- Advertisement -

Ғайнидың «Қарлығаштар мекені»

361

- Advertisement -

«Поэзия жалын атқан жас жігіттің отты көзі, ерен ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған, өмірдің уы мен балын бір-ақ рет сарқа сімірмек болған тойымсыз талабы» (В. Белинский) десе, адамзат жүрегін сол поэзияны жасаған ақынның лирикасы тербейді.

Жалған емес, жалтыр да емес сүйгенім,
Туған елді тұмар етіп түйгенім.
Өртенемін, лапылдаймын, жанамын,
Тәрік етіп өмірдің кең күйбеңін.
Дәл өзіңдей жанашыр жоқ, жақыным,
Сенен алдым дана дала ақылын.
Сағынғанда құшағыңа құлайды,
Балаңдай боп батырың да, ақының.
Ақын бойынан құдіретті табиғат-анадан тамған ерлік, асқақ рух байқалады. Нағыз ақынға керек нәр де, ыстық лирикаға керек айбын да осы емес пе! Себебі ол – өзі бәрін де қалайтын, өз қолындағысын елден аямайтын адам. Жаман адамнан жақсы ақын шықпайды. Шынайы ақын бойынан адалдық, азаматтық, асқақтық атты киелі қасиеттердің теуіп орын алуы заңдылық, ақын аталудың астарын ашып беру деген ұғым осы.
Поэзиясымен сырласа отырып, ақындық, азаматтық, адамдық келбетін танығымыз келіп отырған ақынымыз – бүгінгі бір шоғыр қазақтың ақын қыздарының ішіндегі бірегейі. Өзіндік орны, шыққан, шығар биігі, алар белестері бар жерлесіміз Ғайни Әлімбекқызы. Мен Ғайниды сонау 90-жылдардан бері шығармашылық жолы арқылы танимын. Облыстық телеарнада редактор болып қызмет атқарып жүрген кезі екен. Жастар арасында әдеби-танымдық хабар ұйымдастыру мақсатында біздің университеттің студенттерінен сұрыптау жүргізіп, нәтижесінде менің қызым Манзураны таңдап алыпты. Осы хабарға дайындық барысында Ғайнимен таныстым. Оның талапшылдығы, өз жұмысына деген жауапкершілігі, шығармашылық қарымы, ойлау, шешім шығарудағы жылдамдығы, жоқтан барды құрап кісі таңғаларлық әдемі көрініс жасай білу қабілеті мені өзіне тәнті етті. Келе-келе Ғайнидың поэзиясына малтып, еніп кеттім. Студенттермен өткізген шығармашылық кештеріндегі әдемі ой тастайтын тәлімдік, танымдық мәні жоғары әңгімелері, кез келген өлеңін жатқа айтатын, жалындата оқитын керемет қасиеттері жастарды өзіне еріксіз бағындырды. Жастар Ғайниді іздейтін болды, кітаптарын бірінен кейін бірі, қолдан қолға өткізіп оқитын болды. Осы кезеңде ақынымыз ретін тауып кітаптарын сатып жіберсе де болатын еді. Бұл кез оның апыл-тапыл басып, өмір, тұрмыс, тіршілік көшіне енді ілесіп келе жатқан кезі еді. Жас адамға бұл кезеңде бәрі де жетпей тұрады ғой. Бірақ ол олай істемеді, керісінше бірнеше кітаптарын студенттерге сыйға тартты. Бұл да ақынның өзіндік бір қыры, адал қасиеті деп таныдым. Содан бері Ғайни қыздың поэзиясымен студенттерімізбен бірге терең тыныстап келеміз.
