- Advertisement -

Аялаңдар, құрметтеңдер, Ананы!

146

- Advertisement -

Тараз қаласында таяуда ғана «Анаға тағзым» руханият орталығы бой көтерді. Күні кеше осы тақырыпта республикалық форум жоғары деңгейде өтті. Мұның бәрі де құптарлық дүние. Жаңадан ашылған орталықтың алдына қойылған ана ескерткішін көрген сайын үлкен әсерге бөленемін. Тас мүсіннің өзінен ананың балаға деген мейірімділігі ерекше төгіліп тұрғандай. Оң қолындағы періштесін қорғау үшін адымдай, алға қарай басқаны – түн ұйқысын төрт бөліп, сәбиін тәрбиелеген, оны ақ сүтін беріп аялап, адамгершіліктің асыл қасиеттерін дарытқан асыл жандардың ұрпақ тәрбиесіндегі сіңірген өлшеусіз еңбегін көрсеткендей. Соны көремін де өткен жылы бір таныс астаналық азаматтың айтқан мына бір әңгімесі еріксіз еске түседі.

Қарапайым отбасында, ауылда өстім. Жеті баланың кенжесімін, қарашаңыраққа ие болу – міндетім. Қолымда 80-нен асқан шешем тұрды. Қанша жасқа келсем де, анам қамқоршым еді. Мені ерекше жақсы көріп, аналық махаббатын аямай төкті. Үйленіп, бала-шағалы болсам да, әрдайым есік алдынан күтіп алатын. Тіпті қызмет бабымен түн ортасында келсем де, көз ілмей тосып, мені көріп «Ә, балам, жұмысыңнан шаршап келдің бе, қарғам? Құдай қуат берсін, балам», – деп Аллаға сыйынып барып төсегіне жататын. «Мама-ау, мені тоспай-ақ демала бермейсіз бе?» десем, «Айналайын, алтыным. Сен үйде жоқ болсаң, бойымда дегбір пайда болып, ұйқым қашады. Қанша өзімді қинасам да, көзім ілінбейді, жүрегім тулайды да тұрады. Жарқыным, аман бол, абыройлы бол», – деп ақ батасын беретін. Жасы келіп, қартайып, қажып отырса да, мен дегенде әр кез көңілі алаңдап отырушы еді жарықтықтың. Дүние мен үшін сонысымен қызық-тын. Қазақ әнінің бірінде «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды», деп жатады ғой, сол сөздің жаны бар екен. Жасыма қарамай реті келсе, анама әзіл-қалжың айтып, несін жасырам, кейде жас балаша еркелейтінім де бар еді. Анам дүниеден озғаннан кейін көңілім құлазып, әжептәуір «жалғызсырап, жетімсіреп» қалдым. Үйге келсем көңілім анамды іздейді, оның жылы сөздерін, естігім келеді, алақанының ыстығын сезінгім келеді. Базбір кезде оны сағынып, жүрегің езіледі, кейде, тіпті көкірегің қарс айырылып, көздеріңе мөлтілдеп ыстық жас келеді. Қайран, ана! Бірде іссапардан түн ішінде келдім. Есікті өз кілтіммен ашып, ішке ендім. Бала-шаға, жұбайым, інім мен келінім, барлығы қалың ұйқы құшағында, кімнің үйге келіп-кетіп жатқанын ешкім сезер емес. Сол сәтте жарықтық анамның үйде жоқтығын қатты сезіндім. Уақытпен санаспай мені әр кез тосып отыратын бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Аяқтарымды жай басып, асханаға еніп, жарықты қосып, шай қойдым. Үстел басында отырып кешегі анам бар кездегі күндерді еске алып, ойым астаң-кестең болды. Жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймай аттай тулап, көмейіме өксік тығылып, еріксіз жанарыма ыстық жас келді. Анамның «Келдің бе, балам?..» деген жылы сөзін бүгін ести алмағаным жаныма қатты батты. Ана орнын ешкім, ешқашан толтыра, алмастыра алмайтынын сол сәтте терең ұқтым.

