- Advertisement -

Ұрпағым да еңбекқор болып өссе деймін…

167

- Advertisement -

Біз білетін Ілияс Ешенқұлұлы өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, тірліктің көзін таба білген жан. Басшы болып үлкен ұжым да басқарған. Бүгінде Таразда тұрса да қолынан кетпенін тастамай, қала сыртынан жер алып, бау-бақша егіп, жастарға үлгі болып жүр. Ерен еңбекке толы өмір жолы ел-жұртқа өнеге болсын деген оймен Ілияс ағаны әңгімеге шақырған едік.

– Ілияс Ешенқұлұлы, елімізде тәуелсіздік Туы алғаш желбіреген жылдары басшылық қызметтерде болдыңыз. Әрине, ол жылдары еліміздегі барлық кәсіпорындар тығырыққа тірелгені анық. Дегенменде азаттықтың алғашқы жылдарында ел-жұрттың жағдайы қалай болды? Сол күндерді тағы бір еске алып көрейікші…
– Тәуелсіздік алған жылдары елдің жағдайы өте ауыр еді. Қалыптасқан одақтық қарым-қатынастың барлығы үзілді. Бұрын жұмыстың бәрі орталықтан жоспарланатын да басшылар анау айтқандай уайымдай қоймайтын. Тек міндеттелген жоспарды орындасаң болғаны… Енді ол жүйенің барлығы адыра қалды. Кеңес одағы кезінде көкөністі өңдеуге қатты көңіл бөлінді ғой. Жамбыл облысында осы іспен айналысатын алып мекемелер болды. Жалпы алғанда халықтың дастарханының 75 пайызы көкөніс, жеміс-жидектен тұрады. Өйткені арзан әрі қолжетімді. Әбден қалыптасқан ірі механизм халықты жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп тұрды. Енді Тәуелсіздік алдық, әр республика өз алдына бөлініп кетті. Шын мәнінде дағдарыс болды. Дүкендердің сөрелерінде ештеңе жоқ. Колхоз-совхоздар тарап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетіп, ел өз бетінше тіршілік етуге кірісті.
Осылайша жекешелендіру ісі ең алдымен сауда-саттық мекемелерінен басталды. Ол кезде халық депутаттары облыстық кеңесінің депутаты едім. Сонда әлі есімде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жергілікті өзін-өзі басқару деген қаулы қабылдадық. Осыдан кейін барлық жауапкершілік, барлық ауыртпалық жергілікті билікке түсті. Алдымен жоғарғы кеңес, одан облыстық кеңес тарады. Соған альтернатива ретінде мәслихаттар құрылды. Облыстық әкімдік алдымен кеңес болып еді, кейін ол да тарқап администратор болды.
Меніңше басшылар заманның өзгергенін, қалай даму керек екенін түсінді, бірақ жағдай болмады. Қол қысқа. Әйтпесе, басшылардың барлығы дерлік тәжірибелі, қолынан іс келетін жандар еді. Біздің көкөніс өңдейтін мекеме одақтағы республикаларға вагондап өнімдер жіберген. Ақшалары қайтпай қалды. Біз ғана емес, Тараздағы жүн түту, былғары комбинаты, химия зауыттары да осындай жағдайды бастан өткерді. Химия зауыттарының өнімі сол жылдары өндірістің үш пайызын құрайтын. Шаруашылықтар шөп шабайын десе, тракторы бар, жағармайы жоқ. Өйткені жағармай сырттан келеді. Өзіміздегі мұнайды шикі күйінде алып кетіп, Ресейдің Волгоград зауытында өңдеп, өзімізге қайта әкелетін. Келгенінің өзі алыпсатарлардың қолына өтіп кетіп, олар бағасын аспандатып, халықта ақша жоқ, бартер деген бәле пайда болды. Бір қойды бір қапшық ұнға айырбастады. Зейнетақы, жалақы жоқ. Мұғалімдер мектепті тастап кетіп жатыр. Ол кездегі жүйе бойынша республикадан облысқа қаржы келеді. Одан ауданға бөлінеді. Аудан басшылары ары тартып, бері тартып ақшаны жеткізе алмайды. Әкімдер қаржыға қожайындық жасап, өзім білермендікпен бөле