Халықтың өксігі мен аңсарын, арманын бойына сіңірген тұлғалар болады. Олар өмір сүруінің өзімен де өмірге мағына береді. Сол қасиетімен қарапайым халықтың жандүниесін қозғайды. Олар халықтық сезімнің ордасы. Сондықтан да халық – ақынына, ақыны халқына еркелейді, еркелетеді, еркінсітеді. Сондықтан да халық пен суреткер тұлғасы тұтасып, ақыры екеуі де мәңгілік өлеңге айналып кетеді. Ғайни ақынды мына өлеңдерінен кейін қалайша осындай тұлға демейсіз.
Жанымды менің түсінген,
Сабама әркез түсірген.
Халықтан асқан жақын жоқ,
Ұлық та болса кішірген.
Жасымды сүртіп құрғатқан,
Анамдай қамқор үн қатқан.
Халықтың дара жүрегі,
Ақын қып мені жырлатқан.
Өзіңмен таңым атады,
Қасірет шексең батады.
Төбең көкке жетсе де,
Халықтан алғын батаны.
Ақынның табиғи болмысы халқымен тікелей матасқан. Немесе:
Тарихта алашымның жақсысын жар асырдың,
Ойласам ел ертеңін теңіздей аласұрдым,

Ғашықпын елге, Тараздан бір сәт кетпеймін,
Париж тұр күтіп, десе де дайын ұшағы,

Еркелеген Таластан толқып тұрып,
Сүйемін қазақ жерін, адамдарын, – деген түйіндеулер бір оқығаннан-ақ есте қалады. Өлең жолдарының төгілмелілігі, ашықтығы мына дарқан ғаламшарға, туған жерге ғашықтығы көз тартады, көңіл жайлауын жарқыратады.
Ақын жырлары жылдар өткен сайын қуаттанып, аясын кеңейткен арынды өзен сияқты толысып, биіктеп келеді. Соның айқын айғағындай 1994 жылы «Жалын» баспасынан шыққан республика ақындарының «Қарлығаш» жыр жинағына енген өлеңдерінен кейін «Жүрегімдесіңдер менің», «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды бозінген», «Жыр-айна» атты жыр кітаптары оқырмандарына жол тартты. Жарық көрген жаңа жинақтары туралы жылы пікірлер баспасөз беттерінде жарық көріп, Ғайни ақынның сөздеріне жазылған әндер «Азия дауысы», «Жас қанат» халықаралық байқауларының лауреаты атанды. Суреткердің тағы бір үлкен байлығы – өлеңдері көкірегіне үзім-үзім үн тастағандай әнге сұранып тұрады. Ол әнге сұранған туындыларын алыстағы композиторларға тоспады, Тараздағы белгілі композитор Дүйсенәлі Дыбысәліұлымен, оның ізін басқан жас сазгерлермен бірлесіп, ел сүйсінер әндердің дүниеге келуіне себепкер болды. Бұл еңбектері нәтижесіз де болмады.
Бүгін біздің қолымызға қалам алдырып отырған ақынның «Қарлығаштар мекені» атты жаңа жыр жинағы. Алдыңғы жинақтар ақынның ішкі лирикалық сезімдерінің жиынтығы іспеттес атаулармен аталса, бұл жинақтың аталуы тіпті ерекше. Ақын өзі:
Бейбіт күнді көксеген,
Құйтақандай құсым-ау.
Бақыт көрем тек сенен,
Қонса болды ұшырмау, – деп сезімнен де асып кеткен ұлы тілек – елге бейбітшілік, бақыт тілей отырып, әр отандастарында қарлығаштың мекеніндей жылы мекен болғанын қалайтынын жүрек сөзімен жеткізеді. 1994 жылы жарық көрген алғашқы «Қарлығаш» жыр жинағы биыл ақынның сан қилы сезімдерінен туған оқырмандарымен ағынан жарыла сырласқан, ойы толысып, санасы сараланған өлең жолдарымен толыса «Қарлығаштар мекені» болып жыр сүйер қауымымен қауышты.
