- Advertisement -

Көрген-баққан

102

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Жанұямызбен Венаға қыдыра барғанбыз. Жол бастаушы қала орталығындағы Моцарт тұрған үйге алып барды. Еңселі де сәулетті ғимарат. Ғимараттан әріректе өңшең сәйгүлікті ұстайтын ат қора болыпты. Сонда жас Моцарт шабыт қысып, күйсандықта жаңа шығармасын ойнағанда әлгі сәйгүліктер билейтін көрінеді. Қандай жан толқытар көрініс!
Сол сәйгүліктердің тұқымы шығар, қазір де Вена көшелерінде пәуескеге жегілген суреттей сұлу аттар қаптап жүр.

***
Германияда болғанымда Веймар қаласына арнайы атбасын бұрдым. Бұл атақты Гетё мен Бахтың, Шиллердің отаны ғой. Гетё туған, өмір сүрген үй мұражайға айналған екен. Ерекше әсерге бөледі. Ғажайып ақын тұтынған қағаз, қалам, орындық, жатқан кереует, ыдыс-аяқ бәз-баяғы қалпы сақталған. Жаза-жаза шаршаған қаламгер бір сәтке таза ауа жұтайын деп аула ішіндегі баққа шығып кеткен сынды.
«Қараңғы түнде тау қалқыпты» ақын «Аңшының үйінде» жазды деп жүрміз. Ол тау етегіндегі екі-үш қабатты шағын саяжайы екен. Өзі тұрған үйден көп дегенде бір шақырымдай жер. Мұнда да сол мүттәйім құнттылық. Көзің түскен жердің бәрі шежіре. Сайрай жөнеледі.
Гетёнің үш мәрте министр болғанын ешкім ауызға алып жатқан жоқ. Мәңгіліктің төріне қауырсын қаламы ғана алып шыққан.

***
1998 жылы болған оқиға. Ақтауда мешіт жоқ. Бір әйел мешіт құрылысын бастап, ол құлап жатқан тұс. Облыс әкімі мешіт құрылысына ақша жоқ, Абай атындағы мәдениет сарайын мешіт етіңдер депті. Ұжым үлкен. Олар қайда барады? Тоз-тоз боп кетпей ме? Ол тұста театр салынбаған, мәдениеттің жалғыз ошағы сол. Не істеу керек?
Амандық Көмеков деген айтулы жырау ала таңмен маған жетті. Облыстық телерадионың басшысымын.
– Осылайда осылай, сен маған көмектес. Мен бір торай таптым. Соны мәдениет үйінде телевидениеге түсірейік. Сосын әлгі әкімге айтамыз шошқа жайлаған жерді қалай мешіт жасаймыз? Мұсылманға жат үрдіс. Масқара деп.
Сол кеште бір торайды шыңғыртып Амандық эпизод ойнады. Эфирден беріп жібердік.
Сөйтіп мәдениет үйін құтқарғанбыз. Шошқаның арқасында.

***
Егер латын әрпіне көшсек, қазақ газеттері мен журналдарының халі мүшкілге айналады. Оқырманнан айырылады. Оны әріптеп отыратын уақыт жоқ. Жұрт жаппай орысша басылымға көшеді. Осыны ойладық па?

***
Халықаралық Шыңғыс Айтматов сыйлығын алдым. Қырғыз ағайындар мол қолдық жасап, №1 маған табыс етті. Әдемі мүсінін де жасаған екен. Аса ризалық көңілмен қабылдадым.

***
Түркия 60 жылдығымды әдемі ғып атап өтті. Елшілікте түрік тілінде 2 кітабымның тұсаукесері өтті. Халық көп қатысты, қаланың екі вице мэрі кеп сый-сияпат көрсетті.
Сол күні Түріксой басшысы Дүйсен Қасейінов коллективімен қабылдады. Өте өрелі тұлға. Елшілік пен Түріксой өңіріме екі бірдей медаль тақты. Және «Қардаш қаламгер» журналы бір санын маған арнапты. Досым Евразия Жазушылар одағының басшысы Якуб Өмероғлына, ақын Али Акбашқа, Турсын мырза мен Жәмила ханымға және інім, елшіліктің бірінші хатшысы, жазушы-драматург Мәлік Отарбаевқа айтар алғысым шексіз.

