Жастар үшін барлық жағдай жасалуда

42

Аз уақыттан соң ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Ал бұл қастерлі мерекені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан ажыратып айта алмаймыз. Бәрімізге белгілі, осыдан он жыл бұрын 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні болып белгіленді. Тұңғыш Президентіміздің егемен елімізді өркендетуде сіңірген еңбегі ерен. Ол ең алғаш егемен мемлекетіміздің тізгінін қолына ұстап, дамыған елдердің қатарына қосты, көршілес елдермен шекарамызды шегендеді.

Біле білсек, жер бетінде Қытай Халық Республикасымен, Ресей Федерациясымен шекарасын нақтылап алған мемлекет аз. Айталық, Украина мен Ресей әлі күнге қырғиқабақ күй кешіп келеді. Өйткені шекара мәселесі шешімін таппаған. Біздің территориямызды БҰҰ тиісті құжаттар арқылы бекітті. Қазір біздің тұтастығымызға өзге мемлекеттердің ешқайсысы қол сала алмайды.
Бұл туралы кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен алқалы жиында айтты. Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған басқосу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты жастарға арналған үндеуіне байланысты өтті. Оған қатысқан жергілікті билік өкілдері, білім ордасының оқытушы-профессорлық құрамы, белсенді жастар ашық диалог форматында пікірлесіп, ойларын ортаға салды, ұсыныстарын да жеткізді. Іс-шараны университет ректоры Талғат Ешенқұлов ашып, жүргізіп отырды.
Аймақ басшысы Елбасының еліміздің жаңа астанасын тұрғызудағы еңбегін де атап өтті. Сарыарқаның төсіндегі 180 мың ғана тұрғыны бар шағын шаһарды жиырма жылдың ішінде 1 миллионнан астам халқы бар мегаполиске айналдыру әркімнің қолынан келе бермейді. Ал ол қалада аз уақытта қаншама дүниежүзілік маңызы бар құжаттар қабылданды?! Бір-бірімен амандаспайтын әлем лидерлері біздің бас қаламызда бір үстелдің басына жиналып, достық пейілде дидарласты. Бұл біздің Елбасына деген олардың құрметі, жаһандық аренадағы абыройы арқасында мүмкін болды.