бастағандықтан, енді қаржыны колхоз-совхоздарға нақты мақсатпен бөле бастады. Яғни қаржының құжаттарына бұл қаржы тек жалақыға берілсін деп арнайы жазылады. Оның өзі әр салаға бөлінеді. Білімге, мәдениетке, медицинаға деген сияқты. Мұны білетінім, мен облыстық мәслихатта жоспарлау және бюджеттік комиссияның төрағасы болдым. Сол кездегі облыс басшыларының бір дұрыс әрекеті, өздерінен жауапкершілікті алып, коммуналдық қызметтердің, жолақының тарифін бекітер кезде міндетті түрде мәслихатпен келісетін еді. Тариф көтерейік дегенге түбегейлі қарсы шықтық. Бұл мәселені сессия бекіткенімен, басқару құқы әкімде. Яғни әкім оны өзгерте алады. Бірақ әкімдер депутаттарды сыйлап, айтқанына көніп, ешқашан олар бекіткен шешімдерді өзгертпейтін. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген рас қой. Қалай айтсақ та, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы осы қиыншылықтың барлығы қарапайым халықтың басына түсті. Халық бәрін көтерді, шыдады. Халыққа мың алғыс. Ала дорба арқалап, қай жерде қандай арзан зат болса, соны тасып, саудалаумен күн көрді. Небір мықты ұстаздардың өзі саудаға шығып кетті емес пе? Қазақ Құдай деген, ешкімнің ала жібін аттамаған халық қой. Әйтеуір, шыдады.
– Тараздың іргесіндегі Жасөркенде туып-өстіңіз. Өмір жолыңызға қарап отырсам, тек ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді екенсіз… Жас маман ретінде қаланың қызу тіршілігіне қойып кетпедіңіз бе?
– Менің негізгі мамандығым – бухгалтер. Статистика техникумын үздік бітірдім. Еңбек жолымды облыстық статистика мекемесінің ауыл шаруашылығы бөлімінде бастадым. Міне, содан бері 60 жылға жуық уақыт өтті, ауыл шаруашылығы саласынан қол үзбей келе жатырмын. Әлі есімде… Жасөркенде есепші боп істеп жүргенде шаруашылықта егетін көшет таппай қатты қиналдық. Сатып алатын ақша бар, көшеттің өзі жоқ. Сол кезде маған «Агроном болып, осы іспен неге айналыспасқа?» деген ой келді. Бір жағы жастық желік те болар. Әйтеуір, бау-бақша мәселесіне қатты көңілім ауды. Сарыағаш ауданының Жүзімдік ауылында көшет шығаратын кәсіпорын бар. Барлығы сол жақтан әкеледі. Бірақ, бәрібір жетіспейді. Содан Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны да үздік бітіріп шықтым. Ендігі арманым қалайда ауылға оралу. Айтпақшы, оқуды бітірер кезде Ленинградтан келген комиссия емтихан алды. Веньяминов деген профессор мемлекеттік емтиханда қазақтар бау-бақша мәселесіне епті емес деп ойлады ма маған «Жылыжайды неге өз алдына бөлек құрады? Неге ТЭЦ, жылу беретін мекемелердің қасынан ашпайды?» деген сұрақ қойды. Бұл оқулықта жоқ сұрақ. «Иә, бұл экономикалық жағынан тиімді. Өз алдына пеш салмайды, жылуды ТЭЦ-тан алады. Бірақ бізде бір менталитет бар. Екі басшы таласады. Жылыжайдың басшысы зауытқа бағынғысы келмейді, соның кесірінен мемлекет зиян шегеді. Өнімнің бағасы қымбат болуы мүмкін. Мұны келешекте көтеру керек. Егер түсінісіп жұмыс істей алса, бұл өте тиімді» дедім. Неғып екенін қайдам, аузыма осы жауап түсті. Дұрыс, бұрыс екенін де білмеймін, бірақ ойымды ашық айттым. Жауабым профессорға қатты ұнады. «Мен сені Ленинградқа аспирантураға алып кетемін» деді бірден. Ары-бері ойланып, келісім бермедім. Рақметімді айттым. «Ең болмағанда Алматыдағы университетте қал» деді. Оған да келіспедім. Ауылға, туған елге барғым келді.
