- Advertisement -

Көтерме-тауар орталықтары салынуда

65

- Advertisement -

Биыл облыс диқандары мол өнімге қол жеткізді. Науқан кезінде облыс бойынша 378,2 мың гектар алқаптан дәнді масақты дақылдар орылып, қамбаға 465,9 мың тонна дән бастырылды. Сонымен қатар 269,6 мың тонна картоп, 483,3 мың тонна бақша дақылдары, 1 762,0 мың тонна көкөніс, 129,4 мың тонна дәндік жүгері, 42,2 мың тонна майлы дақыл жиналған. Жиын-терін әлі де жалғасуда. Барлық көрсеткіштерде өткен жылмен салыстырғанда өсім бар.

Облыс бойынша қолданыстағы 236 қойманың сыйымдылығы 255 954 тоннаны құрайды. Биыл жалпы сыйымдылығы 13 мың тоннаны құрайтын 3 қойма іске қосылса, 74,5 мың тонна өнімді сақтауға қауқарлы 5 қойманың құрылысы жүзеге асуда. Сондай-ақ 3 көтерме-сауда орталығының құрылысы жүргізілуде.
Жалпы облыста 2 миллион тоннаға жуық негізгі және сұранысы жоғары жеміс-көкөніс өнімдері өндіріледі. Өнімдердің өндіріс көлемдері облыстың ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді. Маусымаралық кезеңге қажет ететін көкөніс өнім көлемін өңірдегі қоймаларда сақтауға толық мүмкіншілік бар.
Ауыл шаруашылығы өнімдері қоймаларға қыркүйек-желтоқсан айларында қойылады. Қазіргі таңда 1 миллион 586,3 мың тонна картоп, сәбіз бен пияз жиналған. Бұл өнімдердің 913,3 мың тоннасы сатылып кеткен. 106,8 мың тоннасы 168 қоймаға қойылған. Қоймада картоптың – 9830, сәбіздің – 4650, пияздың 86180 тонна және басқа да сұраныстағы көкөніс пен жемістің 8555 тонна қоры жинақталған.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Тәжібековті сөзге тартқан едік.
– Темір жол тұйығы бар «Ауыл-Береке» базары маңындағы «Тараз» көтерме-тарату орталығынан сыйымдылығы 55 мың тоннаны құрайтын қойма салу үшін 5 гектар жер телімі бөлінген болатын. Жоба құны 450 миллион теңге. Бірінші кезеңде, 2000 шаршы метрді құрайтын 7 камералық қойма салынды. Қазіргі таңда, «Тараз» көтерме-тарату орталығының 5 мың тонналық көкөніс қоймасы жұмыс істеп тұр. 1000 тонна картоп сақтау үшін диқандармен келісімшарт жасалуда, – дейді ол.
Бұдан бөлек, осы сияқты Байзақ ауданында «Жамбыл» көтерме-тарату орталығы салынуда. Көтерме-тарату орталығында темір жол тұйығы, кіші трансформатор стансасы (100 кВт), мұздатқыш қоймалар, әкімшілік және асхана, технологиялық (ветеринариялық, санитариялық және фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру бөлмелері) ғимараттары бар және қажетті инфрақұрылымы тартылған. Сонымен қатар крос-докинг ғимараты салынып, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Көкөніс сақтау қоймасына құрал-жабдықтар алу үшін 135 миллион теңге «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы беріліпті.
Тағы бір атап өтерлігі, Шу ауданы Бірлікүстем ауылдық округі Бірлікүстем-Қонаев тасжолы бойынан жеке кәсіпкер О.Барлыбаев өз қаражатынан 30 мың тонналық көтерме-тарату орталығының құрылысын жүргізуде. Кәсіпкер оны 2022 жылы іске қоспақ ниетте.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support