- Advertisement -

Көрген-баққан

151

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

«Комсомолская правдадан» оқыдым. Бір деревняда болған оқиға. Алдымен көршінің екі иті төбелеседі. Артынша қожайындары балағаттасып, ұстасып кетеді. Оған әйелдері қосылып, ұрыс көтеріп, шаш жұлысады. Соңында бұл төбелес бүкіл деревняны шарпиды. 40 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алады. Біразы ауруханаға түседі, біразы заң қызметкерлерінің қолына түседі.

Ит үшін ит болудың мұнан асқан көрінісі бар ма?

***

Сталин қарама-қайшылықты, бірақ та ұлы тұлға. Репрессия дейміз. Кінәнің ең үлкені қазақтың өзінде жатыр. Бір-бірі көре алмастықпен, бақай есеппен арыз жазып ұстатып жіберген жоқ па? Тіпті Алашорда басшыларының өзі билік бөлісе алмай өзара қырқысқан. Жасырып, жауып қайтеміз…

Сол жылдардағы мұрағатты ашса, есімі елге құрметті ағалардың сау тамтығы қалмас.

Ал, Сталиннің көзінің ағы мен қарасындай екі ұлының бірін жау қолынан арашалап алмағанын неге ұмытамыз?! Егер олай істесе, қарауындағылар ойына келгенін жасамай ма?

Иосиф Виссарионович қайтыс болған соң артында қалған киімі мен дүниесінің тізіміне көз салсаңыз, тіптен ұяласыз. Қайыршының аз-ақ алдында!

Айналасын ғана жарылқап, өзі тойса да көзі тоймайтындарға үлкен сабақ осы!

***

Нұрберген аға (Балғымбаев) айтқан сыр.

– Астанада бір министрлікте істейтін танысым кезігіп қалды. Өзі Саратов жерінде туып-өскен, орысқолдау азамат еді. Әңгіме арасында «Қазақта Рахымжан деген жазушы болыпты. Қазір көзі жоқ шығар. Биыл жаз жанұяммен Индонезияға демалысқа барғанбыз. Мың арал ғой, соның біріне. Біз түскен бөлмеде бір алақандай кітап жатыр. Аты «Отверженный мир». Шамасы бізден бұрын келген бір қазақстандық оқуға әкеліп, қалдырып кеткен. Қайта-қайта оқимыз. Риза болдық» – деп сені мақтап әкетіп барады. Мен айттым. – Әй, ол менің інім. Қазір Атырауда тұрады. Сен немене жақсы жазушының бәрі бірдей өліп қалған деп ойлайсың ба? – деп. Сенер, сенбесін білмей бас шайқай берді. Сені көргісі келеді. Солай, інім! Өзің бармаған жерге сөзің жетіп жатыр.

Ағаның әңгімесі көңілімді біраз көтеріп тастады.

***

Театрларда алды 40-50 жыл еңбек еткен артистер жүр. Осыншама жылдар ішінде сахнада қаншама роль сомдамады десеңізші? Байды да, батырды да, қанішер мен қорқақты да, бәрін-бәрін… Бауыр басып қалып, біраз уақыт сол образдан шыға алмай жүреді.

Сахнаның қасиеті, әр рөлдің өзіндік магиясы бар. Тым беріліп кетсе артистің өзіне бұйырмысты тағдыры ауысып кете ме деймін. Мысал көп. Бірақ оны айтар кезекке қоя тұрайын.

***

Ана бір жылы орыс баспасөзі Пушкин мен Рубцовтың қайсысы мықты ақын деген пікірталас ұйымдастырды. Екі жақтың да дәлелі күшті. Азуласып-азуласып бір-бірін жеңісе алмай тарасты. Әулиедей Пушкинді әлдекіммен салыстыру бір жағы ерсі. Бір қарасаң онда ешқандай бейбастақтық жоқ. Өнер бәйгесінде алдына қара салмас жүйрік жоқ қой. Міне, бұл жоғары дәрежелі мәдениеті бар елдің тірлігі. Әркімнің әдебиетте алар орны мен бағасын беруде ақиқатын айтып қасқайып отырады. Күлбілте атымен жоқ.

Бізде ше? Мұндай сөзді окопқа жатып алып айтпасаң, тірі қалуың екіталай…

***

Облыстың бас имамы көрген жерде құшақтай кетті.

– Аға, өткен жолы маған үлкен сыйлық жасадыңыз. Үй алуыма көмектестіңіз. Жақсылығыңызды еселеп қайтарамын, – деп.

– Аулақ жүр. Маңыма жолама, – дедім түсімді суытып. – Қараңды батыр!

Шошып кетті. Сәлден соң түсініп қап, әй, бір күлді дейсің.

Шынында да, молдадан, оның ішінде бас имамнан жаназаңды шығарғаннан басқа не жақсылық күтесің?

***

Бала кезімізде ауылдың шалдары айтып отыратын – баяғыда Қанішкенде шағын наубайхана жұмыс істеді. Нанды пісіретін орыстар. Қамырды қолмен илемейді. Бес-алты Марусясы түскір тыр жалаңаш шешініп тастап, аяқпен басады. Көрмесең- жейсің, көріп қалсаң ұшынып өлесің, – деп.

Жалған дейін десең бір-бірін қуаттап отырады.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support