– Содан диплом алып, жас маман ретінде ауылға келдіңіз…
– Иә, 1970 жылдың тамыз айында ауылға келдім. Бірақ маған агрономдық жұмыс табылмады. Кеңшар директоры оқуды сырттай бітірген. Оқып жүрген кезінде мен оған көмектескенмін. Мен оқуға кеткен жылы ол құрылыстың бригадирі еді. Сол енді директор екен. Ауылға келіп, бір айдай бос жүрдім. «Содан «Сен жұмысшы боп жүргенде мен бухгалтер едім, сен енді директорсың, мен енді жұмысшы болсам ештеңе етпес» деп директорға мені сушы қып қабылда деген өтініш тастап кеттім. Содан өздері ұялған болуы керек, бригадир қып қабылдады. Қанша дегенмен институт бітірді деген атым бар емес пе? Ол кезде бригадир қып ауылда оқымаған, ары барса техникумды бітірген, айқайшыл, белсенді адамды тағайындай салатын. Амал жоқ, келістім.
Бұл көкөніспен айналысатын бригада екен. Құрамында сегіз әйелден басқа жұмысшы жоқ. Ол кезде бұл жұмыспен көбінесе әйелдер айналысатын. Біздің ауыл қыратты жерде орналасқан. Әлі есімде, алғашқы жұмыс күні қыраттың басына шығып, бригадамды күтіп тұрмын. Әлі жоқ. Ақырында төбеден сәл етекке түсіп, сайға қарасам, сегіз әйел бір-бірімен жұлысып жатыр. Бірдеңеге бөлісе алмай қалған ба, әлде тұрмыстық жанжал ма, әйтеуір, екпіндері қатты. «Ойбай, мен қайда келдім?» деп ойланып қалдым. Әрең дегенде басып, бәрін ертіп бақшалыққа келсем, қарасора басып кеткен, арасынан көкөністі табу қиын.
Содан бірден іске кірістім. Күзде алдын ала жоспарлап, айдалып қойған жерге күздік ектім. Үлкен іс тындырып, мақтайды екен деп кеңсеге келсем, мекеменің басшысы стол тоқпақтап отыр. «Сенің оқып келгенің осы ма? Ол жерге құлпынай егуіміз керек еді, жоспарда сегіз гектар жерге құлпынай егу тұр, көшетін әкеп қойдық. Сол үшін жерді жыртып, дайындап қойып едік. Енді оны қайда егесің?» деп байбалам салды. Ойланып қалдым. «Бұл қалай сонда? Менікі дұрыс емес шығар шынында… Бірақ ол сазды жер. Құлпынай дегенді қайта-қайта суғару керек. Суғарған сайын арамшөп өсе береді. Оны қайта-қайта отау керек. Мұның бәрі күш, шығын, артық жұмыс» деп ойландым. Басшылық жер-жебіріме жетіп ұрысты, бірақ жұмыстан шығармады. Үйге келіп тамақ ішіп отырғанда анам жарықтық қабағымдағы кірбіңді бірден байқап «Не боп қалды?» деп сұрады. Болған жайтты айтып бердім. «Әй, үйдің қасындағы қырдың басында бос жер жатыр ғой» деді бірден. Шынында үйдің қасындағы биік қырдың үстінде теп-тегіс бос жер болатын. Ал суды қайтеміз? Рас, қасынан канал өтеді. Бірақ ол етекте, жоғары қарай су шығара алмайсың. «Әкеңнің бастауы бар, соның суы келеді» деді шешем. Шынында сол жерден алты-жеті шақырым жерде бастауымыз болған екен. Анам екеуміз екі атқа мініп, әлгі жер мен бастауды барып көрдік. Бастаудың қасында тағы да бос жатқан 6-7 гектар жер бар екен. Бастаудың суы бір құлақтан асады. Шешем атпен жүріп отырып, бастаудың егістікке келетін жылғасын көрсетті. Сонымен трактормен арық қаздық. Әлгі жерді жырттық. Жері қара топырақ емес, шақылдаған майда тас екен. Әйтеуір, құлпынайды ектім.
– Басшылық бұл ісіңізді құп көріп, мақтады ма енді?
