- Advertisement -

Жасөспірімдер қылмысын азайту үшін әлеуметтік жағдайды көтеру керек

154

- Advertisement -

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 18 жасқа толмаған 458 368 жасөспірім болса, оларға кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі 154 учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді екен. Инспекторлар облыс аумағындағы мектептермен тығыз байланыс орнатып, ондағы білім алып жатқан оқушылар арасындағы құқықтық тәртіптің бұзылмауын қадағалап, бақылайды.

Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары бойынша кеңестің кеңейтілген отырысында сөз болды.

– Біз мектептер мен колледждердегі құқықтық ахуалды бақылау барысында 442 мектеп, 44 колледж және 2 жоғары оқу орны мен 1 балалар үйіне жүргізілген бақылаудың барысында кәмелетке толмаған 5 790 баланы бөлімдерге алып келдік. Оның ішінде арнайы есепке алынған 274 жасөспірім, 221 қолайсыз отбасымен қатар, қайталап қылмыс жасаған 24 бала, сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылған 55 отбасыны тексеріп, анықтадық. Қазірге дейін тәртіпті бақылау мақсатында жасөспірімдер мен балалар мекемелері аумақтарына 7 990 бейнебақылау камералары орнатылды. Сонымен қатар 2 875 рейд өткізіп, 416 қаңғыбастық пен қайыршылық фактісін, ішімдік ішуге әуестенген 32 жағдайды, түн мезгілінде бақылаусыз жүрген 4 591 жасөспірімді анықтап, ата-аналарына ескерту жасадық. Және бейімдеу орталықтарына 451 жасөспірімді орналастырдық, – деді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов.

Десе де облысымызда жас жеткіншектер арасындағы құқық бұзушылықтың көрсеткіші соңғы уақытта айтарлықтай төмендеген. Ал жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау, дене жарақатын салу, ұрлық жасау, ерте жүкті болу, адам өлтіру сияқты аса ауыр қылмыс түрлері әлі тыйылмаған. Осы ретте облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрайымы Бақыт Жақсылықова жасөспірімдер арасындағы қылмысты тыю үшін халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, жұмыспен қамту керек екенін айтты.

– Сонымен қатар әр ата-ана өз баласына жауапкершілікпен қарап, олардың телефонды дұрыс бағытта пайдалануын қадағалау қажет. Тіпті әлеуметтік желіде қандай сайтқа кіріп, нені ойлап, нені қойып жүр, соның бәрін өз бақылауына алып, баламен көп әңгіме айтып, сырласу керек, – деді ол.

Жиын барысында балалардың болашағы үшін өнегелі фильмдер түсіру керек екенін, сонымен қатар дін мәселесінде де балалардың дұрыс бағытта жүруін қатаң бақылауға алу қажеттігін, кәмелетке толмаған қыздардың некесін қимау керек екенін айтып, өз ойларымен бөліскен кеңес мүшелері бірауыздан балалардың жарқын болашаққа қадам басуына қоғам болып атсалысудың жолдарын жан-жақты талқылады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support