Жаңалықтар

Миллиардтар құйылған жоба аяқсыз қалды

Миллиардтар құйылған жоба аяқсыз қалды

Қыс қызығына тоймайтын жандар биыл «Қаралмада» сырғанай ала ма? Осы бір сұрақты облыс жұртының қойып келе жатқанына да төрт жылға жуықтапты. Өкінішке орай, құр уәде, құр сөз күйінде қалған жобаның бұлай неге аяқсыз қалғаны жұртшылыққа түсініксіздеу болып тұр. «Айта, айта, Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші бүгінде «Қаралма» тау-шаңғы кешені құрылысының жұмысы тоқтаған. Әкім-қаралардың уәдесіне сеніп, мейрамхана мен қонақ үй салуға бел шеше кіріскен кәсіпкерлердің тұрғызған коттедждері мен сервистік орталықтары да аяқталмай қаңырап қалды. Осы ғимараттарды тұрғызған кәсіпкерлер «қазір кімге сенерімізді білмей қалдық?» дейді. – Халық қашанда билікке иек артады. Мына жағдай соған саяды. Екі ортада шығынға шаш етектен бататын да кәсіпкерлер. Біздің жазығымыз тау-шаңғы кешені ашылады деп туристік аймақтан жер алып коттедж тұрғызғанымыз ба? Бұған кім жауап береді? – деді Алпамыс Бибасарұлы есімді кәсіпкер. Еске салсақ, жобаның құны 4 миллиард 867 миллион теңгені құрайтын тау-шаңғы кешенінің базасы 22 гектар аумақты алып жатыр. Туристік нысан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен қол созым ғана жерде. Жаңа нысан Алатау баурайында теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте бой көтеруде. Бүгінде Алматыдағы «Шымбұлақ», Түркістан облысындағы «Тау самалы» тау-шаңғы демалыс аймақтарын білмейтін адам кемде-кем. Ал «Қаралма» кешенінің еліміздің өзге өңірлеріндегі қысқы демалыс орындарына қарағанда мүмкіншілігі мол. Мәселен, еліміздегі аспалы жолдардың ұзындығы «Шыңбұлақта» –1200, «Тау самалында» – 1300 метр болса, «Қаралмада» ол 2500 метрді құрап, сырғанау жолағы 2300 метрге дейін ұлғайтылған. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізіліп орнатылған. Жаңа кешенде келушілердің жыл он екі ай бойы демалуына мүмкіндік жасалып, мұнда жылына 45 мың адамға қызмет көрсетіледі деп болжанған. Ал жаз мезгілінде тәулігіне 4 мың адамға дейін қабылдаймыз дескен. Демалыс кешенінде саумалмен, қымызбен емдейтін, салт атпен серуен құратын орындар ашылады деген де жоспар бар еді. Соның негізінде 100 орындық қонақ үй, 70 келушіге арналған мейрамхана және 20 коттедж, 2 автотұрақ, басқа да спорт алаңдарының құрылысы басталып кеткен болатын. Өкініштісі сол, коттедж қалашығы аяқсыз қалып, үйлер қалқайып, қаңырап тұр. Ал Австриядан жеткізілген құрал-жабдықтар пайдаланылмай жатып тат басып, тоза бастаған. Ал құрылысқа жауапты инвестор жобаны аяқтауға мемлекеттен жәрдем сұрайды. Әуелі тау-шаңғы кешенінің құрылыс жұмыстары бастапқыда тәп-тәуір-ақ басталған еді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен 7 километр жол тартылып, өзге де аса қажетті инженерлік инфрақұрылым да тартылған. Аспалы жолдың бағаналары орнатылып, қар күреп, жол салатын арнайы техникаға дейін алынып қойылған. Бірақ соңында инвестордың қаржысы жетпей құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Оның себебін «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің жоба жетекшісі Төленді Күзеубеков былай түсіндіреді: – Бастаған жобаны соңына дейін жеткізуге тырыстық. Инвесторлар жобаға 3,5 миллиард теңге инвестиция салды. Бүгінгі таңда тау-шаңғы кешенінің құрылысы 90 пайызға аяқталған. Бастаған жұмысты соңына дейін жеткізуге пандемия кедергі келтірді. Арада құрылыс материалдары екі есеге қымбаттап, кешеннің құрылысы тоқтап қалды. Соның салдарынан коттедж салып жатқан кәсіпкерлер де құрылыс жұмысын аяқсыз қалдырып, тастап кетті. Ал Австриядан әкелінген құрал-жабдықтарымыз тозып барады. Жобаны аяқтауға 900 миллион теңге қажет, – дейді ол. Миллиардтар құйған жобаның аяқсыз қалғаны өкінішті. Жоба жетекшілері жәрдем сұрап талай мекеменің есігін де тоздырыпты. Әзірге еститін құлақ, қол созып, көмектесе қоятын билік те аса пейілді болмай тұр. Бұл мәселе, жергілікті мәслихатта да, әкімдікте де қаралғанымен, олар жеке бизнеске мемлекет қаржысын бөліп бере алмаймыз деп, пұшайман күй кешуде. Әйтпесе, жобаның 90 пайызы орындалып, жұмыстың аз