– Қайдан… Мақтайды екен деп кеңсеге келсем, тағы ұрысады. «Есі бар адам осындай тастақ жерге құлпынай еге ме? Құлпынай егетін жер құнарлы болуы керек» деп тағы шат-шәлекей болды. Енді кітаптар ақтардым. Понаморев деген ғылым докторы, профессор құлпынаймен айналысады екен. Алматыдағы бір институтта бөлім басшысы. Араға бір танысты салып, соған телефон шалдым. Паноморев «тастақ жерге құлпынай еккеніңіз дұрыс емес» деп өзімді сөгіп тастады. Тіптен, еңсем түсіп қалды. Күн сайын құлпынай егілген егістіктің басына барып, ойға беріліп отырамын. Су ағып жатыр. Шынында тастақ жер құлпынай үшін қолайсыз екен. Таулы жер болғандықтан судың екпіні қатты. Су құнарлы топырақты алып кетеді, тек тасы ғана қалады. Шынымды айтсам, қатты қорықтым. Пәленбай ақша жұмсалған. Содан бұл істі әбден зерттеп, бір әдісті ойлап тапқандай болдым. Яғни құлпынайды суғару жүйесін өзгерттім. Барлығы 81 жүйек бар болатын. Жүйектерге су бірден лақ етіп келмей, жай сылдырлап қана ағатын қып қойдым. Ол үшін қолдан арнайы құбыр жасадым. Сөйтіп қалай суғару керек екенін сушыға тәптіштеп түсіндірдім. Құлпынайды күзде еккенбіз. Келесі көктемде өнім бермеуі керек еді. Бірақ біздің суғару жүйесі жақсы әсер етті ғой деймін, көктемде өнім берді. Жоспар 200 кило болатын. Бірінші жылдың өзінде гектарына 500-600 килодан берді. 8 гектар жерден төрт тонна құлпынай жинадық. Енді басшылар тілшілерге мақтанып сұхбат беретін болды. Құлпынай алқабын үлгі қып көрсетеді. Тіпті жаңа тәсілмен суғара бастадық деп айтатын болды. Айтпақшы, қарамағымдағы сегіз әйелге жалақыны дұрыс жазғаным әлде адалдығым әсер етті ме, басқа бригададағы жұмысшылар бізге ауысып, санымыз сексенге жетті. Көбейіп бара жатқан соң директор «басқа бригададан жұмысшы қабылдауға болмайды» деген бұйрық шығаруға мәжбүр болды. Құдай беремін десе молынан береді ғой, екінші жыл құлпынай тіптен ырғын салды. Негізі құлпынай 25 мамырда пісуі керек еді, мен еккен құлпынай он бес күн бұрын өнім берді.
Содан Алматыдағы трестің бастығы келіп, құлпынайды көріп таңғалды. Біз ташкенттік деген сортты еккенбіз. Онсыз да өзі ірі сорт екен, біздікі кішігірім жұдырықтай болды. Жесең, аузыңа сыймайды. Трест бастығы «Бұл ақылға сыймайтын жағдай» деп жоғарыдағы басшыларға айтқан. Олар басшымызға Алғыс хат берді. Сол жылы біз гектарына алты тоннадан жинадық. 8 гектардың өнімін бүкіл совхоз жабылып, жинай алмады. Бүгін жинап кетсе, ертеңінде тағы да қызарып тұрады. Ұшақпен құлпынайды Қарағанды және басқа да облыстарға жөнелтіп жатты. Айтпақшы, бірде алқапқа Алматыдан қонақтар келді. Барсам, баяғы Понаморев екен. Арнайы келіпті. Министрлікте «қалайша бір гектардан алты тонна өнім алады, о баста жоспарлау дұрыс болмаған» деген шу көтерілсе керек. Мұның дақпырты институтқа да жетіп, Понамаревті арнайы жіберген көрінеді. «Баяғыда сізге телефон шалып, осы жағдайды айтқам, сіз мені жаратпағансыз» деп едім, ыңғайсызданып қалды. Алқапты аралап ары-бері жүрді. Басын шайқады. Таңғалды. «Бұл жақсы тақырып, сен кандидаттық қорға» деген ақыл айтты ақырында.