Иә, ананың мейірімін, нұрлы жүзін, алақандарының ыстық табын, балаларына деген қамқорлығын, сірә, санасында саңылауы бар жан ұмыта ала ма? Әттең, оны кеш түсінетініміз өкінішті. Қанша жыл өтсе де, әлі күнге анамды аңсаймын, елжіреп сағынамын, әрдайым көңілімнің төрінде тұрады, бас иіп тағзым етемін. Кейде анамның басына «Анаға тағзым» деген ескерткіш қойғым келеді. Менің қиялым бойынша, ескерткіште есік жартылай ашылып, арғы жақта сарыла баласын тосқан ана бейнесін көргім келеді. Бұл ойым орындала ма, жоқ әлде қиял күйінде қала ма білмеймін. Кез келген тірі пенде ана алдындағы парызы мен қарызын ойлап, дәл осылай «жүрекке жүк» арта алар ма еді?! Жүрекке «сызат түсірген», санаға салмақ салған дәл осындай Анаға деген ұлы махаббатты кез келген перзент сезіне алар ма?! Әй, қайдам…

Ертеректе бір жігіт халық арасында ана туралы жиі айтылатын «Анаңды арқалап Меккеге апарсаң, парызыңнан құтыласың» деген естіп, анасын арқалап Меккеге жеткізбек болыпты. Ағайын-туыстары, қатарлас- замандастары мен ауылдастары әлгі жігіттің бұл ісін қолдап, басқаларға үлгі етіп, бата беріп шығарып салады. Анасын арқалаған жігіт алғашқы күннің өзінде біраз белестерден, қыраттардан асады. Түстен кейін алыста жайылып жүрген түйелерді көзі шалған қарт ана: «Балам, анау көз ұшында көлбеңдеген не нәрсе?» – деп сұрайды. «Түйе ғой, шеше» дейді баласы. Біраздан кейін әлгі түйелердің қарасы айқындала түскенде шешесі: «Анау қараңдаған не нәрсе, балам?» деп тағы сұрайды.

– Боталарымен жайылып жүрген түйелер ғой, – деп жауап береді баласы.

Тағы біраз жол жүргеннен кейін анасы: «Жақындап келе жатқан не?» – деп қайта сұрақ қояды. «Тыныш отырыңызшы, адамды шаршатпай, жаңа айттым ғой, олар түйелер деп», – дейді ашуға мініп.

– Е, балам, бәрін түсіндім. Ашуланба, кері, қайтайық. Сенің тілің жаңадан былдырлап шығып келе жатқанда күні бойы «анау не?», «мынау неге ондай?», «мынау кім?» деген жүздеген сұрақтарыңа мен еш қиналмай дұрыс жауап беретін едім. Енді, қазір менің бар болғаны үш сауалыма жауап беруге қиналып, ашуланып, бетімнен алдың. Барлығы түсінікті болды. Рақмет, ұлым. Ауылға қайтайық, – депті анасы.

Бұл халық аузында ертеден сақталған аңыз болса да, өмірдің ойда жүрер бір тағлымды философиясы.

Бір өзекті өртейтін нәрсе – қарттар үйінде жүргендердің басым көпшілігі өзіміздің қаракөздер екендігі. Олардың арасында самайларын қырау шалған, жүздерін әжім басқан қарт аналарды да көру таңсық емес. Барлығына көз үйреніп барады. Олардан «Ұл-қыздарыңыз жоқ па еді?» – деп сұрай қалсаң, жүздерін мұң торлап, көздері жәудіреп: «Ол жағын сұрамай-ақ қойыңызшы. Тағдыр тауқыметі осылай болды… Пешенеге жазғанды көріп жатырмыз», – деп тура жауап беруден тайсақтайды. Оларды түсінуге де болады. Бұл олар үшін жүрек түбінде жатқан ащы запыран, сыздауықтай жанын сыздататын ауыр сұрақ. «Тоғыз ай көтеріп, толғанып, барын аузына тосып, мәпелеп, «оның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін» деп ақ сүтін беріп өсірген баласы ана алдындағы парызын өтеуге ұмтылмайтыны несі. Мына бейбітшілік заманда аналарын тірі жетім еткен келіні мен ұлының көсегесі көгерер ме екен?», – деген сұрақтар кімді болмасын толғандырады. Әй, қайдам- ау. Ананың көз жасы, сірә, тым алысқа жібермес…

