Өз сауда белгісімен мақсары майын өндіруде

32

Мақсарыдан алынатын өнім – асқатық май. Бағасы да анау айтқандай қымбат емес. Мақта майына қарағанда арзандау. Бұл дақыл бірқатар аудандарда өсірілуде. Тіпті құнарсыз деген жердің өзінде де мақсары жақсы өнім береді.

Шет мемлекеттерде қымбат бағаланатын мақсары майы өзімізде көпке дейін қолданылмай келді. Халық оның пайдасын жете түсінгеннен кейін ғана, нарықта сұраныс арта бастады. Бүгінде жеке кәсіпкер Гульчахра Исмаилова ширек ғасырдан бері аудан орталығында мақсары дәнінен экологиялық таза май шығарумен айналысып келеді. Бастапқыда үйінде шаруа қожалықтарынан аз көлемде мақсары дәнін қабылдап, одан май өндіріп жүрді. Шағын ғана цехта өндірілген өнімін күнделікті орталық базардағы сауда нүктесіне апарып өткеретін.
– Алғашында жұртшылық біздің шығарған өнімге тосырқай қарады. Сөйтсек, мұнымыз ерекше қасиетке ие өсімдіктің пайдасын жете білмегендіктен екен. Кейіннен мақсары майының экологиялық таза, құнарлы екенін түсінгеннен кейін ғана оны тұтынушылар қатары артты. Біртіндеп өндіріс алаңын кеңейтіп, сапалы май шығару қажеттігі туындады. Іздене жүріп жұбайым Рустам екеуміз Қытайдан құрал-жабдығын сатып әкеліп, жаңа қонысымызға орнатып, цех жұмысын қайта жандандырдық. Шикізат болса, өндіріс те жақсы жұмыс істейді. Соңғы жылдардағы құрғақшылық біздің өндірісімізге де өз салқынын тигізбей қоймады. Бірақ одан да жол тауып шығып келеміз. Оның үстіне қазір азық-түлік бағасы да қымбаттап кетті. Бұған дейін майдың литрін 600 теңгеден тұрақты ұстап келдік. Ал енді бұл бағада ұстап тұруға мүмкіндік жоқ. Бағаны біршама көтеруге тура келді. Қазір литрін 800 теңгеден шығарып жатырмыз. Тұрақты алатын тұтынушыларымыз бар. Алматыдан, басқа қалалардан арнайы тапсырыстар түседі, – дейді жеке кәсіпкер.
Цех жұмысын жүргізуге жұбайы Рустам мен ұлы Сухраб көмектесуде. Гульчахра мақсары майының сапасы күнбағыс пен мақта майынан бірде кем түспейтініне сенімді. Дақылдың дәні дәстүрлі медицинада да кеңінен қолданылады. Мақсары гүлінен қайнатылған шәй бүйректі тазартады, қанды сұйылтады, қан қысымын төмендетеді. Дәрігерлер оны ағзадағы ас қорыту кезіндегі бұзылыстарға және басқа да аурулар кезінде қолдануға кеңес береді.
– Мақсары дәні қалдықсыз өнім болып есептеледі. Шикізат өткізген шаруа қожалықтар өз қалауына қарай, кейде майын алып, жомын қалдырып кетіп жатады. Ал жом дегеніңіз малға қажетті нағыз азық түрі. Майы алынғаннан кейін де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, мақсарының майынан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындалса, Түркияда түрлі сабындар шығарады, – деді ол.
Жеке кәсіпкер жыл бойына май өндірумен шектелмей, алдағы уақытта егістік алқаптарына майлы дақылдар себуді де көздеп отыр. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер нарықтық экономикаға бейімделе отырып, майды мемлекеттік стандартқа сәйкес келетіндей, өзінің сауда маркісімен құтыға құйып шығаруда.

Абылайхан СӘРСЕН,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.