- Advertisement -

Тұрақтылық табысқа бастайды

94

- Advertisement -

Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, Қазақстанға келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды. Осы кең байтақ жерді мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастықта жарасымды тіршілік кешіп келеді. Тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап, қазақ халқын қонақжайлылығы мен бауырмалдылығы үшін бағалайды. Президент кезекті Жолдауында «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» екендігін тағы бір мәрте еске салды. Шыныменен, тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына ұлттар арасындағы достықтың маңызы зор. Заманның аласапыран кезінде ұлан-байтақ жерімізге келіп қоныстанған түрлі ұлт өкілдері бүгінде халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отыр.

Қарт Қаратаудың қойнауында жатқан Талас ауданындағы халықтың саны бүгінде 54700-ден асты десек, оның 87,6 пайызын қазақтар құрайды. Сондай-ақ ауданда 3388 орыс, 2315 күрді, 239 қырғыз, 176 татар, 135 кәріс, 128 неміс, 83 өзбек, 80 грек, 76 украин ұлтының өкілдері тұрып жатыр. Бұған қоса түрік, дүнген, ұйғыр, шешен, беларусь сияқты өзге ұлт өкілдері де таластықтармен бірге тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында: «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп атай келе, «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз…» деді. Осы ретте көпұлтты елімізде этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге, халықтың бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді дамыту, оны халық арасында насихаттау үшін этномәдени бірлестіктердің жұмысы маңызды екені сөзсіз. Сондықтан да республикада Қазақстан этностарының мәдениеті, тілі, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Елімізде әлемдік қауымдастықтың жоғары бағасын алып отырған этносаралық келісімнің өзіндік моделі орнықты. Біздегі әрбір этно-мәдени бірлестіктің емін-еркін жұмыс істеп, ойлаған игі бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау зор. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, этностардың өзара қарым-қатынасы, мәдениеті бір-бірімен тату-тәтті тұруына, тиімді байланыстар орнатуына ықпал етіп, достық пен рухани жақындығына ұласып отыр. Еліміз аумағында жұмыс істеп жатқан этномәдени бірлестіктер этностардың тарихын, ана тілін, ауызша және жазба әдебиетін, ұлттық өнерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сақтау мен дамыту жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінде ауданда барлығы 4 этномәдени орталығы жұмыс істейді. 2008 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан, Татьяна Русаловская жетекшілік ететін «Славян» этномәдени орталығының 3100 мүшесі бар. Ал құрылғанына ширек ғасыр болған «Неміс» этномәдени орталығына Валерий Рихтер жетекшілік етіп келеді. 2007 жылдан бері 30 мүшесі бар кәріс этномәдени орталығы да жұмысын жүйелі жүргізіп отыр.
Ауданда 2018 жылдан бері күрді этномәдени орталығы жұмысын бастап, оған Хамза Мустафаев жетекшілік етеді. Олар орналасқан Қасқабұлақ ауылының бүгінде 1160 тұрғыны болса, түгелге жуығы сонау 1937 жылы келіп қоныстанғанда қазақтар «бөтен ұлт, жат жұрт» деп жатсынбай құшағын жайып қарсы алған күрділерден тұрады. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын бұл ауылдағылардың әлеуметтік жағдайлары жақсы, мемлекеттен әлеуметтік көмек алатындар жоқ. Жұмыссыздар да жоқтың қасы. Ауылда тұрмыстық мәселелердің барлығы өз ішінде, ақсақалдардың араласуымен шешіледі. Жалпы Қасқабұлақты ел үлгілі ауыл ретінде таниды. Олар өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауына қатысып, өздерінің жетістіктерін паш еткен болатын. Жалпы бұл елді мекенде экономикалық, әлеуметтік-мәдени және этностық ұйысу деңгейі тұрақты. Ауылда бір мектеп, медпункт, ауыл клубы және кітапхана жұмыс істейді. Былтыр жұмыс сапарымен Қасқабұлаққа келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл мектебінен қазақ сыныбын ашу туралы тапсырма берген болатын. Соның негізінде өткен оқу жылынан бері балалар бастауыш сыныпта мемлекеттік тілде білім алуда. Үйірмелер ашылып, қазақтың қолөнер құндылықтарымен таныстырып, баулу қолға алынған. Сондай-ақ мектепішілік және аудандық іс-шараларға қатысып, мемлекеттік тілдің мерейін арттыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылуда. «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту», «Мәңгілік ел идеясын ілгерілету», «Этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты нығайту» сияқты тақырыптарда іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жалпы айтқанда, этносаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде аудандағы күрді этномәдени орталығы тиімді жұмыс жүргізуде.
Жалпы, этномәдени орталықтар ауданда өтетін түрлі іс-шаралардан тыс қалмай, өздерінің белсенділіктерін көрсетіп отырады. Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында, «Әлем таныған Қазақстан» атты библиогид кеші өтті. Іс-шараның мақсаты Тәуелсіздік, тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім секілді құндылықтар аясында мемлекеттілікті, Қазақстан халқының бірлігін нығайту мен қоғамды біріктіру, Отанға, өткен тарихымызға деген құрмет пен қызығушылық, сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу, азаматтық жауапкершілік, мемлекет алдындағы азаматтық парыз, Отан үшін қызмет етуге дайын болу сынды сезімдерді қалыптастыру болды. Кештің қонағы болған «Неміс» этномәдени орталығының жетекшісі Валерий Рихтер тақырып төңірегінде әңгіме қозғап, халықтар достығы жайлы келелі пікірімен бөлісті. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен кітапханада арнайы көрме ұйымдастырылды. Кеш барысында Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әншісі Зәуре Сатыбалдиева «Бұлқынды жүрек», Баубек Айдарбеков «Туған жер», «Жаса, қазақ!» атты әндерін шырқаса, «Гүлдер-ай» би тобы қазақ және өзбек биін билеп, кештің көрігін қыздырды. Сәуір айында аудандық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы мен «Жасұлан» ұйымы бірлесе отырып, аудандық тарихи-өлкетану музейінде өзге ұлт өкілдерінің студенттеріне аудан аумағынан табылған құнды жәдігерлерді көрсету мақсатында «Бірлік – татулықтың тал бесігі» тақырыбында бір күндік экскурсия ұйымдастырылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай спортшы өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Ұлттар достығы – басты байлығымыз» атты Street Workout-тан аудан жастары арасында жарыс өтті.
Жалпы айтқанда, ауданда тұратын әртүрлі этнос өкілдерінің бүгінде мемлекеттік құрылыс, елдің әлеуметтік-мәдени даму процесіне қатысу деңгейі тұрақты болып отыр. Бұл ретте, әрине, этносаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі этномәдени орталықтарының жүйелі жұмыстарының ықпалы зор екені сөзсіз.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support