Бірде сөзден сөз шығып, бажамыз екеуміз ана, оның алдындағы перзенттік парыз туралы ой-пікір бөлістік. Сонда ол: «Біз бір ата-анадан сегізбіз. Әке-шешеміз жандарын аямай бізді «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» мәпелеп өсірді, тәрбиеледі, білім берді. Әрқайсымыз жеке-жеке шаңырақ көтеріп, үй болдық, өз бала-шағамыздың қамқоршысына айналып, солардың проблемаларымен айналысып өз бетімізбен кеттік. Қартайған әке-шешеміз кенже ұлының қолында қалды. Мен отбасымыздың тұңғышы болдым да әжем мен атамның қойнында шолжаңдап ерке өсіп анамды – «жеңеше», әкемді – «аға» деп өстім. 40-қа толып, ағайын- туыстарға дастарқан жайып, батасын алдым. Сөз барысында анам абайсызда «бұл менің тұңғышым ғой», – деп айтып қалды. Сонда қасында отырған замандас қайынбикелері шу етіп, «Өйтуге қалай аузың барады?» – деп анамды ұялтқаны есімде. Жарықтық анам «кешіріңдер, кешіріңдер» дей берді сасқанынан. Шынымды айтайын, ойлап отырсам, көзі тірісінде әкем мен шешеме тым жақындамай, әркез «арақашықтықты» сақтап, қолдан келген жылы мейірімімді төкпеппін. Әкем ауылда мектепте өмір бойы мұғалім болып қызмет етіп, зейнетке шығып, балаларының қолына – қалаға қоныс аударды. Өкініштісі, ертерек өмірден озды, қайран шешем. Анамыз тұрған ініміздің үйіне анда-санда сәлем беруге бас сұғып, шағын бір орамал, көйлек, шай сияқты сыйлығымызды беріп кетуден аспадық. Соның өзіне ол жайдарыланып, көңілі жадырап, батасын беріп, балаша қуанып қалатын. Соңғы жылдары аурушаң болып, біраз қиналды, бірнеше рет ауруханаға жатып, ем-дом алды. Бірақ ауруы меңдей берді. Бір күні көңілін сұрап барсам, анам әжептәуір сынып қалыпты. Қатты құшақтап сәлем беріп, көзінен сүйдім. Анам байғұс мұндай оқыс әрекетімді күтпеген болу керек, екі көзі суланып, мөлт-мөлт етіп келген ыстық жасын орамалымен қайта-қайта сүртіп отырып о дүниеге аттанып кетті. Сірә, мейірімді де нәзік ана жүрегі ерекше көңіл толқынын көтере алмаған болу керек.

Міне, содан бері жылжып қанша жылдар өтті. Біз де қартая бастадық. Тәубе, немерелеріміз «аталап» аяғымызға оралып, үйімізді думанға бөлеп, шапқылап жүр. Ойға берілген сәттерде, анамның сол соңғы бейнесі көз алдыма анда-санда көлбеңдеп келіп қалады. Оған деген сағыныш өмірімнің соңына дейін жалғасар. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп қазақ бекер айтпаған екен. Жылдар жылжыған сайын «Ата-анамның еңбегін ақтай алдым ба? Оларға мен қандай жақсылық жасай алдым? Олардың алдындағы парызымды толық орындадым ба? Нені елемедім?» деген сұрақтар сиректеу болса да, мазалайды. Сол сәттерде оларға жауап іздеп қиналатыным рас».

Ата-ана мен перзенттері қандай байланыста болуы керек екендігі қасиетті Құранда анық жазылған өсиеттер бар. Құран кәрімде: «Раббың тек оның өзіне ғибадат етуіңді және ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың біреуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып, бойларынан күш-қуат кетіп, қолыңа қарап қалса, оларға «уһ» деуші болма, көңілін жабырқатып, ренжіте көрме және оларға жанын жадыратар жақсы сөз айт. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілмен бас иіңдер, Тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым ет де» делінген. Демек Алланың ғибадатынан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажет. Бұл – Алланың әмірі, парыз. Алла тағала аятта өзіне ғибадат етуге шақырып тұрып, ата-анаға жақсылық жасауды ескертіп тұр. Өз кезегінде бұл ислам дінінде ата-ана ақысының қаншалықты екенін білдіреді. Имам Муслим (р.а.) хадис шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер» деген.

