- Advertisement -

Көрген-баққан

181

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Кішкентай қанден итім болған. Өзі пысық, ақылды еді. Мені ылғи аялдамаға алып барып, Қанішкенге шығарып салатын. Және кешке автобустың қайтатын уақытын біледі, күтіп алатын. Осыны өзіне үлкен міндет санайтын еді… Алматыға кетіп оралмай қойдым. Ол мені тосып күндіз-түні аялдамада жатыпты. Ақыры машинасы түскір басып кетіпті.
Жақында түсіме енді. Арсалаңдап келіп аяғыма оратылып жатыр. Әлі күтіп жүр ме екен…

***
Ауылда аңқау да ақкөңіл жеңгем бар-ды. 9-сыныпта оқимын. Көктем кезі. Баласы тентек боп тәртіп бұзған ба, әйтеуір мектеп директоры шақыртыпты. Есік көзінде кішкене сәбиін емізіп, маған әңгіме айтып отырған. Сәлден соң бір оқушы аулаға шығып: – Сізді директор ағай шақырып жатыр, – десін. Емізіп отырған сәбиін менің қолыма ұстата сала ішке ұмтылған. Сәлден соң ойбайын қағып, бетін шымшып қайтып келді. Бақса сол бір омырауы өңірінен шығып, салақтап тұрған қалпы директордың кабинетіне кірген ғой… Жасы мосқалдау ағамыз абдырап, бетін көлегейлеп, қызарып-бозарып тілден қалыпты.
– Сіз шақырған соң, – деп бұл бір басып, екі басып директорға таяйды. Сол кезде омырауына көз түседі. Бақырып қашып шыққан.
– Жетпегір, сен неге айтпадың, – деп мені жазғырады.
– Өңір тиегіңді салып жүрген мен емес қой. Өзіңнен көр, – деймін. – Қайтадан кірсеңші. Дәметіп қалды ғой.
– Құры, – деп сәбиін көтеріп, үйіне қарай құстай ұшты.
Әй, жеңешелерім-ай!

***
Нарынқол мен Кегеннің ақсақалдары:
– Ауылда өндіріс жоқ, жұмыс және сол, мал азайды, көмек кем, егін піспейді, жастардың дені қалаға кетті. Таяғымызды ұстап, тасқа мініп қалдық, – деп мұң шақты.

***
Көкем қақпанмен түлкі аулайтын. Әкемнің екі тазысы болды. Ұшар, Жетер деген. Алдына түскен аңды жібермейтін алқабелдің өзі еді. Түлкі, қоян, киікке дейін олжаға айналатын. Ақыры екеуі де көздігіп, белден шойырылып өлді. Жақында елге бардым. Қыр кездім. Аңшымын деген жігіттер түлкі, қарсақ аулаудың жаңа әдісін тауыпты. Егер оны да аңшылық дейтін болсақ…
Үш литрлік бос банкінің түбіне ет салып, әр жерге тастайтын көрінеді. Түлкі етті жеймін деп басын сұғады да, кері суырарда қос құлағы банкі аузына кептеліп шықпай қояды. Банкі ауыр, әрі деммен буланып, көруден қалады. Басы айналып, бұлғақтап жүргенде таңертең қолға түседі…
Адамнан айла артылған ба?

***
Кәрі әжемнің санаулы ғана тісі қалған. Оның өзі қызыл еті қашып, әр жерде бір сойдиып тұрады. Жәй тұра ма, сырқырап екі-үш күн ауырады.
– Қой, құрсын, болмады. Не тамақ ішкізбейді, не ұйықтатпайды. Жұлшы, – деп көкеме шағым айтады. Шалы да соны күтіп отырғандай текемет астынан ұзынша қайрағын алады. Қалтасынан бір жіңішке жібек жіп табады. Әжемнің аузын аштырып, әлгі жіпті ауырған тіске қазықбау шалып байлайды. Бір ұшын ұзынша қайраққа бекітеді. Сол кезде әжем қорқып көзін жұмып, басы қалтақтай бастайды. Көкем үнсіз есік жаққа қарайды. Сосын қайрақты бар күшімен құлаштап зытырып кеп жібереді. Есікке қарай алдымен қайрақ ұшып бара жатады. Соңында жіп, жіптің ұшында тіс. Әжемнің басы да біраз жерге барып қайтады.
– Ойбай, бұл кісі аяйтын ба еді? – деп сосын әжем бажылдап жастыққа жата кетеді. – Өлтіре алмай жүр ғой…
Балалық қой, ол кезде көкемді шынында да тіс дәрігері деп ойлайтынмын.

***
Алдыңнан күліп шығатын адамы, үріп шығатын иті жоқ ауылды көрдім.

***
Әдебиетте біздер уызына жарыған тұлғалардың сарқытын іштік. Ендігілер нені жалап-жұқтар екен?!

***
Қытайларға айттым «Азда болсақ халықпыз, шабақ болсақ та балықпыз» – деп.

***
Арамыздан қыл өтпейтін дос едік, қыз өтіп кетіп араз болдық, деді біреу.

***
Тұлға жоқ. Топқа қызмет ететіндер қауіпті күшке айналып барады. Түбі халықтың сорын қайнатпаса жарар…

***
Шәкизада деген қарт немерелеріне «Көзімнің ауласында жүріңдер» – деп жатты. Жақсы сөз.

***
Көпсінбеңдер, жүре тұрайық. Бізде мынау даңғаза өмірге керек шығармыз. Тым құрығанда біреуді нұрландыру үшін, біреулерді сұрландыру үшін…

***
Бір адам өледі. Жанын алған періштеге айтады. – Өмір жолымды өзім көруіме бола ма? – деп. Періште тәй-тәй басқанынан ең соңғы иек қаққан сәтіне дейінгі жүріп өткен жолын көрсетеді.
– Неге екі із қатар жүріп отырған? Мен жалғыз едім ғой, – дейді. Әлгі періште: – Қасыңда мен келе жаттым, – дейді.
Адам – кейбір жерде жалғыз із бар. Біреуі қайда? – дейді.
Періште – Сен кейбір кезде маған ұстатпай қашып кеткенсің, – дейді.
Осы әпсана рас болса періштеден бізде бірдеңе сұрармыз-ау. Тек ылғи жалғыз ізге жолығып масқара боп жүрмесек…

***
Қазірде қай партияға мүше боларсың? Біреуі көкке қарайды, біреуі шөпке қарайды…

***
Гендерлік саясат дегенге түсінбей-ақ қойдым. Әйелге басы артық теңдік, билік неменеге керек? Олар қазірде қай іс, қай салада кенже қалып, қорлық көріп жүр?
Құдай оларға байды бақ, бала тап, отбасына ие бол деген жоқ па еді? Одан асқан мәртебе бар ма?

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support