Әлемді сұлулық қана құтқара алады. Сол сұлулықты жан-тәнімен сезіне білген қалам иесі ғана сұлу табиғатқа, шынайы достыққа, биік адамгершілікке, өмірдің санқилы жолдарына жан бітіре, жырлай алады. Жинақтағы «Ән қарлығаш», «Өмірдің алда жазы мың», «Өмір-ай», «Арман көп менде», «Бір жылылық», «Онымен бірге тамырың», «Мен қазақпын», «Қазақ үшін құны жоқтар», «Қашан біз өзгереміз», тағы басқа өлеңдеріндегі өрнекті жолдарды, ғажайып ойларды теріп жатпадық, оқырмандардың өзі қауышып, танысып жатса рухани ләззатқа бөленері сөзсіз деп ойладым.
Ғайни ақынның жаңа жинағында бұрынғы кітаптарындағыдай өлеңге деген ұқыптылығы және жинақылығы, айтар сөзін орынды пайдаланып, артық кетпеуге, кемшін түспеуге қалыптасқаны, айқын көрініп тұр. Бір ғажабы ақынның өлеңдерінде отардан қалып қойған қозыдай адасып жүрген артық сөз жоқ. Көкейдегі көркем ойды айтарға келгенде кем түсер жері де кездеспейді. Тағы да бір айтарым, қайтсем көзге түсемін деп оқырманға түсініксіз содыр, сөзді де қоспайды. Өзіне деген талабы күшті. Өлең шумақтары да созылыңқы емес, жинақы, нақты. Абай хакімнің өлеңге қойған талабын бұлжытпай орындаған саналы шәкірт тәрізді.
Ұйқас – өлең жазудың алғы шарты. Бірақ нағыз өлең ұйқаспен ғана жазылмайды ғой. Біріне-бірін үйлестіріп, тігісін жатқызатын болсақ, жадағай мақалада айтылатын ойды өлең етіп, баяндап беруге болады. Сөз деген бояу, сөзбен салған сурет нық, ойлы, мағыналы болса суреттің құнды болатыны сөзсіз:
Тынысым тарылып,
Басым тұр жарылып.
Бітпейтін ойлардан.
Кеткенім сарылып.
Билікке тамсанып,
Мен дейді, жар салып,
Халыққа тигізер,
Пайдасы қаншалық.
Неткен ұйқас, неткен ой. Сезімтал, сыршыл ақынның тілі де жатық, өлең формаларында, ұйқас түрлерінде қарадүрсін бірқалыптылық жоқ, оқушыны жалықтырмайтындай әртүрлі қалыпта өзгеріп отырады. Өлеңдері түр жағынан ғана емес мағына, ішкі сыры жағынан да сан қилы болып санаңа жеңіл ұялайды. Олардың ішінде ойшыл, сыршыл философияға негізделгендері де жетерлік. Қысқа сөйлеп, нұсқа тастар шешімділігі де өлеңдерін өрге бастырып, күш беріп тұр.
Өлең қайда, мен қайда, жаратқаным,
Сансыз шүкір, разымын талатпадың.
Көкжиектен көрініп өлең келед,
Көтеріліп барады қанаттарым, – деп жырлаған ақын өзінің ақындық шабытына шексіз сенеді, адал пейілін, ақ жүрегін айқара ашып, мына тіршіліктегі жақсылық пен жамандықты, адалдық пен пендешілікті, достық пен сатқындықты, парақорлық, жемқорлық пен адалдықты қатар қоя жырлайды. Сөйте отырып өз тағдырынан өткен бар қиыншылықты артқа серпе тастап, өмірге шексіз ғашық екенін: «Көзімді ашып сәбидей, Өмірді қайта таныппын», – деп ашық айта сездіреді. «Мен Таразды бар ынта-жігеріммен шексіз сүйемін, соған қарамай қоғамдағы ластыққа сондай жігермен протест жасаймын». Бұл ақынның өз аузынан ағынан жарыла айтқан сөздері.
Ақылды кейіп жасайды,
Түгімен түйе асайды,
Турасын айтса жақтырмай,
Айдап сап елді қашайды.