«Қазір елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы жастар үшін екенін ұмытпауымыз керек. Осыдан жиырма жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасының жүзеге асырыла бастағаны да сондықтан. Осы бастама аясында көптеген қазақ жастары дүниенің түкпір-түкпіріне барып, ең іргелі білім ордаларынан білім алып қайтты. Бүгінде «Болашақтың» түлектері елге келіп, дамуымызға, өркендеуімізге қызмет етуде.
Мен Елбасының жанында отыз жылдан астам уақыттан бері жүрмін. Сол себептен де оның көрегендігіне, алдағыны болжай алатындығына талай мәрте куә болдым. Кешегі «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында да жастарға арнап «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жинағын жария етуі соның дәлелі», – деген Бердібек Машбекұлы тәуелсіздікті иелену оңай емес екенін еске салды. Ал оның іргесін нығайтып, дамыту, өркендету, тіпті «Мәңгілік ел» жасау одан да қиын.
Қазақстан қалай ілгерілеп келе жатса, Жамбыл аймағы да ілкімді істерімен шет қалып жатқан жоқ. 1990 жылдар мен қазіргі уақытты, тіпті салыстыруға келмейді. Мұны қос ғасырдың куәгерлері растай алады. Ол кезде қазақстандықтар АҚШ-ты былай қойғанда, іргедегі Мәскеуге барып келгенін мақтаныш тұтатын. Бүгінде дүниенің жартысын шарлаған замандастарымыз көп.
«Бүгінгі ашық диалог алаңын ұйымдастырғандарыңызды өте құп көріп отырмын. Өйткені қазіргі жастардың көзқарастары бөлек, олар жаңашылдыққа ұмтылады. Ал біз, қанша дегенмен ескілеу көзқараста көбірек өмір сүрдік, жастық шағымыз сол кезеңге тиесілі. Біз жаңашылдыққа орыс тілімен ұмтылған болсақ, қазір ағылшын тілімен әлемді тани аласың. Мұны Тұңғыш Президент те айтқан болатын. Жалпы, жастарымыз неғұрлым көп тіл білсе, біз соғұрлым бай боламыз. Өйткені байлық – білімде. Нұрсұлтан Әбішұлы сол себептен де білім саласына өлшеусіз үлес қосты», – деді Б.Сапарбаев.
Әкім қазақтардың қай заманда да қонақтарын сыйлағанын, құшағына тартқанын еске салды. Ашаршылық, соғыс, зұлмат жылдарда да қоныс іздеп келгенді төрімізге оздырып, бір үзім нанымызды бөліп жегенбіз. Көпұлтты Қазақстанда егемендігіміздің алғашқы жылдарында қазақтар жалпы тұрғындардың елу пайызын ғана құраған. Соның өзінде, Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында, бір замандарда көптеген ұлттың өкілдерінің жанын сақтап қалғанымыз үшін өзге мемлекеттермен тереземіз тең дәрежеде, сыйласып, алыс-берісте өсіп-өркендеп келеміз.
Оқу орнының ректоры Талғат Ешенқұлов Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жинағын студенттер мен оқытушылар қызу талқылап, қолдап жатқанын жеткізді. «Сондай басқосуларда белсенділік танытқан жастар облыс әкімімен кездесуді сұраған болатын. Міне, олар өзіңізбен жүздесу үстінде көкейлеріндегі ұсыныс-пікірлерін жеткізбек ниетте. Кейінгі буынның айтары бар», – деді университет басшысы.
Басқосуда халықаралық, республикалық ғылыми-инновациялық жобалар байқауларының жеңімпазы, жас ғалым Маржан Қалмаханова сөз сөйлеп, бүгінгі таңда сапалы білімнің басты фактор екенін айтты. Сонымен қатар еліміздегі жас ғалымдарға көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылығын білдірді. «Мен аймақтағы табиғи саз балшықтардың пайдасын зерттеп жүрмін. Жұмысыма байланысты Испания, Греция, Партугалия сынды шет мемлекеттерде өткен халықаралық конференцияларда баяндама жасадым», – деген ол замандастарын отандық ғылымды дамытуға шақырды.
Содан соң осы университеттегі студенттер ұйымының жетекшісі Данияр Рахманов жастардың әлеуметтік жобалары туралы әңгімелеп, олардың жергілікті билік тарапынан қолдау тауып жатқанына ризашылығын жеткізді. Тараз өңірлік университетінің Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Абдықадырова тәуелсіздігіміздің жетістіктерін сөз етсе, Түркіменстаннан келіп білім алып жүрген қандасымыз Айткүл Тауманова мемлекетіміздің өзге елдермен достық қарым-қатынасына алғысын айтты. «Бұл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің арқасында мүмкін болды. Сондықтан да мен секілді мыңдаған жас атажұртына оралып, білім алып жатыр», – деді ол.
Жиын барысында университет профессоры, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының жетекшісі, тарихшы Сейдахан Бақторазов еліміздің басып өткен ақтаңдақ беттеріне тоқталса, өнер мамандығының студенті Әлима Қайратқызы қазақ мәдениетін әлемдік деңгейге көтеруге күш салғысы келетінін айтты. Қытай елінен келіп оқып жатқан жас ақын Жұматай Көксубай жырдан шашу шашып, тәуелсіздіктің және Елбасының арқасында атажұртының топырағын басқанына тәубе ететінін атап өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі, профессор Айгүл Қабиева Тараз қаласына жастар театры керек екенін алға тартты.
Сөз сөйлегендерді мұқият тыңдаған аймақ басшысы барлық ұсыныс-пікірлер ескерілетінін жеткізіп, кейбір сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Іс-шарада облысымыздың 1991 жылдан бергі даму тарихы туралы көп сериялы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының қатарына өтуге өтініш білдірген бір топ студентке партиялық билеттері салтанатты жағдайда табысталды. Ашық диалогтан кейін университет жастары Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жария еткен «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарына қатысты Қазақстан жастарына үндеу жариялап, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне челлендж жолдады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Comments are closed.