Еліміздің сағатына бір триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар

20

Табиғи қорды сақтай отырып, баламалы энергия көздерін пайдалануға елімізде бетбұрыс жасалғанына да біраз жылдың жүзі болды. Бұл Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу арқылы еліміз халықаралық деңгейде алға ілгерілеуге батыл қадам жасады. Осынау іс-шарада Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны да естен шыға қойған жоқ.

Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық көрмені өткізу идеясы неден туындаған еді? Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «жасыл» экономикаға бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына бір триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен.
Бүгінде орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суы да – игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, «жасыл» экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады.
Үстіміздегі жылдың 1 қарашасында Шотландияның Глазго қаласында өткен климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ негіздемелік конвенциясының Әлем көшбасшылары саммитіне Үкімет басшысы Асқар Мамин «жасыл» экономика бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Үкімет басшысы «Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3 пайыздан 15 пайызға дейін 5 есе, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісін 20 пайыздан 38 пайызға дейін 2 есе арттырады. 2025 жылға қарай 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70 пайыздан 40 пайызға дейін төмендейді деп жоспарлануда», – деп алдағы табиғи қорды қорғай отырып, оны дамыта отырып,баламалы энергия көздерінен өндірілетін қуатты арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Бұл мақсатқа еліміз көміртегі бейтараптығына жер мен суды пайдаланудың орнықтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру және экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымды пайдалану арқылы қол жеткізбек. Парниктік газ шығарындыларын азайту жоспарларын іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдалану көзделген.
Үкімет басшысы Қазақстанның орнықты даму бойынша Орталық Азияның Аймақтық климаттық хабы болуға бейімділігін растады. Бұл аймақ елдерінің күш-жігерін АХҚО Жасыл қаржы орталығының және климаттық күн тәртібімен айналысатын басқа да аймақтық ұйымдардың алаңында технологиялар трансферті, жасыл қаржыландыруды тарту, білім мен инновациялар алмасу арқылы «жасыл» экономикалық өсуді қамтамасыз етуде біріктіруге мүмкіндік береді.
«Жасыл» экономиканы дамыту аясында республика көлемінде 90-ға жуық жаңа жоба енгізіліпті. Ал біздің облысымызда 2011-2021 жылдар аралығында 15 нысан пайдалануға беріліп, күн, жел және судан электр өндірісі 17-і нысанға жоғарылаған. Ал бұл нысандардың жалпы қуаттылығы 387,8 мегаватты құрайды. Мұның 201,25 мегаваты күн, 162,15 мегаваты жел, 24,4 мегаваты су электр стансаларына тиесілі.
Бүгінгі таңда республикамызда жиынтық қуаты 1 984,4 мегаватты құрайтын 127 электр стансасы жұмыс істеуде. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ нысандардың басым көпшілігі Жамбыл, Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында орналасқан.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, республикалық 1 984 мегаваттық жиынтық қуаттың 20 пайызы біздің облысымызға тиесілі екен. Бұл облыстың аталған саладағы өз потенциалын тиісті деңгейде пайдаланып отырғандығын көрсетеді. Дегенмен облыстың күн, жел және су энергиясын өндіру бойынша әлі де болса игерілмеген үлкен мүмкіндіктер бар екендігін атап өту қажет.
Өткен тоғыз айда облыста 1,9 миллиард киловат/сағат электр энергиясы өндірілсе, оның 568,1 миллион киловат/сағаты немесе 28 пайызы баламалы энергия көздерінен өндірілген. Үстіміздегі жылы ел игілігіне берілген үлкен жобаның бірі ол Сарысу ауданындағы 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр стансасының» пайдалануға берілуі. Оған инвесторлар тарапынан 49 миллиард теңге жұмсалыпты.
