- Advertisement -

Пияздан рекордтық өнім жиналды

49

- Advertisement -

Халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсаруы тікелей аграрлық саланың дамуына байланысты. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – ел экономикасының сәтті дамуына ерекше серпін беріп отырған бірден-бір жетекші сала.

Бұл саланы дамыту үшін биыл республикадан 26,3 миллиард теңге бөлініп, облыстың 12 мыңнан астам тауар өндірушілеріне 18,8 миллиард теңгеге қолдау көрсетілді. Жыл ішінде 377,5 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 45 миллиард теңгеге жоғарылады. Ал бұл саланың негізгі капиталына 23,2 миллиард теңге инвестиция салынып, ол 1,6 пайызға артты.

Біздің өңір ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өте қолайлы аймақтар санатына жатады. Сондықтан да әулиеаталық шаруалардың биыл егіс алқаптарынан жақсы өнім жинағаны белгілі. Атап айтсақ, 751,9 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, егіс көлемі 30,3 мың гектарға арттырылды. Оның ішінде 378,2 мың гектарға орналастырылған дәнді және дәнді бұршақты дақылдар орылып, оның әрбір гектарынан орта есеппен 12,3 центнерден өнім жиналып, қамбаға 465,9 мың тонна астық бастырылды.

Бұдан бөлек, облыс шаруалары 270 мың тонна картоп, 483,3 мың тонна бақша дақылдары мен 1 774,7 мың тонна көкөністі уақтылы жинап алды. Әсіресе 24,5 мың гектарға еккен пияздан рекордтық өнім жиналды. Ол 1,2 миллион тоннаны құрады.

Егіс алқаптарының өнімділігін арттыру мақсатында 40 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның 30,7 мың гектары тамшылатып, 10 мың гектары жаңбырлатып ылғалдандырылуда. Ал тыңайтқышпен қамту да жоспарлы жүзеге асырылуда. Биыл шаруашылықтарды субсидия арқылы 30,8 мың тонна минералды тыңайтқышпен қамту жоспарланса, ол артығымен, яғни 31,6 мың тоннаға орындалып, жоспар 105,4 пайызды құрады. Шаруалардың өз қаражаты есебінен алынған тыңайтқышы 8 мың тонна. Осының нәтижесінде 277,8 мың гектар егістік алқапқа тыңайтқыш енгізілді.

Жыл санап техника паркі де жаңғыртылуда. Өткен 10 айда 1153 дана ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, жоспардағы 10 пайыздың 9,5 пайызы орындалып отыр.

Бұл кезеңде облыстағы мал саны да 4,8 пайызға артып, 3,9 миллионға жеткен. Атап айтар болсақ, мүйізді ірі қара – 11,8, қой мен ешкі – 3,9, жылқы – 4,9, құс – 27,3 пайызға өскен. Мал және құстың көбейгені ет өндірісінің – 6,9, сүт өндірісінің – 1,6, жұмыртқа өндірісінің – 7,8 пайызға артуына әкелді. Жалпы облыста «Сыбаға» бағдарламасы аясында 366 мүйізді ірі қара, 29860 қой сатып алынған. Мал басы өскен соң шет мемлекеттерге экспортталатын ет өнімінің көлемі де артып отыр. Өткен он айда шетелдерге 4,4 мың тонна ет экспортталған. Оның 3,6 мың тоннасын сиыр, 477,7 тоннасын қой еті құраса, құс еті 301 тоннаға жеткен. Жылқы еті ғана – 0,3 тонна.

Биыл облыстың су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру жол картасы бекітілді. Ол негізгі төрт бағыттан тұрады. Атап айтсақ, бірінші бағыт – республикалық теңгерімдегі 202 каналды облыстың коммуналдық теңгерімге алып, 41,9 мың гектар алқапты суландыратын 1,3 миллион километрді құрайтын каналды қалпына келтіру. Екіншісі – коммуналдық меншіктегі 51 каналды 2021-2023 жылдар аралығында жөндеу арқылы 7,8 мың гектар алқапты ылғалдандыратын 213,5 километр канал жөндеу. Үшіншіден, иесіз қалған 53 каналды 2021- 2023 жылдар аралығында жөндеу арқылы 7,6 мың гектар алқапты ылғалдандыру, оның ұзындығы 298,1 километр, төртіншіден, жер асты суларын пайдалану арқылы 4,4 миллион текшеметр немесе 120 вегетациялық күнде 535 миллион текшеметр суды пайдалану көзделген.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 646 ұңғыма қазылып, алдағы үш жылда іске асыру жоспарлануда. Мұнда шаруа қожалықтардың өз қаражаттары есебінен 10,4 миллиард теңге қаржы жұмсау көзделсе, оның 50 пайызы мемлекет тарапынан (5,2 миллиард) субсидияланады. Біз өз тарапымыздан бұл субсидияны 50 пайыздан 80 пайызға (8,3 миллиард теңге) көтеру жөнінде ұсыныс жолдап отырмыз. Ұсынысымыз қолдау табатын болса, онда 179,8 мың гектар суармалы алқаптар сумен толық қамтылғалы тұр.