мөлшері қалғанда, бүтіндей жобаның іске алғысыз болып қалуы – жобалаушылар үшін де, кәсіпкер үшін де өтелмес шығын. Әйтсе де кәсіпкер бұл тығырықтан шығудың түрлі жолын қарастыруда. Бұл жағдайдан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы да, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» да хабардар. Дегенмен «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің болашағы бұлыңғыр. Егер осылай жалғаса беретін болса, жобаның алдағы жылы да бітуі неғайбыл. Осы уәжді алға тартып, облыстық туризм және кәсіпкерлік басқармаларына хабарласқан да едік. Қос мекеменің басшылары да бұған нақты жауап бере алмады. Ал «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанель Ілиясова былай дейді: – Кәсіпкер сұраған қаржыны табуға біздің тарапымыздан барлық қолдау көрсетілді. Жан-жаққа хат жолдадық. Енді жауабын күтіп отырмыз. Бұл сұрақ мәслихатта да, басқа отырыстарда да көтерілуде. Егер құрылысы тоқтап тұрған бұл жоба қайта жанданатын болса, өңірде әлемде теңдесі жоқ сырғанау жолағы іске асқалы тұр. Оның ұзындығы 2 километрден асады. Әкімдік пен инвестор ортақ келісімге келмесе, жамбылдықтар «Қаралманың» қызығын биыл да, келесі жылы да көрмейтін түрі бар, – дейді ол. Жоғарыда айтқанымыздай, мәселенің шикі тұстарын не әкімшілік, не компания өкілдері ашып айтпайды. Сұрай қалсаң, түрлі сылтау айтып, шығарып салумен келеді. Негізі былтыр аспалы жолдың балалар алаңын беру жоспарланған. Бәрін дайындап қойған. Ол кезде мәселенің кілті электр энергиясына тіреліп тұрған еді. Содан бері ештеңе өзгере қоймаған сияқты. «Осындай алып жобаны жасағанда жобалаушылар не ойлады екен. Біздегі көп жобалардың шикілігі осындай кезде көрініп қалатыны жаман. Жалпы биліктегі ағалардың кәсіпкерлерге жаны аши бермейді», – дейді сонда жұмыс істейтін азамат (жұмыстан қуыламын ба деп атын атамауды өтінді). Ал кешеннің іргесіндегі Т.Дүйсебайұлы ауылының тұрғыны Мақпал Саматқызы: «Қаралма» тау-шаңғы спорт кешені салынатын болды дегенде қатты қуандық. Біздің ауылдың қымызының даңқы кезінде одаққа танылған еді, қазір республикаға белгілі. Ең алдымен ауылда бие байлап, қымыз өндіріп отырғандар кәсібіміз жанданатын болды десе, жұмыссыз жүргендер жұмысқа орналасатын болдық деп қуанған болатын. Кешенде құрылыс жұмыстары басталғанда жастар жұмысқа тұра бастады. Онда бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға қатысқан еді. Енді оның болашағы не боларына алаңдаушылық білдіріп, осы жерден табыс табамыз деп жүрген біздер үшін құрылыстың бұлай аяқсыз қалуы жұмбақ болып тұр», – дейді. Қазір онда күзетшілер ғана ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Оларға кешен аумағына бірде-бір бөгде адамды кіргізбеуді тапсырыпты. Былтырғыдай кәсіпкерлердің шаңғысын, шанасы мен резеңке баллондарын әкеліп қойып демалушыларды қабылдауына биыл рұқсат бермейтін көрінеді. «Өз бетінше келіп сырғанаушылар сырғанақ теуіп қол-аяғын сындырып алса, кім жауап береді» деп компания басшылығы күзетшілерінің жұмысын күшейткен. Аудан әкімдігі және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Шыңғыс Боранбаев та мұндай мәселенің барын растап отыр. Жамбылдықтар болса әлі де «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің мәселесі алдағы уақытта шешімін тауып қалар деген үмітте. Қазір оның құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғанымен, алдыңғы және өткен жылғыдай тау беткейіне барып шаңғы теуіп, шанамен, резеңке баллондармен сырғанап қайтуға ниеттілердің қарасы биыл да аз болмайтын сияқты. Тау етегіне қар биыл ерте түсті. Қар түскелі табиғат аясына шығып, бір мезгіл демалып қайтуды жөн көретін қала тұрғындары былтырғыдай аудан басшылығы тарапынан ұйымдастырылатын спорттық іс-шараларды асыға күтіп жүр. Қыс айлары жақындаған сайын әлеуметтік желіде былтырғы «Қаралмадағы» және аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына кіре берістегі «Жастар» саябағындағы сырғанақтағы көз қызықтырар суреттері мен бейнероликтерді қайта жүктеп, қыстың қызығын сағынған жұртты еліктіріп жатыр.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.