– Яғни, сіз өндіріс пен ғылымды байланыстыра еңбек еткен екенсіз ғой…
– Әрине, сол нәтижелі болады. Ауылда алма бағы бар еді. Бір жыл салып, бір жыл демалады. О бастан солай… Содан бір жылы басшылар «алма өз алдына бір бригадада, жүзім де өз алдына бір бригадада болсын» деген мәселе көтерді. Ақылдаса келе алма бауы маған тиді. Алма ағаштары керемет, биік, ең ұшындағы алманы жинап алу өте қиын. Тағы да кітап ақтардым. Сөйтсем «Дон методы» деген бар екен. Дон аймағында да алма ағаштары осындай биік болған ғой. Ағаштың ортасындағы негізгі бұтақты бел ортасынан не кесіп, не қисайтып жығып тастайды екен. Сонда алма ағашының ортасы ашылады да күн жақсы түсіп, мол өнім беретін болады. Осы әдіс ұнап, алманың бәрін бұтатқыздым. Бірақ бұған жұмысшылар қарсы шықты. «Дым білмейсің, бекерге құрттың, енді бұл бау тек отынға ғана жарайды» деп сөккендері де болды. Бірақ мен қайтпадым, айқайласып жүріп бәрін осы жұмысқа салдым. Ортадағы бұтақты жартылай кесіп, жанына қисайтып тастай бердік. Бұл жәйт бастықтарға жетіп, қайтадан айқай басталды. Сол күндерде Алматыдағы басшымыз кеп қалып, сол мені қолдады. «Сіз кедергі келтірмеңіз, қазір ғылым дамып, жастар өндіріске ғылымды енгізіп жатыр. Бұл жігіт мұның алдындағы құлпынайдан мол өнім алып, қолынан іс келетінін дәлелдеді ғой. Сендер содан түскен өнімді сата да алмадыңдар. Керек болса 80 гектар болатын бұл бауды тізімнен сызып та тастаймын. Тек жастарға кедергі келтірмеңіз» деп басшыларға басу айтты. Аллаға сансыз шүкіршілік, алма деген сол жылы бітік салды. Бір жылда алмадан үш жоспар бердім. Және жылда салатын болды. Екі жыл алмаға бригадир болдым. Екі жылында да мол өнім берді.
Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр… Алма бауына 25-30 адамды қарауыл қып қойғанмын. Өзім де түнде атқа мініп тексеруге шығамын. Бірде түнде баудың қасындағы өзеннен атымды суғарып тұрсам, ар жағынан біреу кеп атын суғарды. Қарасам, қарауыл кісі. «Әй, жәке, қалайсың?» деп дауыстап едім, анау шошып суға құлап түсті. Сөйтсем, астына үш қап алма басып алыпты. Көңілім әлем-жәлем болды. Бұл қалай? Қарауылдардың өздері алма ұрлап жатыр. Ертеңінде жұмысқа кештеу кеп қарап отырсам, жұмыстан қайтқан әйелдердің барлығы алма арқалап алған. Бірден айқайға бастым. Алманың бәрін төктірдім. Сонда шешеммен жасты бір кісі «Бұл не істегенің? Бұлар алады, алғанын тоқтатпайды, сен оларға айқайлап абыройыңды құртпа» деп ақыл айтты. Үлкен кісіге не дейсің? Ертеңінде қарауылдың бәрін міндеттерінен босатып, жәшік қағу ісіне жібердім. Сөйтіп алма бағынан келе жатқан жолдағы көпірдің басына Дәулетқұл деген кісіні қойдым. Қасына тағы екі кісіні қосып, күрке тігіп бердім. Шай қойып ішеді. «Ешкімді тексермеңдер, алма бағының ішіне бармаңдар. Ауылдың адамдарын бауға өткізіңдер, бөтен адамды жолатпаңдар» деп тапсырма бердім. Әр түптен он жәшіктен алма жиналады. Өнім деген ырғын. Жәшіктерді шығарып та үлгере алмайсың. Содан елдің өзі кеп алма сұрайтын болды. Аптасына бір рет машина толы алманы жұмысшылардың үйлеріне таратамыз. Осыдан кейін ұрлық сап тиылды. Тәртіп орнады.
– Бұл еңбегіңіз, тәжірибеңіз еленіп, қызметте көтерілуге сеп болды ма?
– Осындай нәтижелі жұмыстан кейін мені партия қатарына қабылдады. Сонда аудан басшысы «Бір совхозға агроном қып жіберсек қалай қарайсың?» деп сұраған. «Қарсылығым жоқ» дедім. Одан кейін де біраз уақыт өтті. Қазан айы келіп, жүзімді теріп бітіп, енді орны жиналып жатқанбыз. Егістікке барсам, әйелдер «бізге бүгін басқа бригадир сайлап тастады» дейді. Аң-таң болдым. Сонда мен қайда қалдым? Барсам, шынында басқа біреуді тағайындап тастаған. Бірден директорға кірдім. Сөйтсем ол: «Мен кінәлі емеспін, сені маусым айында басқа совхозға бас агроном етіп тағайындап тастаған екен. Сен әлі бармапсың. Маған сені «тез арада жұмыстан босат» деп айтты» дейді. Ол совхоз қайда? Айтты. Бардым. Келсем, кеңседе ешкім жоқ. Хатшы қыз ғана отыр. «Ешенқұловпын» деп едім, бірден таныды. «Сізді қанша күннен бері күтіп отырмыз, мынау кабинетіңіздің кілті, шопырыңыз қазір келеді» деп жік-жікпар болды. Директор қызылшаның басында екен, сол жаққа бардым. Ел агрономның машинасын таниды екен. Егістікке барсам, елдің бәрі шуылдап құттықтап жатыр. Директормен сол жерде таныстым. Кейін өзім де бірталай мекеме, шаруашылықты басқардым.
