сәрсенбай сынды азаматтардың алғашқы туындылары осы газет беттерінде басылғанын да газетіміздің шежірелі тарихынан оқып, біліп жүрміз.

Ал алдағы газеттің ғасыр тойы салтанаты қарсаңында газеттің шығармашылық өсу жолында ұлан-ғайыр еңбек сіңіріп тер төккен, өсіп-өркендеуіне айтарлықтай өлшеусіз қосқан өзім танып білген бас редакторлар Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы мен бүгінгі Оралхан Дәуіт сынды өз ісін жетік меңгерген басшылардың есімдерін айрықша атағым келеді.

Жалпы, редакциялардың жүрегі саналып, тарланына теңелетін журналистер «мылтықсыз майдандағы» оқ пен оттың арасында жүріп, мемлекеттің өркендеуі мен дамуы, ұлт тағдыры мен ұрпақтың болашағы жолында берен бидей биік, шежірелі шешендей шебер, баһадүр батырдай батыл айтатын ұлтжанды тұлға деп санаймын. Міне, сондықтан да, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан журналистері кешегі қысым заманынан құтылған, сөз бостандығы салтанат құрған жаңа дәуірдің жауынгерлері. Мұндай айтулы журналистер қатары «Aq jol»-да аз емес. Сол журналистерге табысты жұмыс жасаулары үшін мемлекетіміз бен облыс басшылығы әркез қамқорлық та жасап жүреді. Кезінде облыстық партия комитетінің хатшылары Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова мен Әлмұхан Исақовтар редакция қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайлары туралы тиісті жиындарда орынды мәселе көтеріп, өздері басқаратын сала қызметкерлеріне жанашырлық танытқан жағдайларын көзіміз көрді. Сол уақытта журналистерді идеология майданының жауынгерлері деп атаушы еді. Өйткені қоғам тынысы мен өмірін оқырманға жеткізетін осы журналистер еді.

Жүз жылдық тарихы бар өңір басылымының әрбір бас редакторы газеттің беделін арттырып, өзіндік дәстүрін жоғалтпай, қайта жаңаша түрлендіріп, оқырмандарының ойынан шыға білді. Осы редакция қабырғасынан қаламы ұшталмаған көптеген жас журналистерді тәрбие мектебінен өткізетін ұстаханаға айналып, олардың ақпарат әлемінен өзіндік орындарын алуға жол ашты. Осы бас редакторлар арасындағы еліне сыйлы, жұртына қадірлі, қоғамда беделі зор, газетті жиырма жылдай өте табысты басқарған бүгінде Әулиеата өңірінің абыз қариясының төрінде отырған Баттал Жаңабаев ағамыздың бар ғұмырлы жолы, бақытты сәттері, абыройлы кезеңдері, мәртебелі шақтары осы газет өмірімен біте қайнағаны ақиқат. Өйткені өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары арасында шоқтығы биік тұратын «Aq jol»-ды облысымыздың шежіресі десек, артық айтқандық емес. Ал тарихты уақыт, шежірені адам жасайтынын ескерсек, газет журналист қолынан шығып, оқырманға тарайды, содан барып оқырман мен қоғам арасындағы байланыстың алтын көпіріне айналады.

Жалпы, біздің облыстық басылым өткен өмір жолында өзінің негізгі идеологиялық бағытын еңбек адамының қажырлы тірлігіне, өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығын дамыту проблемаларына, жастар, спорт, мәдениетіміздің өркендеуіне арнады. Сонымен қатар шалғайдағы Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандары мен Қаратау, Шу, Жаңатас қалаларында қалыптасқан күрделі мәселелерді орынды көтере білді және химия өндірісін дамыту мәселесін күн тәртібінен түсірген жоқ. Ал ел Тәуелсіздігімен қатар облыстық газет «Aq jol» деген жаңа атауға ие болды. Әрине, Кеңестік дағдыдан қол үзгендегі жаңа атау газетке жаңа леп, жаңа тыныс, жаңа шығармашылық ізденіс әкелгені ақиқат. Газет беттерінде егемен еліміздің өткен тарихы жайлы тың материалдар жарық көре бастады. Жаңа айдарлар ашылып, басылым рухани тәрбие ордасына айналды. Мысалы, «Aq jol»-да соңғы екі-үш жыл көлемінде облыстың дамуына үлкен үлес қосқан Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов, Сейілхан Аққозиев, Ғайникен Бибатырова, Жазылбек Қуанышбаев, Әлмұхан Исақ, Марс Үркімбаев, Сейфулла Қожаханов, Тұйғын Темірбеков, Жақсылықбай Тәжібаев, Жақсылық Үшкемпіров сынды тау тұлғалар жайлы үлкен-үлкен танымы мол, мәні жоғары, кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге болар мақалалар жарық көрді. Бұл ұрпаққа үлгі боларлық кеңнен қолдайтын бағалы бастама әрі өте жауапты іс. Жалпы бұл мақалалар Әулиеата тарихымен жақсы таныс көпшілік үшін, оның ішінде әсіресе аға буын өкілдерінің көңілінен шыққан шежірелі дүниелер болғаны шындық. Сынаптай сырғыған, садақтың оғындай зулаған уақыт бізді облыс баспасөзінің айнасы бұрынғы «Еңбек туы» қазіргі «Aq jol» газетінің ғасыр тойына алып келгелі тұр. Ғасыр тойы шын мәнінде айтулы мереке. Міне, осы тұста оқырмандардың сүйікті басылымына айналған «Aq jol» бұрынғыдай әрбір отбасына барса деген ойым бар. Өйткені келер жылы газетте қызыға оқитын түрлі бағыттағы мақалалар легінің көп болары ақиқат. Тағы бір назар аударатын тұс жастарымыздың өзінің туған өлкесінің тарихы мен даму жолдарын осы газеттен іздеуге, оларды үзбей оқуға баулуымыз керек. Өйткені мерзімді басылым рухани өсудің ордасы ғой! Мен жастарымыздың рухани биік болғанын қалайтын жанмын.

Халық пен билік арасын алтын көпірге айналдыруға үлкен үлес қосып келе жатқан облысымыздың «Aq jol» газеті қоғамға адал қызмет ете беретініне және оқырмандарын қызықтыратын өзекті мәселелерді дер кезінде көтере білетініне, сонымен қатар оның оң шешім табуына ықпал ете беретініне еш күмәнім жоқ. Ал шығармашыл ұжым мен қарымды қаламгерлер топтасқан өңір жаңалықтарының айнасы, оқырмандарына рухани серігі «Aq jol» газеті алдағы уақыттарда да талай асуларды артта қалдырып, облыс халқының жасампаз тірлігін жан-жақты көрсетіп, қоғамның құрметіне, оқырмандарының алғысына бөлене беретініне сенімім мол.

Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы,

еңбек ардагері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support