- Advertisement -

Көпбалалы аналар үйлі болды

235

- Advertisement -

Өткен жылы облыста Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып, бұл игі іс биыл да жарасымды жалғасын тапқан болатын. Бұл тамаша жобаны жүзеге асырудан таластықтар да тыс қалмады. Өткен жылы көпшіліктің көмегімен ауданның 8 ауылдық округінде тұрғын үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілсе, биыл 6 ауылда тағы 8 үй салу жоспарланған болатын. Жыл басынан бері Есейхан, Қожағаппар, Ақкөл ауылындағы отбасылар жобаның игілігін көріп, баспаналы болып үлгерді. Ал өткен жұмада ауданның екі бірдей ауылында асарлатып салынған қос үй табысталып, мұқтаж отбасыларына қуаныш сыйлады.

Бұл күні осындай баспаналы болу бақыты Бостандық ауылының тұрғыны Құралай Көпжасароваға бұйырып, жалғызбасты анаға бес бөлмелі үйдің кілті табысталды. Ауылдан қанаттанған бірқатар азаматтар қалталарынан қаражат шығарып, бар мейірімін балаларына арнаған анаға баспана тұрғызып беруді ұйғарыпты. Ауыл ақсақалы Жолдас Әлішов қуанышқа орай жылы лебізін арнап, Құралай Қарабайқызына жаңа баспананың кілтін табыс етті. Өз кезегінде ауылдан шыққан кәсіпкерлер көпбалалы анаға үй жиһаздардын тарту етіп, елге ортақ қуанышты еселей түсті.
Дәл осы күні Аққұм ауылында да қуаныш болып, төрт бөлмелі үй пайдалануға берілді. Бұл аудан аумағында биыл ел игілігіне берілген жетінші баспана саналады. Кең де жарық жеке үй ауыл тұрғындарының және кәсіпкерлердің демеушілігімен, ауыл ақсақалдары мен жастарының көмегімен тұрғызылды. Аталған баспана ауылдастарының ұйғарымымен көпбалалы ана Альбина Есенамановаға бұйырды. Дәстүрді сақтап, игі іске сеп болған азаматтардың атсалысуымен бой көтерген баспананың ашылу салтанатында тілеулес тұрғындар аз болмады. Өзгелер үлгі алатын осы бір өнегелі істе ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсенұлы аталық ақ батасын беріп, көпбалалы анаға салтанатты жағдайда баспана кілтін табыстады.
Қос қоныс той қуанышына аудан әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы да ортақтасып, ізгі тілектерін білдірді. «Ауылдан түлеп ұшқан азаматтар игі іске қолдау танытып, демеушілік көмектерін көрсетуде. Ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде ауданымызда ел бірлігінің көрінісі саналатып қазақтың «Асар» дәстүрі қайта жаңғырып, игі бастама сәтімен жүзеге асырылып келеді. Өңір басшысының бұл игі бастамасы талай жанұяға қуаныш, қаншама отбасы мүшелеріне шат-шадыман көңіл-күй сыйлап отыр», – деген Роман Әлімханұлы жалпы сауабы мол игі іске атсалысқан жерлестеріне ризашылығын білдіріп, қайырымды істің қасында жүрген ауыл имамы Зульфухар Түзелбаев, ауыл азаматтары Досымжан Жанысбеков пен Бейбіт Мұсаевқа аудан әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында баспаналы болған көпбалалы аналар Құралай Көпжасарова мен Альбина Есенаманованың қуанышында шек жоқ. «Осындай бастама көтерген облыс басшысына, игі іске қолдау білдірген аудан, ауыл әкімдеріне, әсіресе, осы тұрғын үйді тұрғызуға бел шеше кіріскен демеушілер мен ауылдастарымызға алғысымыз шексіз», дейді жаңа қоныс иелері.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП,

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support