Ревакцинация: жамбылдық медицина қызметкерлері үшінші рет екпе алды

9

Еуропа елдері COVID-19-ға қарсы қайта вакцинация салдыруға бізден ерте кіріскені белгілі. Мәселен, Ұлыбритания ревакцинацияны шамамен екі ай бұрын бастаған еді. Бұған түрткі болған – күз келгенде қарт құрлықтағы эпидахуалдың қайта ушығып кеткені.

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай біршама жақсарғанымен, індеттен келген өлім саны азаяр емес. Дәл қазір Еуропа елдерін сарсаңға салған кезекті толқын біздің елге де жетуі мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ревакцинацияны жедел бастау қажет екендігін баса айтқан болатын. Президент эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз екенін, күн сайын 30-ға жуық өлім-жітім тіркелетінін айтып, үкімет пен әкімдер халықты қайта вакцинациялауға кірісу керектігін тапсырды.
Кеше елімізде коронавирусқа қарсы ревакцинация басталды. Біздің өңірде де қайта вакцинациялауға тастүйін дайын екен, Тараз қаласындағы емханаларда алдымен медицина қызметкерлері екпе қабылдады. 9 ай бұрын коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын алған ақ халаттыларға бұл жолы «QazVac» вакцинасы салынды.

– ҚР Бас санитар дәрігерінің №49 қаулысына сәйкес 22 қарашадан бастап елімізде ревакцинация басталды. Осылайша, бүгіннен бастап ақпан айында екпе салдырған емханамыздың 50 қызметкері қайта екпе салғызады. Қазіргі таңда олардың 7-еуі ревакцинациядан өтті, – деді №2 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы Гүлнәз Орынбек.
Ревакцинациядан өткен емхананың шұғыл медицина бөлімінің диспетчері Гүлайхан Талипова қоғам арасында вирустың таралуын төмендету мақсатында, сонымен қатар індеттен қорғанып, пандемия ертерек аяқталуы үшін екпе еккізу керектігін жеткізді. «Үшінші рет екпе егу науқанында вакциналаудан өттім. Дәл қазір жағдайым жақсы. Жалпы, тұрғындардың денсаулығына жауапты медицина қызметкерлерінің дер кезінде ревакцинациядан өтуі маңызды», – деді ол.
Негізі коронавирусқа қарсы ревакцинация мына жүйе бойынша жүргізіледі: векторлық екпені алғандарға 9 айдан кейін; инактивтелген және м-РНҚ вакциналарды салдырған соң 6 айдан кейін қайта вакцина қабылдауы тиіс. Айта кету керек, ревакцинация жасатпағандардың Ashyq қосымшасындағы «жасыл» мәртебесі бір жылдан кейін өшеді. Ал қайта вакцина салдырғандардың мәртебесінің мерзімі ұзартылады.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Comments are closed.