Су қоймасын салу да – жоспардағы мәселенің бірі. Бүгінгі таңда облыста 5 су қоймасы қалпына келтірілуде, оған 5 миллиард теңге қарастырылып, оның 1,7 миллиард теңгесі игерілген. Сондай-ақ алдағы төрт жылда 6 су қоймасын («Ақмола» – 4,9 миллиард, «Ырғайты» – 6,8 миллиард, «Қалғұты» – 3,2 миллиард, «Аңдас-1» – 200 миллион, «Аңдас-2» – 200 миллион, «Аңдас-3» – 200 миллион теңге) салу жоспарлануда. Аталған су қоймалары іске қосылғанда 36500 гектар егістік алқап ағын сумен қамтылатын болады. «Аңдас-1», «Аңдас-2» және «Аңдас-3» су қоймаларына жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге жергілікті бюджеттен 8 миллион теңге бөлінген.

Облыста 2021-2025 жылдар аралығында жалпы құны 350,4 миллиард теңгені құрайтын 50 жобаны іске асыру жоспарланған. Биылға жоспарланған 22 жобаның 13 жобасы іске асырылып, 348 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Жыл соңына дейін 5 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар тиісті мерзімде жүзеге асырылса, 247 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы әзірленуде. Аталған жобаға сәйкес елімізде 7 ірі экожүйені құру және инвестжобаларды жүзеге асыру көзделсе, оның 5-еуі біздің облыста жүзеге асырылатын болады. Атап айтсақ, «QYZYLSHA» ЖШС қант зауытын салу, «Göknur Gıda A.Ş.» компаниясы қарқынды бақтарды өсіру және жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу, «КАРАГАНДА АГРО ИНВЕСТ-Т» ЖШС жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу және сақтау жобасын қолға алмақ. «АЛЕЛЬ АГРО» АҚ құс фабрикасын салуды бастап кетсе, 10 кәсіпкер 9300 басқа арналған 10 сүт тауарлы фермасын салуға кіріскен.

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жоба өз жалғасын табуда. Бүгінге дейін несиелерін қайтарғандардың есебінен жоба ары қарай жалғасын тауып келеді. Соған байланысты Байзақ, Жамбыл мен Жуалы аудандарының Үлгілі, Өрнек пен Ақсай ауылдық округтері де жобаға қатысуда. Бұл ауылдық округтерде 2,2 миллиард теңгенің несиесі үлестірілуде. Қанатқақты жобаға 8,5 мың тұрғыны бар 3 ауылдық округтегі 1446 ауланы қамти отырып, 300 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Тарқатып айтсақ, жобаның үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытына 207 гектар жері бар 1446 аула қатыстырылмақ. Ал аулада мал және құс шаруашылығын дамыту бағытына 4,1 мың мал сатып алу үшін 256 азаматқа несие беру көзделген. Оған бөлінген қаражат 1467 миллион теңге. Тұрғындардың ауыл сыртындағы егістік алқаптарын тиімді пайдалану бағытында 138 үлескерлермен 1,7 мың гектар алқапты игеру межеленген. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатып алуға 300 миллион теңге беріліп, оған 41 техника алынбақшы. Соңғысы, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытында 342,3 миллион теңгені құрайтын 30 жоба іске асырылатын болады.

Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 255,9 мың тоннаны құрайтын 236 қойма бар. 81-і арнайы мұздатқышпен жабдықталған. 125-інде 87,7 мың тонна көкөніс сақталуда.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына қатысты тиісті шаралар қолға алынған. Мәселен, 19 әлеуметтік азық-түлік тауарының 9 түрі облыс артығымен, 8-ін жартылай (50 пайыз) қамтыса, 2-еуін басқа өңірлерден жеткізуде (күріш, қарақұмық). Жалпы өңірде азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында 4 бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Алқаптан сөреге» жоба аясында жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Айналым қаражатына бөлінген қаржы есебінен 855 миллион теңгеге 2734 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары өткерілді. Тұрақтандыру қоры арқылы 504,9 миллион теңгеге 3898 тонна өнім өткеріліп, өткен жылмен салыстырғанда ол 2,5 есеге артқан. Шекті бағадан төмендетілген азық- түлік тауарларын өткеретін 32 (Тараз қаласында – 17, аудандарда – 15) әлеуметтік павильон жұмыс істеуде. Соңғы кезде дүкендердегі тауарларға деген сұраныс артып, апта сайын дүкендер арқылы 22,2 миллион теңгеге 3892 тонна өнім сатылуда.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері 51 жәрмеңке өткізіліп, онда 1286 тонна (322 млн. теңге) ауыл шаруашылығы өнімдері нарық бағамынан 8-20 пайыз төмен бағадан өткерілген. Қазіргі таңда 3,5 мың тонна тұрақтандырылған көкөніс қоры жинақталып, жәрмеңкелерге шығарылуда.

Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтағым келеді. Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуымен қатар, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз қашан да құрметке лайық! Барлықтарыңызға жемісті еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық тілеймін! Ел экономикасын еселеу жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын. Кәсіби мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!

Нұржан НҰРЖІГІТОВ,
Жамбыл облыс әкімінің орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support