- Advertisement -

Көрген-баққан

105

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Бұл әпсана. Өмірде бір епті өтіпті. Алты қадам жерге тебен инені қадап қойып, соның титтей көзінен жіп лақтырып өткізеді екен. Мұны сол елдің бір билеушісі естиді. Алдына әкелдіреді. Өнерін тамашалайды.
– Бұған қанша жыл ғұмырың кетті? – деп сұрайды.
Осы өнерді игеру үшін қырық жыл өмірімді сарп еттім депті.
– Ендеше бұған қырық ділда беріңдер. Сосын қырық дүре соғыңдар, – дейді билеуші.
– Ойбай-ау, ділда түсінікті, дүре ненің ақысы, – дейді әлгі.
– Қырық ділда ептілігің үшін, ал, қырық дүре түкке тұрмайтын іспен айналысқаның үшін депті.
Қырық жыл бойы ұрпақ оқымайтын кітап жаздың деп Аллекемнен бізде қырық дүре алып жүрмесек болар.

***
Шіркін, татар ханшасы Сүйінбике жайлы бір тарихи роман жазар ма еді.

***
Қазанға барғанда естіген әңгімем. Қаладағы мавзолей әктелген, аппақ. Москваның бір журналисі заманында Міртемір Шаймиевтен сұрапты. – Неге мавзолейлеріңіз Москванікіндей қызыл емес, – деп. Сонда мемлекет басшысы: – Татар тарихында беті қызаратын ештеңе жоқ, – деп жауап берген. Ер ғой!

***
Сүлеймен Шатхам тағдырлы қазақ. Иранда тұрған. Парсылар бұларға және түркімендерге оқу, қызмет жағынан қараспаған, қысым жасаған. Сосын түркімендер көтеріліске шыққан. Сүлеймен де қазақ қолын бастап соғысқа қатысқан. Ақыры жеңіліс тауып, түрмеге қамалған. Өлім жазасына кесілген.
Сотта істейтін бір қазақ құтқарып, Түркияға қашырады. Одан Германия асады. Қазірде Дінай деген асыл жары, Абай, Олжас атты қос ұлы бар.
Алпысқа толған жасын Алматы мен Атырау атап өтті. Үлкен мереке болды. Қазақта мұндай мәрт, адал азаматты сирек көрдім. Қазірде Мюнхенде тұрып жатыр. Бақуатты, бақытты.

***
Ақшасы түскірдің ұятты білмейтіні қиын.

***
Жазықты боп шешесінен таяқ жеген бес жасар баланың айтқаны. – Апа, сенің аяғың қисық.

***
Баяғы шалдар «Айғыр салсаң үндісінен, қошқар салсаң жүндісінен» – деп отыратын. Қазірде үнді де жоқ, жүнді де жоқ, рахат болды.

***
Екі жақсы тауға шықса құдаласып түседі. Екі жаман тауға шықса қуаласып түседі.

***
Қазірде Қазақстанда бас қосып, отау құрған жастардың тең жартысы ажырасып кетіп жатыр. Себеп? Өте көп. Айта берсең сан алуан. Санап тауыса алмассың. Кінә кімде? Ол – бізде. Өйткені біз елімізде «Бәйбішелік мектеп» қалыптастырмадық. Жас қыз тұрмыс құрмас бұрын ерін сыйлау, ата-енесін құрметтеу, ағайын-туысқа ілтипатты болу, бала күтімі, үй ұстау, дастархан мәзірі, барға-қанағат, жоққа-салауат сынды болашақ өміріне ең қажетті нәрсені үйретпедік.
Осының бірін білмей тұрмыс құрған жастың ертеңгі күні қайда барып тірелері белгілі емес пе?