– Міне, Тәуелсіздігімізге де отыз жыл боп қалыпты. Қазіргі тіршілігіңіз қалай? Не өзгерді? Осынау отыз жылда не ой түйдіңіз?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін кооператив деген шықты. Жерді жекешелендірді. Мен жер алып, көкөніс ектім. Бес гектарға алма ектім. Негізгі жұмысым осы болды. Әрине, бұл іске деген қызығушылығым болып, құлшына кіріскеннен шығар, тірліктің көзін таптым. Әрине, көл-көсір пайда жоқ. Уақытыңды алады. Бірақ отбасым аш емес, күн көруге болады. Біреуге алақан жайып отырғанымыз жоқ. Бір кемшілік болды, өсірген өнімді сата алмадық. Облыстан алысқа шығып сатайын десең қымбат. Шығынды өтемейді. Делдалдар бағаны жерге ұрады. Қазір бұл мәселені үкімет қолға алып, көтерме-сауда орталықтарын ашып жатыр ғой. Бұл – өте дұрыс. Бағаны да ауыздықтауға болады. Жасым ұлғая келе кәсібімді қойып, бау-бақшамды саттым. Әйтсе де үш-төрт айға дейін алма бағыма барып жүрдім. Жаңа иесі де қарсы болмады. Бірақ кейін ыңғайсыздандым. Біреуге «мынаны дұрыс істемедің» деп қалай айтасың? Алайда өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен адам үйде қол қусырып қарап отыра алмайды екен. Содан Құмшағалдағы саяжайдан бос тұрған екі учаскені қатарынан сатып алып, 500 түп алма әкеп отырғыздым. Қоршадым, басына баспана салдым. Міне, екі-үш жылдан бері соны айналдырып жүрмін. Биыл үшінші жыл алма жинап алдым. Екінші жылы 500, биыл 800 килодай алма алдым. Биыл үсік ұрып, өнім ептеп аз боп қалды.
Мені мына мәселе көп ойландырады. Ауылдағы бұрынғы мамандар қартайды. Ал жастар ауылда тұрғысы келмейді. Тұрып жатқанының көбісі тек малмен айналысады. Жамбыл облысы суғармалы жер. Яғни жеріміздің әр гектары алтынмен тең. Менің ойым, болашақта қала тұрғындарына қала сыртынан шағын жер берілсе. Автобус қатынасы, жарық, ағын суы реттелсе. Қала тұрғындары сенбі, жексенбі күндері не істейді? Сол саяжайда еңбек етсін. Таза ауа, таза өнім. Бұл істі ең алдымен басшылар қолға алып, басқаларға үлгі болуы керек. Алақандай жерден ең болмағанда қыстық өнімін қамдап алар еді. Тіпті, бірте-бірте тәжірибе жинап, артық өнімді саудалауға да болар еді.
Жалпы өз тағдырыма ризамын. Қаншама жақсы адамдармен тоғыстырды. Қаншама үлкен қызметтер атқардық. Бірақ ешқашан да қызметке құмар болып, соңына түспедім. Мен қарапайым адам ретінде адал еңбек еткім келді. Және сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Кейде өткен өмірім туралы кітап жазғым да келеді. Ұрпағым аталарының еңбекқор адам болғанын, осының бәрі нәтижелі еңбектің арқасында құралғанын, еңбексіз ештеңеге де қол жеткізе алмайтынын біліп түйсініп өссе деймін. Жұбайым Жібек өмір бойы ұстаздық қызмет атқарды. Білім беру саласының үздігі. Екі ұл, үш қызымыздан немере-шөберелер сүйіп отырмыз. Аллаға сансыз шүкіршілік. Енді осы кәсібімді кенже ұлым Абылайхан жалғастырады деген үмітім бар. Сол баламның бау-бақшаға ебі бар.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support