***
Москваның атақты «Роман-газета» журналы «Шыңғыс ханның көз жасы» (Плач Чингиз хана) және он алты әңгімемді басып, бір номерін маған арнады (2017, қараша). Бұл Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінен» кейін шығып тұрған қазақ шығармасы екен.

***
Қанішкеннің қақ ортасынан Шора өзені ағып жатыр. Жанында Жәңгір, Дәулеткерей (Шығаев) атындағы сызашықтар бар. Шора Нәрікұлы – Тама руының батыры. Башқұрттардың үштен бірі осы рудың өкілі. Александр Матросов та осы нәсілден.
Айтпағым, Шора батыр «Мен Қазанға барғанша, қан жаумасын қар жаусын, мен Қазанға барған соң, қар жаумасын қан жаусын» – деп осы өзеннен атын суарып аттанған деседі. Рас та шығар.
Кейін тұқымы орысқа сіңісіп Нариков, Нарышкин атанып кетті.

***
Тентектеу болсам керек. 4-5 сыныпта оқимын. Үйге бір ойнайтын жездеміз келе қалды. Дастарханға отырмады. Асығыс. Атпен жүр. Сосын тонының қалтасына шар етіп шырылдайтын сағатты салдым. 5 минутта шырылдайтын етіп. Терезеден қарап тұрмын. Бір заманда аты тулады дейсің. Екі етегі делеңдеп, бөрік ұшып кетті. Ақыры ерден ауып түсті. Құлап жатыр. Барып тұрғызып алдым. «Сағатты неге ұрлайсың» деп пәле салдым. Қырғын күлкі. Жақсы адам еді.

***
Жастарымыз шетелге көп кетіп жатыр. Оқуға, жұмысқа, тұрмыс құрып, тіпті соғысқа… «Шөрей жаным, шөрей» дейтін біреу бар ма?

***
Бір ағамыз қатты сырқат еді. Қиналып жатты. Бұрын өкпелесіп кеткен немере інісі бар екен. Шамасы соны күтті. Бақұлдасқысы кеп. Сосын жеделхат бергізді.
– Келіп өлтіріп кет, – деп.
Келіп еді, бір сағатқа жетпей көз жұмды. Ырым, күту деген осы-ау, шамасы.

***
Тылсым күш көп қой. Бала күнде НЛО-ны көргенмін, төбемізден қалқып өтіп бара жатты. Бір топ ойын баласы оны алғашқыда шар деп ойладық. Жоқ, жан-жағынан әртүрлі жарық жанды. Қызыл, сары, көк. Сол қалпы қол созым жерден өте берді. Бақсам ол жатжерліктер екен ғой.

***
Осы жын, шайтан, періні зерттеген ғылым бар ма? Бар шығар, бірақ дәл анықтамасы жоқ. Біздің ауылда пері ұстаған Сибағат деген шал өтті. Жалғыз қарындасы, қызыл иті бар. Баратын жерге қанша шақырым болса да машинадан бұрын жететін. Қызыл итке мінеді деседі. Шөп, жыңғыл әкелген машинаның жүргізушісіне үйінен шәй береді. Сыртқа шықса әлгі әкелгендері тап-тұйнақтай боп қорада жиналып тұрады.
Бір жолы қарындасы екеуі алыс жолға шығады. Қарындасының қарны ашады. Сол кезде Сибағат дұға оқиды. Алдарынан ақбоз үй пайда болады. Дастархан жайылған. Үсті толған тамақ. Тамақты тасып жүргендер көрінбейді. Өздері қалқып дастарханға қойылып жатады…
Жолға шыққан соң қарындасы кейінге көз салса, әлгі үй өртеніп жатыр екен дейді.
Талай жынданып ауырғанға шипасы тиген, қолма-қол сауықтарған молда еді.
– Перілер жұмыс сұрап маза бермеген соң Каспий теңізінің қамысын санатып қоям, – дейді екен жарықтық.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support