***
Карлови Варида жанұямызбен демалғанбыз. Жаз кезі. Қонақүйде кісі көп. Дені Израилден келген еврейлер. Бәрі дерлік кешегі Кеңес Одағынан кеткендер. Өте ілтипатты, әңгімешіл.
– Ежелгі мекендеріңіз қалай қарсы алды? Қанша жылда азаматтық берді? – дедім.
– Жақсы орналастық. Әрбірімізді аэропорттан қарсы алысты. Сол жерде жаңа паспортымызды табыс етті. Азаматтық алуымызбен құттықтады. Жыл емес, ай емес, әрі кетсе жарты сағатта бәрі шешілді, – десті.
Бізде ше?.. Соны сұрап қала ма деп қипақтап орнымда отыра алмадым.

***
Атаңды білмесең аруағыңнан айырыласың, руыңды білмесең рухыңнан айырыласың. Бөліп-жарылу емес. Ата-текті білу парыз. Мен Кіші жүз, он екі ата Байұлымын. Оның ішінде Ысық руы.
Бір күні Нұрлан аға Балғымбаев шақырды. Бардым.
– Бір үлкен жаңалығым бар, – деді аға. – Саған айтқалы отырмын.
– Тыңдадым.
– Кеше Әбіш Кекілбаевпен кездесіп қалдым. «Ұлы жүздің Ыстысы мен Ысық бір туған. Осыны зерттесеңдерші. Тарих үшін аса қызғылықты. Ұрпақ үшін тәлімі мол дүние» – деп әңгіме өрбітті. Әзілдеп отыр ма десем, шын сөзі. Ғажайып білімдар тұлға ғой. Тегін айтпаған шығар. Осының ақиқатын анықтауды саған тапсырғалы отырмын, – десін. Тым тосын жаңалық! Ағалы-інілі екеумізде әрі қарай не айтарымызды білмей біраз отырып қалдық.
– Қолымнан келсе күш салайын. Алыстан ағайын тауып жатсақ олжа емес пе?
Содан Алматы асып ақбас академик ағамызға келейін. Мән-жайды баяндайын.
– Осылай да осылай көке бұдан не хабарыңыз бар? – дейін.
– Ол рас сөз. Мен мұны баяғыдан бері білем, – деді академик. – Мен осы Жетісу өңірінің тарихын көп зерделедім ғой. Ежелгі тарихқа көз жіберсек, бір уыс түркі халқы Алтайдан шықты. Жетісуды жайлады. Қаратауға көшті, Сырды сағалады, бара-бара сіздер Жайықты жағаладыңдар. Көне түркі тілінде Ысық деген қасиетті деген сөз. Мына Есік қаласының ертедегі атауы Ысық еді. Бұл сендердің атакүлдіктерің. Қазақтар Ыстықкөл деп, қырғыздар Ысықкөл деп атайды. Дұрысы соңғысы. Жағасында Ысық атаның зираты жатыр. Бұл сендердің аталарың.
Аң-таң боп отырып қалдым.
– Ал, Ысты мен Ысықтың байланысы қандай?
– Мен білсем екеуі бір шалдың екі баласы. Болмаса бір адамның есімі. Шапқыншылық, сапырылыс заманында бірі осында қалып қойған да, екіншісі (ұрпақтары) ілгері оза көшкен. Оған ғылыми дәлелім мол. Бір монография жазар ем. Жасым келіп қалды. Қуатым кем, шырағым.
Ұлы жаңалығымды арқалап Нұрлан ағама келейін.
– Ысты бауырымыз екен. Ысықкөл де біздікі. Жекешелендіріп алайық. Атамыздың сүйегі сонда. Кім қарсы келеді? – дейін.
– Әзіліңді қоя тұр. Тарихымызға жаңа бір парақ қосылғалы жатыр. Бәріміз енші бөліспеген бір қазақ екенімізді дәлелдеу керек, – деп қуанып тұрды. – Қаражатын өзім көтеремін. Жігерлі жас ғалымдарды табайық. Осы тақырыпты зерттесін. Нақты дәлелдерді алдымызға тоссын. ДНК, антропологиялық ерекшелік, бәрін-бәрін…
Ағаның ой-арманы көп еді. Әттең, қамшысаптай қысқа ғұмыры жеткізбей кетті.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support