– Аймақтағы жел энергиясы потенциалының үлкен болуына орай ағымдағы жылы тағы бір ірі жоба, қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын Сарысу жел электр стансасының құрылысы басталып кетті. Бұдан бөлек, Жамбыл ауданындағы Аса ауылында 50 мегаваттық күн электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Талас ауданында әрқайсысы 4,5 мегаваттық 3 жел электр стансасы, Жуалы ауданында Көксай өзенінде қуаттылығы 13,8 мегаваттық су электр стансасы алдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған 6 жоба пайдалануға берілген уақытта, облыстағы баламалы энергия көздерінің қуаттылығы қосымша 177,4 мегаватқа артып, 565,2 мегаватқа жететін болады. Қазіргі таңда елімізде «жасыл» экономика көздерін дамыту бағыты күн стансаларының құрылысы энергияның басқа көздерінен басым екенін көрсетеді, – дейді басқарма басшысы.
Бұл тренд келесі себептермен түсіндіріледі. Атап айтсақ, Күн электр стансаларының құрылысы салыстырмалы түрде қарапайымдылығы және тиісінше нысанды пайдалануға беру сәтіне дейінгі қысқа мерзім. Логистикалық шығындар жел қондырғыларын жеткізу шығындарымен салыстырғанда едәуір төмен, ал жабдық мөлшері жағынан әлдеқайда аз. Халық тығыз орналасқан оңтүстікте электр энергиясына жоғары сұраныс және сол аймақтағы қолайлы климаттық жағдайлар (оңтүстікте күн шуақты күндер көп). Жел электр стансасымен салыстырғанда күн стансаларына қызмет көрсету мен жөндеуге неғұрлым төмен шығындар.
Жамбыл облысы өңірінде күн энергиясын ары қарай дамыту мүмкіндігі, оның ішінде республиканың басқа өңірлерімен салыстырмалы түрде басымдығын байқау үшін Қазақстанның Күн ресурстары атласын пайдалануға болады. Қазақстанның Күн ресурстары атласы «жасыл» экономикаға көшу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне қолдау көрсету мақсатында БҰҰ Даму бағдарламасы аясында әзірленген.
Күн панельдерінің төмен құны нарықтың дамуына әсер ететін жалғыз фактор емес. Екінші фактор, күн стансасы орналасатын белгілі бір аймақта күн инсоляциясына байланысты болып табылады.
Күн инсоляциясы дегеніміз – фотоэлектрлік жүйе арқылы күн сәулесі электр энергиясына айналдырылған энергия мөлшері, яғни орнатылған 1 кВт қуаттылықтан қанша электр энергиясы өндіру мүмкіндігін анықтайтын көрсеткіш. Егер біз көптеген еуропа елдерінің инсоляция деңгейіне қарайтын болсақ, оны орташа, жылына шамамен 1 000-1 100 кВт/сағ екенін байқауға болады. Картадан қарасақ мұндай жақсы көрсеткіш Германия, Украина елдерінің оңтүстік бөліктерінде шамамен жылына 1 100 кВт/сағ мүмкіндігі бар.
Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде біздің облысымыздың өңірінде инсоляция көрсеткіші 1 500-1 600 кВт/сағ-қа дейін жететінін және Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншіліктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы жағдай.
Аудандар бөлінісінде қарасақ, Тараз қаласы және Байзақ ауданы бойынша сағатына – 1 465, Меркі ауданы – 1 471, Шу – 1 459, Т.Рысқұлов – 1 463, Жуалы – 1 520, Сарысу аудандарында – 1 520 киловатт күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар. Яғни, облыстың қай өңірін алып қарасақ та күн электр стансаларын орнату арқылы энергия өндіру бойынша үлкен потенциалы байқалады.
Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды. Атлас картасына сәйкес республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғы шарты болып табылады. Картадан есептеп салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екендігін көреміз.
Сарысу ауданында ең қолайлы нүктелерде жел жылдамдығы секундына 8,5 метрді көрсетсе, Қордайда 8 метр, Талас ауданында 7 метр, ал Шу ауданының солтүстік шығысы мен Мойынқұм ауданы аумағында жел жылдамдығы секундына 9,5 метрден 10 метрге күшейетінін байқауға болады. Картаға сәйкес қалған аудандарда жел энергиясын өндіру бойынша потенциалы төмен, жел жылдамдығы секундына 5 метрден аспайды.
Су ресурстарының мүмкіндігін анықтау бойынша Табиғи ресурстарды пайдалану басқармасымен бірлесіп облыстағы өзендер мен су қоймаларының мүмкіншілігі зерделенді. Нәтижесінде облыстағы 10 өзен мен су қоймаларында жүзеге асыруға болатын 12 перспективалық жоба анықталды. Стансалардың болжамды қуаттылығы шамамен 140 мегаватты құрайды.
Перспективалық жобалар негізінен тау өзендерінің басында орналасқан Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандарының аумағында орналасқан. Аталған жобалар тізімі «Қазақ Инвест» компаниясының облыстық филиалына шетелдік инвесторларға ұсыныс ретінде беру үшін жолданды. Аталған аудандарға кәсіпкерлер басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторларды тарту жұмыстарын күшейту ұсынылған.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.