Бұл бүгінгі қоғамдағы бәріміз куә болып жүрген өмірдің шындығы, түзете алмай жүрген келеңсіз жайттар. Ол ақын қаламынан жанын тербеген шынайы өрілген өлең жолдары болып шықты. «Ғарыштан келген қыз» деген өлеңінде ақын түгелдей өзінің ішкі жандүниесінің, сезімінің, Жаратқанның берген болмысының автопортретін жасағандай. «Айдың қызы» атанған ғарыштағы қыздың құдіреттің күшімен жерге оралып:
Неге ғана түстім екен былыққа,
Жүріп едім таза мөлдір тұнықта.
Жалпақтауды, жалтақтауды білмеген,
Айдың қызын жердегілер ұғып па?!
Тыңдауменен жүректегі әуенді,
Ешкімге де болған емес тәуелді.
Көк аспаннан, ғарыш жақтан келген қыз,
Адалдыққа шақырады бар елді, –
деп жар салуы ақынның ішкі сезімінің шексіз тазалығын көрсетеді.
Адал ниет, адал тілек адамзат баласын имандылыққа, шындыққа баулитын құндылық. Осы құндылықтың бояуы солғындаған жерде жалғандық, жалтақтық, жалақорлық, менменділік, көрсеқызарлық секілді өмірге жат қылықтар бой көтеріп, адам рухын жегідей жейтін дертке айналары хақ. Бұл дертке шалдыққан пенде өзге түгіл өз қара басына пайдалы, өнегелі іс бітіре алмайды. Бұл шындық. Біз әңгіме етіп отырған Ғайни қызымыз жақсылықты бойына жиған сыршыл, сыншыл ақын, елім деп еміреніп, жұртым деп жұтынып тұрған қара өлеңнің қас батыры, тағдырлы, ақжарма ақын. Табиғаты бұзылмаған, иманы кәміл азамат ақын. Осы күнге дейін біреуді ағалап, біреуді жағалап дүниеқоңызға бойын алдырып, атақ, даңқ, тақ, мансап деген мәртебеге басын ауыртпады. Адал еңбегімен тапқан тиын-тебеніне өзін қадірлеген, құрметтеген халқының ортасында рахаттана шынайы, таза адами өмір сүріп келеді. Түрлі баспалардан кітаптарын да шығарып үлгеріп жатыр. Сол кітаптарын көрінгеннің қалтасына салып, мадақ-мақтау дәметпеді.
Басқалардай жүрмедім, санап басып аяқты.
Содан болар өмірден, көп жедім-ау таяқты.
Басқалардай күлмедім, біреу құлап жатқанда,
Қара бастың қамын жеп, бірін-бірі сатқанда, – деп өлеңдетіп ғұмыр кешіп келеді. Ақын өз тағдырына, осы тіршілігіне дән риза. Алланың, халқының берген сый-сияпатын, шапағат-мейірін, бақыт-несібесін азсынбайды. Әр сөзінде шүкіршілік етіп, түнді-түнге, күнді-күнге жалғап, ақ қағаздың бетіне өлеңмен сурет салады. Шабыт періштесіне ерік береді.
Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың Ғайни поэзиясы туралы тебіренте айтқан мына сөзі бір балладасы арқылы поэзияның халық тағдырымен тағдырлас екенін көрсетіп, бүкіл поэзиясына берген жоғары бағасы деп айтуға болады. «Ғайнидың «Ыстық күлшесін» оқығанда Украин халқының «Ана туралы балладасы» есіме түсіп, тебіреніп, толқыдым! Табиғаттың көркемдігімен адамдардың даналығын үйлестіре көрсете білетін көркем сөз иесі, үлкен жазушы». Ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Зайда Елғондинова: «Ғайни ер көңілді, ерке мінезді ақын. Аузын ашса, жүрегі көрінеді. Өмірге ақындық көңілмен қарайды. Ғайнидың өз құрбыластарынан ерекшелігі де сол. Оның жырының өн бойынан Махамбетке тән күрескерлік сарынмен қатар, Қобыландының Құртқасына тән нәзіктік пен шынайылық сезіледі. Ендеше қазақ поэзиясына өзгеге ұқсамайтын, өзгеше қолтаңбасы бар ақын келді деп ойлаймын». Немесе ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері Жәркен Бөдештің: «Мен Ғайни Әлімбекқызының топтамасын толық оқып шықтым. Әлдеқашан ақын болып қалыптасқан, әлдеқашан өлеңге айналған тараздық ақынға таңғалдым. Ақын екен, ақын болғанда да Жаратқанның өзі берген талантты өзге қайдам өзі де түсінбей жүргендей сезіндім». Ақынның жаңа кітабымен танысқаннан кейін өлеңнің, қара сөздің майын ішкен жоғарыдағы майталмандардың пікіріне қосылып, еріксіз бас шұлғисыз. Бұған қоса Ғайнидың бір әріптесінің бұдан бір-екі жыл бұрын: «Өмірде сыр да, мұң да, түрлі қылықтар да, бұлтарыстар мен қалтарыстар, тазалық пен ластықтар бар ғой. Біздің ортамызда осылардың біреуіне бой алдырмай, барлық жағынан өзгермей жүрген бір ақын бар – ол Ғайни» дегені дәл қазір ойыма оралып, құлағыма сыбырлап тұр. Осыдан артық бір адамзат үшін, жасандылығы жоқ поэзиясымен оқырмандарының жанын емдеп жүрген ақын үшін бақыт бар ма! Тіршілікте сатып алуға болатын заттар көп, бірақ халықтың шынайы ықыласын сатып ала алмайсың. Өзінің шәкіртіндей болған әріптес інісі Жасұланның ықыласпен жазған мына өлең жолдары ақынның бүкіл болмысын ашып тұрғандай:
Тасжүрек тағдыр соқса да сойыл тасадан,
Көз жаспен жудың көңілдің күйін босаған.
Еркіндік аңсап, еркекпен бірдей белдескен,
Сен едің, Әпке, өлеңмен өмір жасаған.
Риясыз шындық !
Ғайни Әлімбекқызы құстың қос қанатындай өлең мен журналистиканы қатар алып жүрген қайраткер. 30 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық телеарнасында 30 жылға жуық жемісті еңбек етті, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Тыңдарманның жанын тербейтін сазды, әуенді үні облыс жұртшылығының аузында, құлағында жүрді. Бүгінге дейін 500-ден аса кейіпкерді халыққа таныстырды. Ғайни жасаған «Айна», «Айша бибі», «Өмір-өткел», «Тараз төрінде», «Жомарт жүрек», «Ғұмырнама» хабарлары телеарнаның алтын қорында сақтаулы. Облыстан шыққан белгілі қайраткерлер, тұлғалар жайында жасалған деректі фильмдердің редакторы болды. Олар: «Ел кемеңгері – Төле би», «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Тұлпардың ізі», «Шындықтың жебесі» атты хабарлар. Бұдан басқа облыс, республика көлеміндегі танымал тұлғалар туралы жасалған хабарлар бүгінгі таңда дайын дүниелер болып, қажетті хабарларда пайдаланылып, ел игілігіне жарап жатыр.
Халықтың құрметімен қатар адал еңбегі еленіп, мемлекеттің құрметіне де бөленгенін айтпауға болмас. «Қанатты әйел» республикалық байқауының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның ақпарат саласының, ҚР Мәдениет саласының үздігі. Қазақ ақын-жазушыларының арасында тұңғыш Б.Момышұлы атындағы «Намыс» орденін алған ақын-журналист. Т.Айбергенов атындағы және Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін медальдарымен марапатталған. 2019 жылы Журналистерге тағайындалатын «Күміс жаршы» төсбелгісінің иегері. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың алғысөзімен «100 қайраткер әйел» энциклопедиясына енді.