– Біздің елде ертеректе бір жалғызбасты ана болды. Жастау кезінде күйеуі жол апатынан көз жұмып, тым ерте жесір қалыпты. Жалғыз ұлын арқа етін арша, борбай етін борша ете жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. «Орыс тілін білсе, сауатты болып өседі» деп баласын орыс мектебіне беріп, барынша орысша тәрбиеледі. Рас, обалы не керек, бала алғыр, білімпаз болып өсті. Сонау Балтық теңізінің жағасындағы Рига қаласына барып, сондағы азаматтық авиация институтына түсті. Диплом алғаннан кейін Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы авиаотрядқа қызметке жіберіледі. Бірер жылдан кейін сол өңірдің бір орыс қызымен көңілдері жарасып, үйленіп, отбасын құрды. Елдегі анасын сол жаққа – қолына алмақ болып біраз әуреленді. Оған анасы: «Балам, өркенің өссін! Мені жылы жерімнен қозғап не қыласың… Өскен елімді, туған топырағымды, жүрген жерімді, мына сен өскен қарашаңырақты тастап қай жаққа барамын. Көңіліңе, пейіліңе дән ризамын, балам! Әзірге, Құдайға шүкір, бойымда күш-қуат бар, денсаулығым да жаман емес. Жаратқан Иемнің өлшеп берген өмірін жасармын. Маған еш алаңдама. Жылы орнымды суытпай, ағайын-жұрттың ортасында, әкеңнің шаңырағының отын өшірмей осы бауыр басқан берекелі елде отыра берейін, балам. Хат бар, телефон бар… хабарласып тұрармыз. Өскен ұяңды ұмытпай, немерелерім мен келінімді елге әкеліп, атамекеніңді аралатып, әке-бабаңа Құран түсіріп, бізбен дидарластырып тұрсаң болғаны, жарығым!», – деп ризашылығын білдіреді.

Рас, алғашқы кездері жыл аралатып болса да, ұшқыш жігіт ауылға келіп-кетіп жүрді. Әйелі бір рет келіп, ауылдың ауыр тірлігін көріп, айналадағы барлық дүниеге мұрынын шүйіріп, несін айтамыз, әйтеуір, кері қайтуы тез болыпты. Бара-бара баласы анасымен тек хат арқылы хабарласып тұрды. Бірер рет шай, кәмпит, орамал және тағы басқа кәкір-шүкір салынған сәлемдеме де келіпті. Сонда әлгі әйелдің: «Балам, алтыным менің, сыйлық жіберіпті. Летчик балам ұмытпапты мені, айналайын сол!» – деп көрші-қолаңдары мен таныстарының алдында мақтанып, жүрегі жарылардай қуанғанын көргендердің жанарларына ыстық жас келіп, көңілдері босайтын-ды.

Ауыл үстінен анда-санда ұшып өткен самолетке қолын күннен қалқалай сонау биік көкке көз тігіп: «Әне, анау самолетте менің летчик балам ұшып барады. Байқаған боларсыңдар, қанаттарын қағып, бізге сәлем жолдап барады ғой, қарғам. Айналайыным менің… Құлыншағым менің… Жұмысбастылықтан келе алмай жүр ғой менің алтын жарығым. Мен түсінемін ғой сені, жаным. Әйтеуір аман жүрсең болғаны, қарғам. Соның өзі күш-қуат маған, көгершінім, балам…», – деп мейірленіп, екі жанары еріксіз суланады екен.

Бірақ уақыт өте келе ұшқыш баласы анасын мүлдем ұмытып, туған ауылына ат ізін салмай кетті. Немерелерін бір иіскеуді арман еткен, оларды және ішінен шыққан ұлын күн сайын сарғая күтіп, үкілі үмітін үзбеген ана әбден қажып, самайларын ақ шалып, қартайып, бақилық болды. Ел-жұрты әлгі жалғызбасты ананы қолдарынан келгенше арулап, жер құшағына берді. Баласы қай жерде жүргенін ешкім біле алмай, оған хабар жетпепті.

… Ауылға барған сайын жар жағасындағы ескі зиратта оқшаулау тұрған бір бейітке көз салам. Басындағы қураған жалғыз ағаш та қорқыныш, үрей тудырады. Уақыт өте шөп басып, жермен-жексен болып бара жатқан сол жалғыз бейіт менің көңілімді астаң-кестең етіп, жандүниемді төңкергендей бір ауыр сезімге бөленемін. Неге олай екенін өзім де білмеймін. Әйтеуір көңілім құлазып, жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймай жиі қағып, жанарларыма ыстық жас мөлт- мөлт етіп келіп қалады. Сол дел-сал күйден әрең арыламын, – деп аяқтады өз әңгімесін менің бір әріптесім.

Иә, өмірде сирек болса да кездесіп жататын осы бір оқиғадағы асыл ананың түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген перзенті ана алдындағы перзенттік борышын өтеді деп айтуға аузың еш бармайды. Ана кешірді ме екен баласын?! Қайдам, бұл біз үшін ауыр сұрақ… Аялаңдар, құрметтеңдер ананы!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support