Ақынның журналистік қызметте өмірдің өзін көріп, шындықтың көзін ашып үйренгендігі ақындығына қос атты парлап жеккендей үлкен сеп болды. Көзбен көріп, қолмен жасап жүрген қасиетті тірлікті аралай жүріп, жас ақын қаламын берік ұштады. Өмірді аралап жүріп, көргенін саралай біліп, ізі суымастай өлең, толғау, арнаулар мен балладаларын туған еліне тарту етті.
Жақсы да, жаман да қасиеттер балаға ата-анадан, ұшқан ұядан дариды ғой деймін. Осы орайда ақын қызымыздың шыққан тегіне тоқталмасқа болмас.
Ақын болып дүйім елге танылсам,
Әже, сенің көп үлесің бар мұнда.
Немесе:
Кітап оқып беретұғын сағаттап,
Абай менен Шәкәрімді парақтап.
Бауырларым отыратын тізіліп,
Қарлығаштай қатар-қатар қонақтап,–деп әжесі, анасы туралы жазған жырлары көп нәрсені аңғартады. Адал, талапшыл әкесі Әлімбек музыканы жанындай сүйетін, домбырада шебер ойнайтын, асқақтата ән салатын өнерлі кісі болған екен. Ал анасы Нағима дарынды жазушы Оралхан Бөкеевтің туған ауылында дүниеге келіп, сол ауамен тыныстап, сұлу табиғатынан нәр алып өсіпті. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан офицердің қызы, поэзияны жанындай жақсы көретін, Абай, Шәкәрім өлеңдерін балаларына жатқа оқып беретін көзі қарақты кісі болыпты. Жанының сондай нәзіктігіне қарамай еңбекте екпінді болып, облысқа, республикаға еңбегімен танылған, облыстық кеңестің депутаты, облыстық партия ұйымының бюро мүшесі, съезд делегаты болып, бірнеше рет Д.А.Қонаевтың қабылдауында болыпты. Мемлекеттік наградалары да аз емес.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей екі тәрбиешісінің жақсы қасиеттерін бойына жиған ақын қызымыз бүгінде үні немерелерінің шат күлкісімен нұрланып тұрған отбасының аяулы анасы, ақын. Үлкен ұлы мен қызы мемлекеттік қызметте. Кенже ұлы – Жалғас Алматыда Халықаралық журналистика факультетінің 3-курсында оқиды. Болашақ журналистің бүгінгі жеткен жетісіктері де аз емес. Ғайнидың жылы, тәлімді ұясында тәрбиеленіп жатқан балапанының болашақта еліне адал қызмет ететін талантты қанаты қатайған қарлығаш болып ұшатынына шүбәміз жоқ.
Түйіндей айтқанда, оқырмандарға кеңінен танымал тележурналистің, ақынның кезекті жаңа жыр жинағы оның жаңа бір биік белеске көтерілгенін байқатады. Жырларындағы сыршылдық, мазмұн тереңдігі өзі шексіз сүйетін Таразының терең тарихымен, сұлу табиғатымен, құдіретті қасиетімен астасып жатқандай. Поэзиясының әдеби, көркемдік жағынан бүгінгі сараланып айтылып жатқан пікірлер келешекте ғылыми тұжырымдармен астасып, талай ғылыми еңбектер мен диссертациялар қорғалары сөзсіз. Өзінен кейінгі ақындарын демеп отырар Ғайнидың балдай тәтті кәусар жырлары асқақтаған әнге айналып, туған халқына үздіксіз қызмет ете берер. Бұл «Қарлығаштар мекені» – Ғайнидың мекені, өзінің өлеңге, адамға деген, ұстанымына, кісілігіне, туған жерін, елін сүйетін мейіріміне деген адалдығы.

Сейсегүл Исматова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті»
кафедрасының құрметті профессоры, ф.ғ.к.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support